ДІН МЕН ДӘСТҮР: КІСІ АҚЫСЫ

Раушан Амантай,

ҚР МСМ Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

БАҚ-қа мониторинг бөлімінің аға сарапшысы.

 

 ДІН МЕН ДӘСТҮР: КІСІ АҚЫСЫ

 

Қазақтың ислам дінімен қауышқанына он екі ғасырдан аса уақыт болды. Осы уақыт аралығында ұлттық сана-сезім, салт-дәстүрі және мәдениеті діни құндылықтар мен біте қайнасып, соның негізінде дамыған. Дін мен дәстүрдің үндесуі арқылы дәстүр байи түссе, дін кең қанат жайып, ұлт діннің қасиетін сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Дін де, дәстүрде адам баласын ізгілікке, адамгершілікке, рухани құндылыққа тәрбиелейтін негізгі құрал.

Осы орайда айта кету керек, елімізде өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінде Елбасы «Мыңжылдықтар бойына дін адамдар дүниесін тыныштандыру көзі, халықтар мен мемлекеттер арасында өзара тартылу факторы ретінде қызмет етіп келді. Бүгінгі күні діннің осындай күшімен салыстыруға келетін нәрсе бар ма екен» – деп діннің қоғамдағы маңызын айтқан еді.

Бірақ, бүгінгі жаһандану заманындағы өзгерістермен толассыз ақпараттар легі адамның ой-санасына түрлі әсер ету арқылы басқа арнаға бұрып, дүниеауи тірліктің қамын басты орынға қойдырды. Себебі, сырттан келген түрлі идеологиялар мен пікірлер, технологияның күн санап дамуы, күнделікті жағымды-жағымсыз шамадан көп ақпараттар, заман ағымынан қалмау және нәпақа қамы, адам баласын негізгі құндылықтарынан алыстатып бара жатқандай. Бүгінде қоғамда болып жатқан жағымсыз құбылыстар – рухани құндылықтардың құлдырауынан, адамның болмысынан, табиғатынан, ділімен дінінен алыстауынан болса керек. Ұлы Жаратушы адам баласын жаратылғандардың ішіндегі ең көркемі етіп жаратпады ма? Осы көркемдік өзге жаратылғандардан ақылымен, саналылығымен ерекшеленеді. Сол себепті адам баласы әу бастағы пенделік бағытынан, табиғатынан ауытқымауы тиіс.

Ислам мен қазақ салт-дәстүрі арасында жарасымды үндестік бар және қазіргі уақытта оның маңызы ұшан теңіз.

Олай болатыны, ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары ислам құндылықтарынан бастау алады. Әсіресе, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениетінен орын алды.

Ислам діні де, қазақы салт-дәстүр де ізгі рухани құндылықтардың қайнар бұлағы. Арамызда дінитанымы таяз, оны мешіт төңірегіндегі немесе кісі өлгенде, я болмаса түс көргендегі дүние деп түсінетіндер баршылық. Діннің адам баласының дүниеге келгеннен бастап дүниеден өткенге дейінгі барлық өмірін қамтитындығын біле бермейді. Ал, дәстүр десе ескінің қалдығы сынды қарап жататындығымыз тағы бар. Шын мәнінде, дәстүр мен дін адамды қанағатшылдыққа, мейірімділікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет, әдептілікке, обал-сауапты білуге, аманатқа қиянат жасамауға, ешкімге жәбір көрсетпеуге тырысу, жапа шеккен жанның наласынан, жетім-жесірдің ақысын жеуден қорқуға, ағайынгершілікке, адал мен арамды айыра білуге тәрбиелейді. Демек, ислам діні де, қазақы салт-дәстүрі де – жамандық атаулының барлық түрінен тыйып, тек бейбітшілікке үндейді.

Пенденің жақсы қасиеті –адамдармен тіл табысудан бастап, бүкіл қоғамдық және әлеуметтік қарым-қатынасында байқалады, сонда мұсылманшылық пен адамгершілік адал да әділ қарым-қатынасқа негізделе қалыптасады.

Ислам дінімен қазақы салт-дәстүрде адам құқығына баса мән берілген және адам құқықтарының сақталуына барынша жағдай жасалған.

Жалпы халқымыз кісі ақысын жеуден қатты сақтанып ұрпаққа Құран мен Пайғамбар сүннеттерінен үйренгендерін жеткізіп отырған. Кісі ақысын жеу, жетім-жесірге зәбір көрсету, дәстүр мен дінімізде үлкен күнәға саналып, айыпталған.

Мұсылман ғұламалары кісі ақысын малға, ар-намысқа, махрамға (біреудің құрсағындағы немесе дүниеге келген балаларға қатысты айыптаулар) өмірлік, және дінге қатысты ақылар деп қарастырған.

Мұсылманның бір-біріне ақысы сәлем беруден бастап, үлкендерге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, үш күннен артық араздықта болмау, мұсылманды қуанту, мұсылманмен жылы шырайда болу, қолмен де, тілмен де еш зиян келтірмеу, мұсылманның айыбын жасыру, науқастың көңілін сұрау,ешкімді кемсітпеу сияқты ізгіліктерді қамтиды.

Егер ер адам ана-анасы, отбасы, жақындарына тіпті көршісіне діни құндылықттарды үйретпесе, өзіне жауапкершілік сезінбесе, олардың ақысы мойынында болады делінген.

Кісі ақысының көп қырлары ата-анамен бала-шағасы, жұбайы алдындағы ақысы, көрші ақысы, ағайындық және қонақта болғандар ақысы, жұмысшы мен жұмыс берушінің, бастық пен қоластындағылар ақысы, ұстаз бен шәкірт ақысы, жарлының дәулетті алдындағы ақысы, мұсылман еместердің ақысынан да сұралатын болған.

