АЙДАР ӘБУОВ, МӘДЕНИЕТТЕР МЕН ДІНДЕРДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫ: ИСЛАМ ДIНI ЕШҚАШАН ҒЫЛЫМҒА ҚАРСЫ БОЛМАҒАН

– Айдар Парқұлұлы, алдымен өзі­­ңіз басқарып отырған Дін істері және аза­маттық қоғам министрлігіне қа­расты Мәдениеттер мен діндердің халықара­лық орталығы атқаратын жұ­мыстармен оқырмандарды та­ныстыра кетсеңіз. Орталық қашан, қандай мақсатта құ­рылды, қандай халықаралық ұйым­дармен байланыс жасайды?
– Орталық 2008 жылдан бастап қыз­мет етіп келеді. Осы он жылдың ішінде біраз жұмыс атқарылды. Орта­лықтың құрылуына Елбасының өзі мұ­рындық болды. Бұл туралы 2006 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шылары­ның II cъезінде мәлімдеген бо­латын. Алғаш­қыда әлемнің 35 елімен байла­ны­сын бастаған орталық бүгін­де 88 елмен қарым-қатынас жасайды. Негізгі бағы­тымыз – халықаралық деңгейдегі діни ахуалды зерттеу, әлем­дік деңгейдегі жинақталған тәжірибе мен ең өзекті мәселеге байланысты елімізде насихат, түсіндіру жұмысын жүргізу. Біздің ме­кемеде әлеуметта­ну­шы, саясаттанушы, дінтанушылар қызмет етеді. Олар әлем­дік деңгейдегі өркениетті зерттей оты­рып, дінмен байланысты жағдайдың барлығына сараптама жасайды, нақты шешім қабылдайды. Сараптама нәти­жесінде, алынған тәжірибе еліміздің таным-түсінігімен салыстырылып оты­рады. Мысалы, қажылық сапарды ұйым­дас­тыруға, қайтқан адамды ақтық са­парға шығарып салуға байланысты көп­­теген мұсылман елдердің тәжіри­бе­лерін са­раптадық. Сондай-ақ дәстүрлі емес діндер өкілдерімен қандай шаруа атқа­рылып жатқандығын талқылап оты­ра­мыз. Әлемде қай жерде, не жасалып жат­қанына 24 сағат бойы мониторинг жасалады. Радикализм, терроризм, уаха­бизм, салафизм сияқты өзекті мәсе­ле­лерге тереңдетілген зерттеулер жүргі­земіз. Зерттеу том-том болып, моно­графия ретінде жариялану үшін емес, қыс­қамерзімдік болжам үшін жасалады.
Соңғы кезде көптеген халықара­лық ұйымдар түрлі мәдени және діни мә­селелер бойынша байланыс жасауға қызығушылық танытып отыр. Мысалы, Әлемдік ислам лигасы (Сауд Ара­биясы Королдігі), Қасиетті Эджидио қауым­дастығы (Италия), Азия үйі (Испания), Тони Блэр қоры (Ұлыбри­та­ния), «Кор­до­ба бастамасы» ұйымы (АҚШ), сонымен қатар ТМД Дінара­лық кеңесі, «Діндер бейбітшілік үшін» конференциясы, Венадағы Сауд Ара­биясының королі Абдалла атындағы Дінаралық және мә­дениетаралық пі­кірлесу халықаралық орталығы, Әлем­дік шіркеулер кеңесі, Дохадағы Дінаралық пікірлесу бойынша халықаралық орталық сияқты беделді халықаралық ұйымдарды атап айтуға болады. Өз тарапымыздан да көптеген елдермен түрлі деңгейде байланыстар орнатудамыз. Түркия, Ватикан және көршілес елдермен өте тығыз қарым-қа­тынаста іс-шаралар атқарылып жатыр.
– Астанада келесі жылы күзде дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI cъезі өтпекші. Мұнда қандай мәсе­лелер талқыланады?
