Бүгін Астана қаласында «Ислам және өркениет» тақырыбындағы ІІ Республикалық имамдар форумы өтті

Бүгін Астана қаласында «Ислам және өркениет» тақырыбындағы ІІ Республикалық имамдар форумы өтті

«Ислам және өркениет» тақырыбындағы ІІ Республикалық имамдар форумының семинарына арналған

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы директоры

А. Әбуовтың «Мемлекет пен діннің қарым-қатынасы: зайырлылық ұстанымдары» тақырыбындағы баяндамасы

 Құрметті Форум семинарына қатысушылар мен қонақтар!

 Баяндамамды «Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын берік ұстану біздің қоғамымыздың тұрақты дамуының берік кепілі болып табылады», – деген Елбасы сөзімен бастауға рұқсат етіңіздер (Елбасы Н.Назарбаевтың 2012 жылы 1 мамыр ‒ Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында барша қауымды мерекемен құттықу сөзінен).

Түркі халықтарының мәдени және тарихи дамуындағы сабақтастықты қамтамасыз еткен рухани құндылықтардың ислам дінімен тығыз байланысы болған. Осы тарихи ерекшелігіміз ешбір уақытта назардан тыс қалып қоймауы қажет.

Тарихта барлық мемлекеттер діннің этикалық негіздеріне сүйене отырып дамығандығы белгілі. Әр мемлекеттің дін саласындағы саясатының қағидаттары әр түрлі болды. Бір мемлекеттер бірнеше діннің теңдігін мойындаған болса, өзгелері бір діннің үстемдігін қабылдап, басқа діндерге ешбір қысым жасамаған. Енді бір мемлекеттер басқа дінді ұстанушылардың құқықтарын шектеген болса, өзгелері басқа дін өкілдерін өлім жазасымен қорқытып, тыйым салып отырды. Қалай болған күнде де, кез келген қоғамдық дүниетанымның негізінде «қасиетті» мен «киелінің» бастаулауры болған. Кез келген құқықтық жүйе өнегеліліктің қасиетті заңдарымен санасып отырды. Алайда, мемлекеттік деңгейде қабылданған қасиетті құндылықтар мен басқа діндердің құндылықтарының қарама-қайшылығы басқаша ойлайтындардың қуғын-сүргінге ұшырап отыруына жол ашатын.

XVIII-XIX ғасырларда «зайырлы мемлекет» тұжырымдамасы кең етек жая бастады. Оның мақсаты тұрғындардың діндарлық деңгейін азайту емес, түрлі діндерді ұстанатын топтарды тең құқықпен қамтамасыз етіп, дінаралық жанжалдардың жолын кесу еді.

Мемлекеттің «зайырлы сипаты» дегеніміз діни қауымдардың мемлекет ісіне араласпауы дегенді білдірді. Басқа дінді ұстанушыларды қудалауға, олардың өз азаматтық белсенділігін танытуына шектеуге тыйым салынып, олардың құқықтарын елдің басқа тұрғындарының құқықтарымен теңестіру болды. Мемлекеттік саясат жеке адамның ерік бостандығына кепілдік береді. Әр адамға жеке өмірін өзі реттеуіне, қай дінді ұстанса да ғибадатын өз бетінше жүзеге асыруына мүмкіндік берілді.

Зайырлы мемлекет қоғамның мәдени өмірі мен құндылықтар жүйесіне елеулі үлес қосқан діндермен ерекше қатынасын (қаржылай көмек көрсету, мемлекеттік рәсімдер барысында белгілі бір діндердің рөлін атап көрсету сияқты) сақтайды. ХХ ғасырдың аяғына қарай жер бетіндегі мемлекеттердің жартысынан астамы өздерін ресми түрде зайырлымыз деп жариялады. Дегенмен, бүгінгі таңда мемлекеттік деңгейде қолдау тауып әрі жүзеге асырылып отырған діни зорлық-зомбылықтың географиясы мен ауқымының кеңеюі алаңдатушылық туындатқызуда. Егер ХХ ғасырда діни төзімділікті жүзеге асырып келген зайырлы мемлекеттердің саны көбейген болса, ХХІ ғасырдың басында кері дамушы үдерістердің куәсі болып отырмыз. Көптеген мемлекеттерде, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африкада, азаматтарын «дұрыс дінді ұстануға» мәжбүрлеу мен «діннен безгендерді» жазалау фактілері көбейіп барады.

