Катар мемлекеті VI әлемдік және дәстүрлі діндер Съезіне қатысатынын растады

Катар мемлекеті VI әлемдік және дәстүрлі діндер Съезіне қатысатынын растады

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын бастаған Қазақстандық делегация 2018 жылғы 20-21 ақпан күндері конфессияаралық диалог жөніндегі 13-ші Доха форумына қатысты.   

Жұмыс сапары аясында Катар мемлекетінің ислам және вакуфтер істері жөніндегі министрі Гайсу бен Мубарак Әл-Кауаримен және конфессияаралық диалог бойынша Доха орталығының директоры Ибрахим Салех Әл-Наимимен және Катар қайырымдылық қорының атқарушы директоры Юсуф бен Ахмад Әл-Кауаримен кездесулер өтті.

Кездесу барысында діни қызметті реттеу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолдары бойынша тәжірибе алмасу және пікір алмасу жайы талқыланды.

Б. Арын ағымдағы жылдың қазан айында Астанада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI Съезіне қатысу үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Гайсу бин Мубарак Әл -Кауариге және Доха форумының жетекшісі Ибрагим Салех Әл-Наимиге шақыру қағаздарын тапсырды.

Министр Әл- Кауари Астанада өтетін дінаралық форумға қатысатынын растады және елордадағы «Нұр-Астана» мешіті кешенін кеңейту жобасын жүзеге асыруға қолдау таныту мәселесін қарастыруға дайын екендігін жеткізді.

Сондай-ақ Доха дінаралық үнқатысу орталығының директоры И.Әл-Наими Съезге  қатысатынын растап, екі ел арасындағы дінаралық диалогты дамытуға мүдделі екендігін жеткізді.  Осыған байланысты тараптар Доха форумы мен Мәдениеттер мен діндер жөніндегі халықаралық орталық арасында меморандумға қол қою мүмкіндігін  қарастыруға уағдаласты.

Катар қайырымдылық Қорының атқарушы директоры  Ю. Әл-Кауариге қызметі әлеуметтік-маңызды жобаларды жүзеге асыруға және қайырымдылық бағытта қаражат жинауға бағытталған жаңадан құрылған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының қызметі таныстырылды.

Катар тарапы «Уақып» қорымен Қазақстанда мектептер мен ауруханалардың құрылысы, шалғай елді мекендерге ауыз су тарту, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету сияқты әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда тығыз байланыс орнатуға қызығушылық танытты.

Катар біздің еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды, оның ішінде астананы көшіру туралы шешімді қолдаған алғашқы мемлекеттердің бірі екенін атап өткен жөн. Атап айтқанда, Астанадағы «Нұр-Астана» мешіті Үкіметтік грант есебінен салынған, қазіргі уақытта Шейх Тамим орта мектебі салынып жатыр, сондай-ақ, Катар кәсіпкерлерінің қатысуымен «St.Regis» қонақ үй кешені салынған болатын.   


.
Яндекс.Метрика