– Әлемде әртүрлі саяси, экономи­ка­лық және мәдени-әлеуметтік тақырып­тарды қамтитын форумдар жиі ұйым­дастырылады. Бұл басқосуда дін жа­ғын­дағы мәселелер қаралады. Әңгіме «діннің қазіргі жағдайы қалай болуы керек, қай тұста ақсап, қай жерде кем­шілік жіберіп отырмыз, діни қақты­ғыстарды тоқтату бағытында қандай қа­дамдар жасау қажет?» деген сұрақтар төңірегінде болады. Әлемдік деңгейдегі діни қайраткерлер жиналады, олар өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салады. Сол себепті, әр үш жыл сайын елімізде дәс­түрлі діндер көшбасшыларының cъезі өтіп тұрады. Ол – тек кездесу ғана емес, әлемдегі ең маңызды деген діни мәселелерді талқыға салып, соларды күн тәртібіне шығарады. Байқап қараса­ңыз, осы съезге қатысқысы келетін елдер­дің саны жылдан-жылға артып келеді. Астанада өтетін жиынға дайындық жоғары деңгейде жүргізілуде. Оған қа­тысатын мемлекеттер мен әр елден ке­летін делегаттар анықталып жатыр. Сонымен қатар күн тәртібіне енгізіле­тін ұсыныстар әлі де қабылдануда. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – экстремизм, терроризмнің алдын алу, жаһандану дәуіріндегі елдердің бет-бейнесі, ұс­та­натын жолы, әлемдік қауіп-қатермен күрес. V съезде әлемдік деңгейдегі бей­бітшілік және келісімге қосқан үлесін ескеріп, көшбасшы қайраткерлерге арнайы марапат тағайындау жөнінде келісімге келген болатынбыз. Ол сыйлық әлемдік деңгейдегі ең белсенді қызмет еткен тұлғаға табысталады. Бұл дін са­ласындағы жоғары дәрежедегі атақ болмақ.
– Орталық халықаралық деңгейдегі діни ахуалды зерттеп, әлемдік тәжі­рибені елімізде насихаттайды дедіңіз, ерте заманда айтылған діни уағыздар бүгінгі жаһандану дәуіріндегі иннова­циялық жетістіктермен, осы заманның ұғымдарымен өзара қалай қабысады? 
– Соңғы мәліметтер бойынша, әлем­де адамзаттың 95 пайызы өздерін белгілі бір діни мәдениеттің өкіліміз, діни қа­ғидат пен ұстанымға немесе сол жолға қатысымыз бар деп санайды. Демек, 100 пайыздың 95 пайызы өзін бір діни мәдениетпен байланыстырады. Әрине, уақыт өткен сайын діни ұғымдар да өз­гереді. Сондықтан ерте замандағы айтылған уағыздарды бүгінгі жаһан­дану дәуіріндегі жетістіктермен байла­ныстырып түсіндіруге тура келеді. Осы орайда дін қағидаларын бұрмалауларға жол бергізбеген абзал. Бүгінгі күні діни көшбасшылар заман талабына сай жаңа тәпсірін жасап жатыр. Әлемдік діндердің өзі бүгінгі ғылыми жетістіктерді теріске шығармайды, керісінше өз мүдделеріне жаратып жатқанына куә болудамыз. Діни қағидатты қазіргі ғылыми жетіс­тікпен байланыстырып айтса, қауымды діни фанатизмнен сақтап қалуға бола­тындығына көптеген ел көз жеткізген. Оны ежелгі түсінікпен түсіндіретін бол­сақ, халыққа дұрыс жетпеуі мүмкін.