Зайырлы мемлекет саясатының оңды жағы – жеке тұлғаға бір қалыпты дүниетаным мен өмір сүру салтын агрессияшыл түрде таңуға жол бермеу. Тұлғаның адами абыройын қорғайтын бұндай ұстаным ислам қағидаттарымен де ұштасады. Мысалы, Құран Кәрімнің 109-сүресінің 6-аятында «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән» деп айтылған болса, 2-сүресінің 256-аятында «Дінде зорлау жоқ» делінген.

Біздің ел зайырлы мемлекет. «Зайырлы мемлекет» ұғымының тағы бір мағынасы қоғам қауіпсіздігін сақтау мақсатында «мемлекет ешбір діннің атынан шешім қабылдамайтындығы».

Зайырлы мемлекетте әрбір азамат өзі таңдаған немесе ата-бабасынан мирас болып қалған дәстүрлі рухани құндылықтарды толығымен ұстану құқығына ие. Ешкім ешкімді дінге сенуге немесе сенбеуге, мешіт немесе шіркеуге баруға мәжбүрлей алмайды. Азамат дін саласында ерікті жеке тұлға болып табылады. Оның рухани дамуы үшін зайырлы мемлекетте барлық жағдай жасалған. Дін, мәдениет, ғылым, өнер сияқты адамның рухани кемелденуінің негізі болып табылатын салалар зайырлы қоғам дамуына үйлесімді бүтін құндылық ретінде қызмет етеді. Бүкіл тарихымыздың дін мәдениетімен тығыз байланыста екендігі зайырлы мектептер мен университеттерде күнделікті ұғындырылуда. Осы тақырып Елбасымыздың соңғы мақаласында баса айтылған болатын.

Зайырлы мемлекет ешбір дінді өзге діндерден артық деп санамайды. Ешбір діннен бет бұрмайды әрі олардан алшақтамайды. Олардың құқықтарының теңдігін сақтауды өз міндеті деп біледі.

Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттің құлы емес. Өкінішке орай кейбір азаматтарымыз қате пікірлеген бой ұрып, «діни бірлестіктер мемлекеттік органдардың кейбір функцияларын жүзеге асыруда көмекші болуы қажет» деп есептейді. Бұл ‒ қате ұстаным. Мемлекет пен дін арасында сындарлы (конструктивті) қарым-қатынас қана жүзеге асады. Ортақ мәселелер мемлекет пен діни бірлестіктер арасында бекітілген келісімдер негізінде шешімін тауып отырады.

Адамның ішкі жан дүниесін кемелдендірумен дін айналысса, мемлекеттік органдар адамның қоршаған ортасының дамуына жағдай жасау арқылы қоғам тұтастығын, бейбітшілік пен келісім ішінде өмір сүруін мақсат тұтады.

Мемлекет қоғамның рухани дамуына діннің ерекше үлес қосатындығын мойындайды. Әлемде қалыптасқан бүгінгі діни-секулярлық жағдайда мұсылман әлемі ерекше орынға ие болып отыр. Исламның радикализм тұрғысынан түсіндірілуі салдарынан діни экстремизм дүмпулерінің орын алып жатқандығының куәсіміз. Бірқатар радикалды ағымдардың өкілдері мұсылмандарды жаһандық деңгейде бірегейлендіру үшін жобалар алға тартуда. Олардың жобалары дін шарттарын аса қатаң түрде ұстану қағидасына негізделген. Олар діни әртүрліліктің орнына жалғыз бір ғана абсолютті діни дәстүрді орнатуды жоспарлап отыр.