Сондай-ақ, қоғамдық ортадағы кісі ақысына да мән берілген. Мәселен көпшілік орындарды жүріп тұру ақысы, жол бойы ақысы, жол жүру ережелері ақысы, шылым шегу, қатты музыка тыңдау, авторлық құқық, БАҚ-да жеке құқықты сақтау және көпшілік құқығын аяқасты етпеу ақысы қарастырылады. Аталып өткен адам құқықтарын аяқасты етіп, оларға зәбір көрсеткендер қиянатшылдар қатарына жатқызылған.

Қазіргі уақытта кісі ақысын жеу, Тәңір ақысын жеумен тең екенін көп адамдар жадынан шығарып алған секілді. Айналамызда біреудің ақысын біреу жейтін жайттерге еріксіз куә болып жүрміз. Бұның себебі кісі ақысын жеудің үкімін біле бермеуінде шығар.

Халқымыз «жетім көрсең жебей жүр» деп ананың аялы алақанын сезбеген, ақ сүтін ембеген жетімге және жесірге еш уақытта зәбір көрсетпеген. Керісінше жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай ел боп, оларды қамқорлығына алған. Жетім-жесірін сырт ел түгілі басқа руға да бермей, жат елде құл қылмай, жесір қалған әйелдерді ата-салты бойынша әмеңгерлікпен алып отырған. Өзі түгілі өзге ұлттың баласында кең пейілімен бауырына басқан. Мұның жарқын көрінісі қазақтың өткен тарихынан мәлім. Дана халқымыз кісі ақысына қиянат қылу екі дүниеде де жақсылық таптырмайтынын жақсы білген.

Мұсылмандық қасиеттерді берік ұстанған халық – жетім-жесірлерге, мұқтаждарға көмек қолын созуды өздеріне міндет санаған. «Жетім» деген ұғымның өзі қазаққа жат болатын. Дегенмен, бүгінгі қоғамда бауыр еті баласын көзін жәудіретіп тастап кету, болмашы дүниеге бола саудалау, тіпті өз баласына қол салған жағдайларда орын алып жүр. Жетімдер үйі санының артуы ата-баба бойындағы асыл қасиеттерден алыстап бара жатқандығымыздың, адам баласының рухани құлдырауының көрінісі.

Ислам дінінде жетімдерді асырау, оларға қамқоршы болу айрықша сауапты амалдар қатарына жатқызылған. Құран аяттарына, Пайғамбар хадистеріне назар салар болсақ, бұған нақты көз жеткіземіз.

Қасиетті Құранда жетімдерге қатысты «Шындығында жетімдердің ақысын жеген адамдар жанатын бір от жегендер секілді. Олар алаулап жанған оттың ішіне кіреді», - деген аяттар бар. Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі жетімдіктің тауқыметін көп тартқандықтан, Құран аяттарына сүйене, жетімдер ақысына көп хадистер айтқан. «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетім баққан үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдардың тұратын үйлердің ең жаманы – жетім қиналған үй» - деген. Осы жерде жетім бағып-асырау шексіз сауап әрі құлшылық екендігі айтылып отыр.

Құранда «Әй, адамдар! «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Маида» сүресі, 5/88) десе, хадисте «Кім бір қарыс топырақты зорлықпен тартып алса, сол жердің жеті есесі қиямет күні мойынына жүктеледі» делінген.

Ата-бабаларымыз кісі ақысына қатысты жоғарыда айтылған Құран аяттарымен хадистерді ұлттық болмысымызға сай ұштастыра отырып ойын былайша жеткізген: «Айтайын баяғыдан біраз кеңес, жақсы адам жетімнің хақын жемес» – деп қазақ ұрпақ тәрбиесінде осы мәселеге аса мән беріп, ешкімнің ала жібін аттамау керектігін құлағына сіңіріп отырған.

Осы орайда, ақын, дін қайраткері Шортанбай Қанайұлы бұл мәселеге қатысты:

Кісі ақысын алмаңдар,

ауызға харам салмаңдар.

Дүние жиып өткен жоқ,

Бізден бұрын өткен Пайғамбар –деген.

Халық даналығында «бай болсаң елге пайдаң тисін, батыр болсаң жауға найзаң тисін» деген қанатты сөздер бекер айтылмаған.

Бүгінде арамызда бай-қуатты, мейірімді жандар көп, сол адамдар жетімдер үйінен бала асырап, оны бағып, тәрбие беріп, өз баласынан бөле қарамай, қамқорлық таныта білсе, Жаратушының мейірім шапағатына лайық болары анық.

Адам ақысын жеудің түрі бүгінгі қоғамның бас ауыруына айналған – пара жеу мәселесі. Парақорлық жайлаған елдің шырқы бұзылып, әділетсіздік, имансыздық белең алады. Бұл – қоғамның дерті. Соның салдарынан тума-туыс, дос-жаран, басшы мен қызметкер арасында шынайылық жоғалып, сенімсіздік, сатқындық орнап қоғамның тыныштығы бұзылуына әкеледі. Парақор, жемқор адамдар, Жаратушыдан мүлдем алыстап кетеді.

Адамды қандай болмасын тілмен немесе қолмен зәбірлеу, ғайбаттау, жазықсыз жазғыру, қаржылай қарыз немесе бір затын алып бермеу, ренжіту, аманатқа қиянат жасаған болып саналады. Сондықтан тіршілікте бір жол тауып, сол адамнан осы дүниеде кешірім сұрап ризалығын алған дұрыс.

 

 

Дереккөз: http://www.abai.kz/post/view?id=4586

.
Яндекс.Метрика