Діни білімсіздіктің алдын алу – ке­-зек күттірмес мәселе. Ол үшін маман даяр­лау – ең басты мақсат. Осы орайда Білім және ғылым министрлігімен бір­лесіп еліміздегі мектептерде 2018 оқу жылына арналған «Қоғам және дін» де­ген атау­мен жаңа оқулық дайындалуда. Ол мек­теп бағдарламасына енгізілетін болады. Қазіргі кезде білімді, жан-жақты, діни фанатизмнен аулақ, өркениетті дамуды көздейтін азаматтар ғана жар­қын бола­шаққа бастай алады. Осы мә­се­ле­лердің шешімін Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ла­сында келтірген. Мақалада айтылғандай, «ұлт үнемі дамып отыратын тірі ағза» десек, өз бет-бейнемізді сақтай отырып, жаңа үрдістерге бейімделе білген ұлт қана өміршең бола алады.
– Бүгінгі күннің өзекті мәселелері­нің бірі – діни экстремизм. Елімізде кейіннен пайда болған әсіредіншілдер немесе теріс ағымдардың өкілдері ту­ралы не айтасыз?
– Өкінішке қарай, жат ағым, теріс пиғыл – бұл әлемде дін пайда болған күннен бастап бірге келе жатқан құ­былыс. Ақиқатпен бірге жалғандық та жүреді, дінде де солай. Пайғам­бар­лар­дың өмірлері де жалғандықпен ар­па­лыста өткен. Қай пайғамбардың өмірін алып қарасаңыз да солай. Дін атын жа­мылған екіжүзділермен күрес қай кезде де болған. Кезіндегі Тоныкөк, әл-Фараби, Баласағұн, Абай, Шәкәрім еңбектерінде зұлымдық туралы айтылады. Кеңес Одағы кезінде біз әлемдегі дінге қатыс­ты саясаттан шеткері болдық. Сондықтан тәуелсіздік алған жылдары жаһандық діни проблемаларға қатысты қоғамы­мыз­дың иммунитеті төмен болды. Ха­лықаралық зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, бүгінгі таңда қантөгістердің басым бөлігі зайырлы ұстанымдағы емес, діни фундаментализм басым елдерде орын алып отыр. Айталық, мұсылман елдеріндегі қарулы қақтығыстардан қашқан босқындар бас сауғалап Еуро­одақ­қа ағылды. Қалай десек те, атеистік көзқарасы басым Еуропа елдері оларға жағдай жасауда. Осыны көріп отырса да бай, әлеуетті мұсылман елдердің еш­қай­сысы оларды қабылдауға ниет та­нытқан жоқ.
Діни экстремизм XX ғасырдың соңы­на қарай белсенді бола бастағанын бай­қауға болады. Ислам әлемінде ғана емес, христиан әлемінде де қаншама діни ағым­дар бар. Сол ағымдарға қарсы те­ріс ағымдар бар. Тіпті Інжілдің өзінде «Әрбір өсімдіктің қурап қалған бұтағы болады» деген сөз жазылған. Жеміс бер­мейтін, гүлдемейтін, керісінше, өсімдікке зиян келтіретін құрғақ бұтақтардан ары­лу керек. Өсімдіктің ары қарай өсе бе­руіне жағдай жасау керек. Бұл қағидат Құранда да бар. Ол «бұтақтар» бүгінгі күні дінді жамылып өз мақсатын көз­дейтін жат ағымды насихаттау арқылы халықтың басын айналдырып, әуре-сарсаңға салып келеді. Бұл шырмауға әлі оң мен солын танымайтын жастардың түсуі мүмкін. Қазіргі секталардың бар­лығының көздейтіні – адамды алдау ар­қылы өз тобына қосу.
– Өз тобына адамдарды көптеп тартып, қатарын көбейту діни сек­та­ларға не береді? Олардың түпкі идеясы, мақсаттары не?