Экстремистердің жобасы бойынша әлемдік тәртіптің идеалы – бүкіләлемдік теократия, яғни халифат болып табылады. Халифат орнату зорлық-зомбылық, бөгде көзқарастарды жою, тіпті «кәпірлерді» өлтіру арқылы жүзеге асырылмақ. Ислам атын жамылған экстремистік жоба бұрынғыға қайтуды көздей отырып, пенделерді адамдық қасиеттерінен ажыратып отыр. Бұның нәтижесі – бір-бірін өзара қырып-жоюдың аюандық санасына жетуден арыға бармайтын жол. Аталмыш жобаның жақтаушылары басқа дінге сенушілер мен басқаша ойлайтындарға қарсы «қасиетті соғыс» жүргізіп жатыр. Соғыстарында жариялы түрде террор мен жаппай өлтіру әдісін қолданып, басқалардың киелі орындары мен мәдениет ескерткіштерін аяусыз қиратуда.

Ислам әлеміндегі діни экстремизм ошақтарының саны көбею үдерісіне бет алып отыр. Бұл бүкіл адамзатқа төніп тұрған қатер.

Ислам дәстүрінде қатыгездік пен төзімсіздікке жол жоқ. Тарихта мұсылмандардың құрған мемлекеттері, Батыс Еуропа мемлекеттерімен салыстырсақ, діни төзімділігімен ерекшеленеді. Исламның сүнниттік бағытындағы түрлі мәзһабтарының бірге өмір сүруі ислам ілімінің тоталитарлықтан пәк табиғатының айғағы.

Дәстүрлі ислам қауымдастығын көз алдымызда жаңадан қалыптасып жатқан агрессияшыл қауымдастықтан, жауыққан жаһандық жоба жанкештілері мен жақтаушыларынан ажырата білуіміз қажет. Еліміздің аумағында да ислам атын жамылған түрлі адасушы топтарды сыртқы келбеті арқылы танып-білуге болады.

Бүгінгі таңда дін ұстанушы азаматтарымыздың бір бөлігі діннің сыртқы атрибутикасына қадалып, адамның жан дүниесіне қатысты мәселелерді екінші қатарға ысырып қойып жатқандығын байқаймыз.

Орамал тағу, тақия кию сияқты діни атрибутикаларды пайдалану арқылы адам өзінің жан дүниесінің басқаларға қарағанда таза деп есептеушілігі білімсіздіктің салдарынан туындайтын қате пікір. Адамның ішіндегі ар-ұяты мен сыртындағы бет-әлпеті, жүріс-тұрысы күнделікті тәрбиенің нәтижесінде қалыптасып дамитын мінез-құлық қатарына жатады.

Кейбір азаматтарымыздың аталмыш мәселелерге қатысты түсініктерінің үстіртін екендігіне көзіміз жетті.

Бүгінгі таңда әлем «діни қайта өрлеу» кезеңін жаңадан басынан өткеріп отыр. «Бірізді зайырлылық» жалпыға ортақ жаһандық бірегейлік негізінде адамдарды біріктіруге қауқарсыз. Керісінше, оның келбеті жер бетіндегі барлық дәстүрлі діндермен қақтығысқа баратын «квази-діннің» (дін сияқты жүйенің) сипатын алып келеді.

Аталмыш қақтығысқұмар, жауыққыш «квази-дін» негізінде қазіргі жер шарының мәдени-тарихи өркениет түрлерінің болмысына қауіп төндіруші, олардың адамгершілік негізі мен діни бірегейлігіне нұқсан келтіруші ерекше «анти-өркениет» (өркениеттерге қарсы күш) қалыптасып отыр. Бұл «анти-өркениет» Батыс Еуропаның христиандық өркениетінің ішінде туындап әрі жетіліп, ең үлкен зиянын өз ортасына тигізді. Мұны атеистік Еуропаның терең демографиялық дағдарысынан байқай аламыз.

