Каирде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VI Съезінің қорытындылары талқыланды

Каирде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VI Съезінің қорытындылары талқыланды

Ү.ж. жылғы 23 қазанда МАР Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық клубында «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі: нәтижелері мен қорытындылары» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Қазақстанның Каирдегі Елшілігі мысырлық «Диалог» Саяси зерттеулер орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырған іс-шараға Қазақстанның Мысырдағы Елшісі А.Исағалиев, «әл-Азһар» шейхінің Халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі, Съезд хатшылығыны мүшесі Абдрахман Муса, Араб мемлекеттері лигасы Дінаралық диалог департаментінің директоры Самия Бейбарыс, ғалымдар, сарапшылар және журналистер қатысты.

Елші А.Исағалиев баяндамасында Елбасының бастамасымен құрылған Съездің жаһандық бейбітшілік мен қауіпсіздікті нығайтудағы маңыздылығы, биылғы форумның ерекшеліктері, қол жеткізген нәтижелері мен қорытындылары туралы баяндады. А.Исағалиев VI Съезге ең ірі делегация Мысырдан қатысқанын ризашылықпен атап өтті. Ислам әлемінің делегациясын бастап барған «әл-Азһар» шейхі, Бас имам Ахмад Тайебтің іс-шараға қатысуы форумның деңгейін көтеріп, халықаралық деңгейде дінаралық диалогтың маңызды платформасы екенін тағы да дәлелдеді.

Сонымен қатар, А.Исағалиев VI Съезге тұңғыш рет әлемде ең көне шіркеу болып табылатын мысырлық копт православ шіркеуінің қатысқанын астаналық форум ауқымының жылдан жылдан кеңейіп бара жатқанына дәлел ретінде атап өтті. Елші МАР Уақыфтар министріне және Қазақстан тарапының Араб мемлекеттер лигасының Бас хатшысына жоғары деңгейде делегациялар жолдағаны үшін алғысын білдірді.

Бас баяндамашы ретінде Съездің хатшылығы мен дайындық жұмыстарына белсенді қатысып келген, әрі осы жолы ерен еңбегі үшін «Шапағат» медалімен марапатталған Бас имамның халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Абдрахман Мұса Қазақстанның әлемдік деңгейде дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, VI Съез жұмысының нәтижелі әрі жемісті өткенін растады. А.Муса өзінің ішкі тұрақтылығы мен дінаралық және этносаралық татулығымен әлемге үлгі болған Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған дінаралық диалогты дамыту бойынша бастамаларын «әл-Азһар» шейхі толық қолдайтынын және ынтымақтастықты одан әрі жалғастыратынын атап өтті.

Сонымен қатар, іс-шараға бабамыз Бейбарыстың тұқымы болып табылатын Араб мемлекеттері лигасының Дінаралық диалог департаментінің директоры Самия Бейбарыс баяндама жасады. Съезге төртінші рет қатысқан С.Бейбарыс әр Съезге қатысқан сайын қатысушы делегациялардың санының артып, географиясының кеңейіп бара жатқанын байқайтынын айтты. Астаналық форумның ұйымға айналу тұрғысынан бірқатар шаралар қабылданғанына назар аударған араб дипломаты Н.Ә.Назарбаев атындағы дінаралық және өркениетаралық диалог орталығының Съез үшін мекемелік құрылымы болып қызмет ететінін жеткізді.

Іс-шара барысында қатысушылар VI Съез жұмысын жоғары бағалап, қабылданған қорытынды құжатқа жоғары баға берді. Съездің дінаралық диалог пен экстремизмге қарсы күрес саласында мардымды нәтижелерге қол жеткізгенін жоғары бағалаған сарапшылардың бірі Съездің жастар қанатын ашу туралы ұсыныс білдірсе, кейбіреулері әйелдер рөлін арттыру туралы бастамалар көтерді.


.
Яндекс.Метрика