– Әрбір дәстүрлі емес діни секта­лар қатарын көбейтіп саясатқа ара­ла­суды, сол арқылы мол табысқа кенелуді көздейді. Табыс көбейген соң, билікпен тартысқа түсуге ұмтылады. Көбінің мақсаты – осы. Ислам әлемінде XX ға­сырдың алпысыншы жылдарында діни секталар белсенді түрде саясатқа кі­ріскенін байқауға болады. Саралап қа­расақ, осындай жат дүние, әсіресе, та­би­ғи ресурс қоры мол, мұнайға бай елдерде көптеп кездеседі. Көп жағдайда діни ағымдардың шығуы байлықпен тікелей байланысты. Сирия, Ирак, Ливия осыдан біраз жыл бұрын әлемдегі бай мемле­кеттердің қатарында тұрған. Тіпті бір кездері Ауғанстанның өзі бай мемле­кеттердің бірі еді. Қазір ол қазба жұ­мыстарын жүргізетін ауқатты мемлекет емес, тек апиын егіп, есірткі шығаратын елге айналды. Ауғанстанның кезінде ислам әлеміндегі ең бай 10 мемлекеттің қатарында болғанын, ислам мәде­ниеті­нің ол елде көптеп шоғырланға­нын, ин­дустриясы дамығанын, тарихи орын­дарға бай болғандығын біреу білсе, біреу білмейтін жағдайға жетті.
– Бізге салафизм араб елдерінен келген бе?
– Салафизм Саудияда мемлекеттің ұстанымы, діні ретінде қабылданады. Бірақ ол жердегі салафизм мен біздің елдегі салафизмнің арасы жер мен көк­тей. Кейбір араб елдерінің елшілері бізге ренжіңкіреп қарайды. «Сіздер салафит деп біздің ұстанымызды, дінімізді айып­таған сияқты боласыздар. Біз ешкімді біреуге зорлық-зомбылық көрсет деп жібермейміз. Біреуді өлтіру, қиянат жа­сау деген біздің түсінігімізде мүлдем жоқ. Біз де сол экстремизм мен терро­ризмнің зардабын шегіп келеміз» дейді. Сарапшылар біздің жерге салафизм көршілес елдің Солтүстік Кавказ, Еділ бойынан мұнайлы Батыс Қазақстан аумағына келгенін растап отыр.
– Исламдағы теріс ағымдарды шет елдерде діни мектептерде оқыған қа­зақстандық жастар алып келеді деген сөз бар… 
– Кезінде Орта Азиядан оқуға ба­ратын бозбалаларды дәстүрлі емес дін­дердің өкілдері, ұстаздары өз жағына тартып, теріс тәрбиелеу арқылы кейін­нен сол елдерде лаңкестік жасап, бүлік шығаруға пайдаланғаны рас. Қазіргі кезде ислам мемлекеттерінің барлы­ғында да бакалавриат бойынша діни білім алуға тыйым салынғаны сондық­-тан. Себебі, әлі оң-солын танып үлгер­меген жастар теріс ағым өкілдеріне «жем» болып кетуі мүмкін. Тәуелсіздік­тің алғашқы жылдары жастар діни білім алу мақсатында шетелдік оқу орын­дарына көптеп барғанын білеміз. Шет елден білім алған жақсы әрине, жас­тар­дың жан-жақты шыңдалуына жақсы тәжірибе. Бірақ дәл діни білім алуға кел­генде қауіптенуіміз орынды. Себебі, шетелде діни білім алған жастар по­тен­циалды қауіптің көзіне айналып үлгереді. Дін үйренемін деп кетіп, олардың діни танымын, діни тәжірибесін, сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын алып келеді. Ең өкініштісі, сол идеологияны өздерімен бірге елге әкеліп, басқа жас­тардың санасын улауға кіріседі. Ендігі аралықта өскелең ұрпақтың шетелде діни білім алу мәселесі мемлекет тара­пынан реттелетін болады. Нақтырақ айтқанда, заңнамалық өзгерістер шетел­де діни білім алғысы келетіндер үшін бірқатар талаптар қарастырмақ. Қазақ­станда жоғары діни білім алған маман­-дар ғана шетелде діни білім ала алатын болады. Яғни, діни сауаттылық деңгейі қалыптасқан тұлғаларға ғана рұқсат беру арқылы біз жастардың және қоғамның діни қауіпсіздігін қамтамасыз етпекпіз.
