Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын жұмыс сапарымен Өзбекстанда болды

Сапар барысында Берік Арын Самарқанд мемлекеттік университетінде өткен «Әлемдік өркениет тарихындағы Орталық Азия ренессансы» тақырыбындағы Халықаралық конференцияға қатысты.

Конференция жұмысына Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Нығматилла Юлдашев, ИСЕСКО Бас директоры Абдулазиз ат-Туэйджри, БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымының                                      бас директоры ООН Талеб Рифаи, ТМД Атқару комитетінің  төрағасы                                                    Сергей Лебедев, Халықаралық ислам тарихы, мәдениеті мен өнері орталығының бас директоры Халит Эрен, Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, АҚШ-тың, Еуропа, Азия мен ТМД елдерінің белгілі ғалымдары қатысты.  

Конференция IX-XV ғасырларда Орталық Азияда ғылымның,  мәдениеттің және өнердің дамуына әлемдік қауымдастықтың назарын аударып, халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарын осы өңір ренессансын жан-жақты зерттеуге тартуға арналды.

         Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Б.Арын қатысушыларды ортағасырлық ұлы ғалымдардың зор рухани-мәдени мұраларын зерттеу тұрғысында елімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен таныстырды. Соның ішінде әлемдік ғылым мен мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан қазіргі Қазақстан жерінің тумалары - Әл-Фараби, А.Ясауи және т.б ұлы ойшылдардың мұраларын зерттеуге еліміздің айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті.  Бұл ретте Б.Арын Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанның киелі жерлерінің картасы жасалып жатқанын, оның негізінде мәдени нысандар мен тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынатындығын мәлімдеді.

Сондай-ақ, вице-министр Орталық Азия өңірінің бүгінде де жаһандық үдерістерді дамыту мәселесінде маңызды рөлге ие болып отырғандығын, оған Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі айқын дәлел бола алатындығын атап өтті. Ал оның аяқталуы қарсаңында өткізілетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ғылым мен техника бойынша бірінші саммиті Орталық Азия өңіріндегі жаңа ренессансқа негіз болуы мүмкін деген пікір білдірді.

         Сонымен қатар, Б.Арын Самарқандтағы Бұхари атындағы имамдарды қайта даярлайтын халықаралық орталығының және Ташкенттегі имам Әл-Бұхари атындағы ислам институтының жұмысымен танысты. Бұдан бөлек, Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Ислам мәдениеті орталығының директоры Ш.Миноваровпен, Дін істері комитетінің орынбасары У.Хасанбоевпен және Бас Мүфти А.Усмоновпен кездесулер өткізіп, олардың барысында діни кадрлар даярлау және мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастарды жетілдіру бойынша өзара тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.


.
Яндекс.Метрика