Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы (бұдан әрі – Орталық) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II съезіндегі көтерген бастамаларын жүзеге асыруға қатысты шара жоспарына сәйкес құрылған.Орталық өз қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 28 тамыздағы «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» мемлекеттік мекемесін құру туралы» № 785 қаулысына сәйкес ҚР Әділет министрлігі Дін істері комитеті аясында бастады.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы 2010 жылдың наурыз айынан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 наурыздағы қаулысына сәйкес ҚР Мәдениет министрлігінің Дін істері комитеті қарамағына берілді.

Қазақстан Республикасы Президентi Н.Ә. Назарбаев 2011 жылдың 18 мамырында «Қазақстан Республикасы Дiн iстерi агенттiгi туралы» жарлыққа қол қойды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлiгiнiң Дiни iстер комитетiнен Қазақстан Республикасы Дiн iстерi агенттiгiн бөлiп шығару жолымен қайта ұйымдастыруға бұйырды.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 1 тамыздағы «Қазақстан Республикасы Дiн iстерi агенттiгiнiң мәселелерi» № 888 қаулысына сәйкес, Орталық Қазақстан Республикасы Дiн iстерi агенттiгiнің құрамына берiлді.

«Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1003 Қаулысына және «Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2014 жылғы № 1440 Қаулысына сәйкес қайта аталды.

Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанның мәдениетаралық және конфессияаралық сұхбат орталығы ретіндегі рөлін жаңа деңгейге көтеруге ықпал ету. Бұл конфессияаралық келісім мен халық бірлігін нығайту жөніндегі біздің еліміздің тәжірибесін халықаралық дәрежеде танытуға мүмкіндік береді.

Орталық аталған жоспарды орындау мақсатында төмендегі міндеттерді жүзеге асыруда:

- мәдениет және дін саласында қоғамдық қатынастарды үндестіру жөніндегі халықаралық тәжірибені зерттеу және оны қолдану;

- ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету;

- ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар тұрғысынан қазақстандық патриотизмді нығайту;

- халықтың рухани сауатын ашуға қатысты және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және оларды өткізу.

Орталық жақын және алыс шетелдік әріптестермен байланыстарды кеңейтуде. Әлемнің көптеген елдерінің осындай балама орталықтарымен тығыз байланыс орнатылған.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы еліміздің ішінде, атап айтар болсақ, діни бірлестіктермен, ғылыми зерттеу және талдау орталықтарымен, жетекші жоғары оқу орындарымен, этномәдени орталықтарымен және үкіметтік емес ұйымдармен жемісті серіктестік орнату үстінде.

Орталық құрылған сәтінен бастап, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің барлық бастамаларын жүзеге асыру ісіне белсенді түрде кірісіп кетті.

Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің V съезін дайындау және өткізу жұмыстарына тікелей қатысты.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы саяси және діни көшбасшылардың прогрессивті бастамаларын жүзеге асыру арқылы барлық өркениетті әлем алдында тәуелсіз Қазақстанның мәдениетаралық және конфессияаралық диалог аумағына айналған толерантты мемлекет ретіндегі рөлінің жаңа деңгейге көтерілуіне белсенді ықпал етеді.

Орталықты құрылғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін философия ғылымдарының докторы, профессор Әбуов Айдар Парқұлұлы басқарды.

Орталықтың кадрлық құрамы Қазақстанның ғылымдары, дінтанушылар, мәдениеттанушылар мен саясаттанушыларынан құралған.

.
Яндекс.Метрика