Жалпы, адамзат тарихында діни се­нім мен ғылыми таным қашанда қатар жүрген. Жете түсінгенге ислам діні еш­қашан ғылымға қарсы болмаған. Кері­сінше, оны әрдайым қолдаған. Біз бүгінде ғылым мен білім, жаңа технологиялар көз ілестірмес қарқынмен дамыған за­манда өмір сүрудеміз. Бұл көштен артта қалмаудың бір амалы – әсіредіншілдік, керітартпалық және жат ағымның жасырын ниетті идеологиясынан арылу. Жат ағым идеологиясымен санасы уланған жастарымыз ата дәстүрді, төл тарихымызды, мәдениет, өркениет, ғылым мен білімді қажет етпей тәрк ету арқылы қоғамнан оқшауланып, орта­ға­сырлық артта қалушылық күйге түсуде. Салдарынан теріс пиғылды ағымдар дәстүрлі ислам доктринасына, ұлттық ауызбіршілігімізге сына қаққысы келіп, қоғамда бүлік тудыруда. Әсіредіншілдік мәселесімен күресте ең әуелі идеоло­гия­лық кешенді жұмыс жүргізу арқылы қоғам мүшелерін терроризм, экстремизм және радикализммен саналы түрде кү­ресетін, сақтануға мейілінше қабілетті рухани сана қалыптастыруымыз керек. Жалаң ұран мен формальды істер та­қуа­лықтың белгісі бола алмайтынын түсіне отырып, нақты нәтижелерге ұмты­луы­мыз керек.
Жуырда бекітілген Қазақстан Рес­публикасының дін саласындағы мем­лекеттік саясатының 2017-2020 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы қазіргі кездегі қордаланған көптеген мәсе­ле­лерді шешуге бағытталған. Дін саласын­дағы мемлекеттік саясат, заңдар, діни бірлестіктердің қызметі, діни білім алу, жасөспірімдерді қорғау, ішкі және сырт­қы қауіпсіздікті сақтауға бағытталған. Жалпы, Қазақстанда көршілес елдермен салыстырғанда жастарға қолдау көр­се­тетін әлеуметтік жобалар өте көп.
– Айдар Парқұлұлы, қазір елімізде деструктивтік діни ағымдар идео­ло­гиялық жұмыстарын ғаламтор арқылы жандандырып, өз жағына адамдарды әлеуметтік желілер арқылы тартып жа­тыр. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәлімдеуінше, экстре­мистік мазмұндағы материалдарды шек­теу мақсатында биыл елі­міздегі 3 мың сайтқа тексеру жасалып, 1500 интернет-ресурс бұғатталған екен. Орталықтың осы бағыттағы жұмыс­тары жайлы толығырақ айтып берсеңіз?