Зайырлы анти-өркениеттің оспадар экспансиясы (таралуы) дін атын жамылған экстремистерді радикалды түрде жауап қайтару жолына итермелеп отыр. Олардың кез келген діннің заңына қайшы келетін шегінен шыққан қатыгез амал-әрекеттері тарих бетіне жазылды.

Дау-жанжалдардан аман шығудың жалғыз жолы тек діни құндылықтарымызды сақтай отырып, зайырлылықтың жауыққан моделінен және басқаларды діни құндылықтарымызды қабылдауға мәжбүрлеуден бас тартуымызда ғана жатыр.

Зайырлы ұстанымдар негізіндегі діни құндылықтар өркениеттердің рухани дамуының кепілі болып табылады. Зайырлылықтың дамуы мен діни құндылықтардың қайта жаңғыруының үдерістері жер бетіндегі түрлі мәдени-тарихи аймақтарда әр түрлі қарқынмен өрбуде. Зайырлылық пен діни құндылықтардың өзара қарама-қайшылығын әрбір әлемдік өркениет өз бетінше жаһандық деңгейде басынан өткеріп жатыр.

Өркениеттердің көбісі өзінің немесе өзгенің діни дәстүрін жоюмен емес, қайта жаңғыртумен, игерумен айналысуда. Ресей мен Шығыс Еуропада православиелік христиандықтың қайта жаңғыруын, жер шарының оңтүстігінде католицизмнің күшеюін, Африкада, Тынық мұхиты мемлекеттері мен Оңтүстік Америкада протестанттық миссионерліктің серпін алуын, Израильде иудаизмнің дамуын, Атлант мұхитынан Оңтүстік Қытай теңізіне дейінгі кеңістікте исламның үлкен серпінмен дамуын, буддизм, индуизм, конфуциандық, даосизм мен синтоизм ықпалының өздерінің тарихи жерлерінде және жаңа географияларда артуын байқауға болады. Діни құндылықтар қазіргі көптеген қауымдастықтардың бірегейлігін анықтауыш қызметін атқарып келеді.

Азаматтарының бірегейлігін қалыптастыруға бағытталған күрес әлемнің көптеген аймақтарында мемлекеттік саясаттың ең маңызды мақсаттарының бірі. Ұлттық және діни бірегейлікті сақтау мемлекет тәуелсіздігінің кепілі.

Батыстық емес өркениеттер Еуропа өркениетімен салыстырғанда тар шеңберлі этникалық қағидат негізінде құрылмаған өрекниеттер. Олардың құрамы күрделі көпұлттылық пен поликонфессиялық сипатқа ие. Соныдқтан, олардың мемлекеттік құрылыстарын бір діни ілім нормалары негізіне өткізу мүмкіндігі жоқ. Бұндай жағдайда түрлі дүниетанымдық топтарға жататын азаматтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ете алатын, негізгі діни құндылықтарды басшылыққа ала отырып, мемлекет құрушы халықтардың діни бірегейлігін қолдайтын зайырлылықтың жаңа моделіне деген қажеттілік шешуші рөлге ие.

Қазіргі уақытта Батыс мемлекеттерінде зайырлылық теориясы діни құндылықтарға қарсы бағытталған шабуыл құралына айналып отыр. Батыста «зайырлылық» ұғымы «дінге қарсы жауыққан ұстаным», «христиансыздандыру», «исламсыздандыру», «дінсіздендіру» деген мағыналарға ие. ХХІ ғасырда қарқынды түрде дамыған аталмыш «жауыққан зайырлылық» Батыс өркениетінің тарихынан бастау алады. Бұл басқа бір мәселе. Ал Қазақстанда болса, зайырлылықтың қазақстандық моделін қалыптастырды, ол Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында көрініс тауып отыр.

