«Қазақстанның өркениетаралық және конфессияаралық диалогқа қосқан үлесі» атты республикалық конференция Астана қаласында өтті.

«Қазақстанның өркениетаралық және конфессияаралық диалогқа қосқан үлесі» атты республикалық конференция Астана қаласында өтті.

Ағымдағы жылдың 6 желтоқсаны күні Астана қаласында «Қазақстанның өркениетаралық және конфессияаралық диалогқа қосқан үлесі» атты республикалық конференция өтті.

ҚР ҚДМ Қоғамдық келісім комитетінің төраға м.а. Қ.Джанаханов алғы сөзінде: «Көпұлтты және көпконфессионалды еліміздің әлеуметтік-саяси жағдайының тұрақты болуының маңызды факторы – қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан ынтымақтастық пен руханилық, толеранттылық екені бәрімізге белгілі. Біздің еліміз ұлттына, ұстанатын дініне қарай ешкімді бөлмеді. Әрбір ұлт пен этникалық топтың тілі, ділі, мәдениеті құрметтелді. Бұл кез келген дағдарысты еңсеріп, елдің экономикасын қарқынды дамыта отырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасайтыны анық», - деп атап өтті.

Өз кезегінде, Мәдениеттер және діндер халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов қатысушыларды алдағы келе жатқан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өз сөзінде: «Бүгін Қазақстанның табысы, жауапты әрі сенімді серіктестік ретінде әлемдік қауымдастықпен мойындалған. Мемлекет тәуелсіздігінің 27 жылында Қазақстан өзінің даму жолын ашып, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісім қағидаттарына негізделген қоғамның өзіндік ерекше үлгісін құрды», - деп атап айтты.

Конференция барысында, конфессияаралық қатынастар саласындағы өзекті мәселелер, Қазақстанның конфессияаралық және этносаралық тәжірибесінің бірегей моделі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің сұхбат алаңының тәжірибесі, сондай-ақ «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының негізінде қазақстандық бірегейлікті нығайту мәселелері талқыланды.

Конференцияға уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстанның дипломатиялық корпус және діни бірлестіктерінің өкілдері, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық пен мәдениетаралық және конфессияаралық диалог мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар қатысты.


.
Яндекс.Метрика