– Орталық БАҚ және интернет – контентке күнделікті мониторинг жасап отырады. Шетелден келген бүкіл әдебиет біздің сарапшылардың қолынан өтеді. Орталық бұл мәселелерді шешуге құзы­ретті органдардың тапсырмасымен діни сараптама жасайды. Таратуға болатын, болмайтындығы жөнінде шешім шыға­рамыз. Осы мониторинг нәтижесі бойын­ша ғаламторды пайдаланушы қа­зақ­стандықтар арасында ең кең тара­ғаны вонтакте әлеуметтік желісі болып шықты. Онда 1,945 млн пайдаланушы тіркелген, олар айына орташа 45 млн хабарлама жариялап отырады. Желі пай­даланушылардың 53,8 пайызы ерлер болса, 46,2 пайызы әйел адамдар. Вкон­такте әлеуметтік желісінің пайдала­ну­шыларының негізін 18 жасқа дейін­гі жас­тар, одан кейінгі белсенді топ 18-24 жас аралығын құрайды. Пайдалану­шы­лардың ширек бөлігін ғана 25 жастан асқандар құрап отыр. Кең тараған ин­тер­нет қауымдастығы – мой мир желісі, мұнда 155,3 мың қазақстандық тір­келген. Олардың ішінде 59,5 пайызы – әйелдер, 40,5 пайызы – ер адамдар. Жас ара­лықтары 25-44 жасты құрайды. Бүгінгі таңда Қазақстанның белсенді интел­лектуалды бөлігі facebook әлеу­мет­тік желі­сіне 125,8 мың адам тіркелген. Олар­дың 60,3 пайызын әйелдер құрап отыр. Бұл желінің негізгі пайдаланушы ауди­ториясы – 25-55 жас аралығында. Одно­классники әлеуметтік желісіне 69,3 мың қазақстандық тіркелген, оны пайдала­нушылардың әрбір бесіншісі – 55 жас­тан асқандар. Жыныстық көрсет­кіш бойынша 74 пайызы – әйел­дер, 26 пайызы ер адамдарды құрап отыр. Соңғы орында – twitter әлеуметтік же­лісі, оның таралымы – 16,6 мың адам. Оның ішіндегі 52 пайызы – ер адамдар. Орталық жыл басынан бері 2000-ға жуық интернет-ресурсқа мониторинг жасап олардың үштен бірінен құқық­бұзушылық фактілері анықталды.
– Сирия соғысына өз еркімен кет­кен қазақстандық азаматтар туралы не айтасыз?
– Ол жолға түскен адамдарды қай­тару үшін ештеңе жасай алмаймыз. Өйт­кені олар ата-ананың, туған-туыс­тары­ның көз жасына, аяғына жығылып, жа­лынғанына қараған жоқ, барлығынан аттап өтті. Қылмыстық жолға байланып, надандықтың, жалғандықтың, діни со­қырлықтың құрбаны болды. Бала-шаға­сын, ата-анасын, туған жерін тастап кеткендердің адам өліміне, қан төгілген лаңкестікке қатысы бары заңды дәлел­денсе, ондай қылмыскерді елге қайтару қаншалықты қажет? Ауыр қылмыс жасамай тұрып адасқанын мойын­да­ғандар болса, оларды қайта қабылдап, тиісті жазасын өтегеннен кейін туыс-туғандарының арасында өмір сүруіне мүмкіндік беруге болады. Жалпы, осын­дай жағдайды болдырмауға еліміздің өңірлерінде ақпараттық насихаттау топтары және оңалту орталықтары, қо­ғамдық бірлестіктер мен діни бірлес­тіктер жұмыла қызмет жасауы керек. Діни экстремизмнің алдын алу аясында елімізде, оның ішінде жастар арасында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде. Дін – өте өзекті, нәзік нәрсе. Жастарға дінді дұ­-рыс түсіндіруіміз керек. Дін рухани қа­зына әрине, алайда, қазіргі заман білім мен ғылымға негізделген дінді қажет етеді. Мәселен, Құдай сенің әрекетіңді жарылқайды, қолдайды, рухани күш бере алады. Бар болғаны осы ғана. Ал кей­бір мешіттер осы күнге дейін «Ме­шітке келсең, намазыңды оқысаң, Алла саған бәрін береді, бәрін үйіп-төгеді» дейді. Қазіргі күні жастар өз адал ең­бегі­мен нәпақасын тауып, отбасының ал­дындағы жауапкершілігін өтейтін ша­ғында жұмыстарын қойып, мешіттен шықпайды. Тіпті имамдардың «Мешітке жұма намазда ғана жарты сағатқа кел. Содан кейін жұмысыңды жалғастыра бер» деп айтуы керек сияқты. Жас­тары­мыз уағызын тыңдап, жалпы түсінік алған соң ары қарай еңбегіне кірісіп кетсе деп ойлаймын. Жақында «Уақып» деген қайырымдылық қоры құрылды. Қор алдағы уақытта дін саласындағы сауат­тандыруға, радикализм мен терроризм­нің алдын алу сияқты көптеген әлеу­меттік жобаларды, іс-шараларды қаржыландыруды жоспарлап отыр.