Осыған орай, зайырлы мемлекеттің дін қызметшілері әрқашан халыққа үлгі көрсететін тұлғалар болып қала бермек. Зайырлы мемлекеттің дін қызметшілерінің ғибадат жасайтын орны да, жүрегі де, сыртқы келбеті де таза, мәдениетті, білімді әрі өнерлі, этикалық және эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейлі тұлға болып табылады.

Зайырлылық дегеніміз басты діни құндылықтарға тең қадамдармен жақындасуды және мемлекеттік құқықтық жүйені жетілдіруде екі жаққа да тиімділіктің оң мәнін табудың ізденісін білдіреді.

Еуроцентристік зайырлылық теорияларының тар шеңберінен шығып, зайырлы мемлекеттің адамгершілік заңдылықтары мен мәңгілік діни құндылықтарға негізделуіне мүмкіндік бере алатын талдаудың жаңа әдіс-тәсілдерін қалыптастыру заманауи гуманитарлық ғылымдардың еншісіндегі басты міндет болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да елімізде азаматтарымыздың дәстүрлі діни құндылықтарды дұрыс түсініп қабылдауы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Көп жұмыс атқарылды. Жетістіктеріміз мол. Дегенмен, кемшіліктеріміз де жоқ емес. Ондай кемшіліктерді түзету арқылы жою үшін бірқатар ұсыныстарымды назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмын.

Имамдарымыз «сегіз қырлы бір сырлы» азаматтар. Әрбірінің бойында өзіне тән ерекшелігі мен дарыны бар. Дарындылықты шыңдап отырмасаң қолдан кетеді. Дарындылық арқасында әрбір адам бір кәсіптің иесі болып жүр. Сол сияқты имамдарымыз да бір кәсіптің егесі болу мүмкіндігінен кенде емес.

Елімізде арнайы кәсіби білім алу үшін жағдай жасалуда. Сол себептен, имамдардың қосымша мамандық алу жолдарын кешенді әрі жүйелі түрде қарастыру қажет деп есептеймін. Бұл олардың имамдық қызмет тысында қосымша жұмыспен қамтылуы мен әлеуметтік қамсыздандырылуы мәселесін шешер деген ойдамын.

Шетелдік тәжірибеге назар аударсақ, көптеген зайырлы мемлекеттердің дін қызметшілері діни қызметпен қатар басқа салаларда да кәсіп жасап нәпақасын тауып жүр. Мысалы, Тәжікстанда тіс дәрігерінің имамдық қызметпен айналысатындығы сияқты кейбір азаматтар негізгі мамандығына қосымша діни қызметпен айналысады. Еңбек – Алланың ризашылығына жетудің бір жолы.

Мысалы, Батыста діни құндылықтың бірі еңбекке баулуға қатысты көзқарастар мен уағыздардың нәтижесінде бірқатар Еуропа мемлекеттері әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарында өзгелерге дес бермей келеді.

Олардың еңбегі күнделікті жұмыстың әдеттегідей қарқынымен шектелмей, күн өткен сайын «кешегі күнге қарағанда бір қадам болса да көбірек жұмыс атқарайын» деген ниетке негізделген. Мұндай прогрессивті, үдемелі еңбек олардың басқа діндегілерге қарағанда қарапайым қызметкерден кәсіпқой қызметкерге әлдеқайда ертерек айналуына әлі де септігін тигізіп келеді.

Қазақстан азаматтарына да күнделікті бірқалыпты жұмыс емес, күн өткен сайын жұмыс нәтижесін арттырушы прогрессивті еңбек ету жолын қарастыру қажет.

Имамдарымыздың да намаз арасы еңбекпен шұғылдануы халқымызға үлгі болар еді деген пікірдемін. Еңбекқор қазақ халқы имамдарды атам заманнан білімді әрі өнерлі ғұламалар ретінде үлгі тұтып келген. Қоғамды тек діни ұғымдардың дұрыстығы мен білікті имамдарымыздың жемісті еңбегі ғана тәрбиелей алады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің бас қаласы Абу-Дабидің зәулім керемет мешіттерінде намаз арасы уақыттарда шетелдік туристерге арналған экскурсиялар ұйымдастырылып тұрады. Туристер мешітті тамашалау үшін билет кассасы арқылы өтеді. Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің Орталық Азияның ең көрікті ғимараттарының бірі. Оның әлеуетін молынан пайдалану келешектің еншісінде деп білемін.

 Құрметті қонақтар!

Адамның зекет төлеуі еңбек терімен тапқан-таянғанынан адал жеуі әрі өзінен артылғанды жаман жолға жұмсамауы үшін арналған Құдай заңы екендігі белгілі. Бай азаматтарымыздың өз зекетін толығымен бермеуі бәлкім имамдарымыздың еңбегінің әлсіздігі болар яки мешіт жамағатының имам сөзіне жүрегін толық ашпауының салдары шығар.

Дегенмен, зекеттен жинақталған қор мөлшерінің аз болуын имам еңбегінің әлсіздігі және діннің жүректерді толығымен жаулай алмағандығы деп бағалау қажет сияқты. Адамның діндарлық деңгейін оның мешітке жиі баруы емес, зекет беруі анықтайтынға ұқсайды. Зекетін беру мүмкіндігіне ие бола тұрып зекет бермейтін азаматтардың қаражаты қандай адал амалдарға жұмсалып жатқан екен деген сұрақ біраз азаматтарымыздың мазасын алуда. Бәлкім, сол зекеті берілмеген мүлік еліміздегі экстремистерді қаржыландыруға жұмсалып жатқан болар? Бұл зерттеп зерделеуді, біздің қасымыздағы дін бауырларымызға мұқият болуымызды қажет ететін мәселе.

Осы сияқты мәселелердің шешімсіз қалуы ел арасында дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологияларының таралуына жол ашып отыр.

ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін қазақ «жиһад» сөзін мүлдем білмейтін. Оның орнына мағыналас «ғазауат» сөзін қолданатын. «Ғазауат» сөзі «Алла жолында кәпірлерге қарсы соғысып жеңімпаз болып елге оралу», «Ғази» сөзі болса, «Ғазауатқа қатысушы» деген мағынаға ие ұғымдар. Ұлы Отан соғысына аттанып бара жатқан аталарымыздың: «Ғазауатқа шығып бара жатырмыз!» деген сөздері әлі есімізде. Дәстүрден ажырағандығымыз міне осы!

«Хиджаб» деген сөзді әже-апаларымыз мүлдем естімеген, молдалар да еш айтпаған. Олардың таққандары мен түсіндіргені орамал мен кимешек еді. Қоғам тарапынан «хиджаб» ұғымы теріс мағынада қабылдануда. Қазақ әйелдерінің 90%-ы «хиджаб» сөзін қолданбайды да.

«Кәпір», «Такфир» сөздерін қазақтар анық мұсылман емес адамдарға қатысты қолданған болатын. Тарихымызда ешбір қазақтың ханы, сұлтаны, биі мен батыры оқылмай қалған немесе қаза болған намазға бола ешқашан бір-бірін «кәпір» деп айыптамаған. Бүгіндері мұсылман мұсылманды «кәпір» деп атайтын заманға тап болып отырмыз. Тіпті, бүгінгі «зайырлы елімізді» «кәпірстанға» балайтындар да пайда болды. Олардың пікірінше полиция қызметкері немесе хирург жұмыс бабында намаз оқи алмаса «кәпір» болып табылады. Бұл төмен түсініктің белгісі болар.

Зайырлы мемлекетте дінді және дін ұстанушыны қорлауға жол берілмейді. Мемлекет те, дін де зайырлылық қағидаттарын асқақтатуға ат салысып, қазақ өркениетінің аяқ асты етілуіне жол бермеуі тиіс. Бұл міндет ең әуелі еліміздің рухани жетекшілері ‒ Сіздердің қолдарыңыздағы жұмыс, жемісті еңбек десе болады.

Ден қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

*****


.
Яндекс.Метрика