– Бүгінде дін саласындағы мемле­кеттік саясатты үйлестіру мәселелері кеңінен қарастырылып, іргелі істер қолға алынды. Дін істері және азамат­тық қоғам министрлігінің бастамасы­мен әзірленген «Қазақстан Респуб­ли­касының діни қызмет және діни бір­лестіктер туралы кейбір заңна­ма­ларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бүгінде қоғам арасында қызу талқыланып жа­тыр, жыл соңына дейін қабылданады деп күтілуде. Заңға енгізілетін жаңа өз­гертулерге халық қандай пікірлер айтып жатыр? 
– Заңнамалық өзгерістер қазіргі кездегі бірқатар өзекті мәселелерді қамтитын болады. Заң жобасы қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп жатыр. Алайда ерекше назар аударатын жайт, осы заңнамалық бастаманың барлығы жергілікті жерлердегі тұрғындардың өтініштері мен сұраныстары негізінде туындады. Дін саласының мамандары, теологтар, ғалымдармен кездесіп, тал­қылап, сүзгіден өткізе отырып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесті» десек болады. Әрине, қоғамдағы кез келген өзгерту­-лер, әсіресе, дін саласындағы, пікір қай­шылықтарын тудырып, тіпті қатаң сынға ұшырап жатуы – орынды құбылыс. Заңға ұсынылған өзгертулерге қатысты елі­мізде көптеген қайшы пікірлер орын алып, тіпті отандық БАҚ беттерінде «тыйым салумен ғана шектелген» деген пікірлер де болды. Бұл бастаманы «шек­теу» дегеннен гөрі, «реттеу» деген орын­ды болар. Олай дейтінім, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнама ең алдымен азаматтардың құқықтарын сақтауға ықпал етуді және дінді экстре­мистік және басқа да деструктивтік іс-әрекеттерде қолдануды азайту мақ­сатында құқық нормаларын орнатуды мақсат етіп отыр.
Жалпы, ХХІ ғасырдағы заманауи әлемнің даму қарқыны адамзат өрке­ниетінде артып келе жатқан шиеленіс­тер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұрып, дін саласындағы мәселелерді жаңадан шешуді талап етеді. Президент Н.Назар­баев Қазақстан халқына жолдаған «Қа­зақстан – 2050» стратегиясы – мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты бағ­дарламада «Мемлекеттің және қо­ғамның басты міндеті – дәстүрлері мен мәдени нормаларына сай келетін елдің діни сана-сезімін қалыптастыру, сондай-ақ радикализм, экстремизм және тер­роризмнің барлық көрінісіне бірлесе отырып қарсы әрекет ету керек» деген болатын. Бұл ретте елдегі діни ахуалдың тұрақты және бақылауда екенін атап өткен жөн. Уәкілетті және құқық қорғау органдарының жүйелі түрде жүргізіліп отырған жұмыстарының нәтижесінде діни жағдай тұрақтылығы сақталуда. Заңға енгізіліп отырған толықтырулар мен өзгертулер түрлі жат пиғылды ағымдардың қатерінен жас буынды алдын ала отырып, олардың бейбіт елде өмір сүріп, жан-жақты дамуын қам­та­масыз ету арқылы қоғам тыныштығын сақтауды көздейді. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты қазіргі жаһандық үдерістер мен уақыт талабына сай қайта толықтыру мен жетілдіру мемле­кеті­міз­дің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге мүмкіндік берері анық. Атап айтар болсақ, діни бірлестіктердің өз құқықтарын қорғауына, өздерінің қыз­метін жүргізуіне, нақтылауға, бағыт­талған нормалар бар. Деструктивтік діни ағымдарды насихаттауға, олардың идео­логиясын таратуға тыйым салу басты мәселелердің қатарында.

– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Қайыржан ТӨРЕЖАН

 


.
Яндекс.Метрика