ВАКЦИНА ЕГУГЕ ШАРИҒАТ ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ

Төлеу Ғибадат

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының сарапшысы

 

ВАКЦИНА ЕГУГЕ ШАРИҒАТ ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ

 

Сан ғасырдан бері адамзат баласының өміріне ерекше қауіп төндіріп отырған жұқпалы аурулардың қаншама адамдардың өмірін жалмағаны тарихтан белгілі. Бүгін де дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаппай иммундау, яғни екпе салынғанға дейін жұқпалы аурулардан жыл сайын бес миллионға жуық адамның көз жұмып келгенін ескертіп отыр. Өкінішке орай бүгінде Қазақстанда ата – аналар арасында балаларына екпе салдырудан, медициналық көмектен бас тарту мәселесі белең алуда. Тұрғындардың екпеден бас тартуының бірнеше факторларын атап көрсетуге болады.

Біріншіден – жас баланың ағзасы дәрінің кері әсеріне ұшырауы мүмкін деген уәж айтады.

Екіншіден – діни ұстанымдарына байланысты екпе салудан бас тартатындықтарын білдіреді.

Қазақстанда өте қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында еліміздің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бірлесіп бекіткен вакциналардың арнайы тізімі бар. Яғни, шет елдерден сапалы, жоғары және арнайы сертификаты бар вакциналар сатып алынады. Сондай-ақ, сырттан сатып алынатын кез келген вакцина қолданысқа енерден бұрын мұқият зерттеулерден өткізілетіндігін айтуда.

Ал діни ұстанымдарына байланысты екпе салудан бас тартатындарға келетін болсақ, Ислам дінінде «екпе салуға болады немесе болмайды» деген нақты хадис немесе аяттар кездестіре алмаймыз. Сондықтан бұл мәселеде тікелей шариғат негіздеріне қайшы келеме жоқ па деген негізде қарастырылуы қажет. Бүгінде екпе салдыруға діни ұстанымдарына байланысты қарсылық білдірушілердің де осы тұрғыда харамға шығаруға тырысары анық.

Діни ұстанымдарына байланысты қарсы шығатын адамдардың айтуынша «келуі күмәнді болған, яғни әлі келмеген ауруға екпе егуі – болашақты болжау, Аллаһтың тағдырына қарсы шығу. Бұл харам іс» деген қате ұғымдарды алға тартады.

Асыл дініміз Исламда пәле - жаланың алдын алу дінге қайшы емес. Керісінше, Ислам діні мұсылмандарға «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидатты үйретеді.

Шариғат негізеріне сүйенетін болсақ екпе арқылы ем қабылдаудың асыл дінімізге ешқандай қайшы келетін жақтары жоқ. Ислам діні ауырған адамды ем қабылдауға шақырады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Уа Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе? – деп сұрағанында, Ол (с.а.у.): Әрине. Ей Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар» [1], – деп ауырған жағдайда міндетті түрде оның алдын алуға, яғни емделуге жол көрсеткен.

Сондай-ақ, Халифа Омар Шам жеріне келе жатқан кезінде ол жердің жұқпалы ауруға шалдыққанын естіп, ол жерге келмей кері қайтады, «Пайғамбар (с.ғ.с) бір жерде оба болса, ол жерден шығуға немесе кіруге рұқсат бермейтін» деп кері қайтады. Сонда сахабалар:«Әй Омар! Сен Алланың тағдырынан қашқаның ба?» деп өз наразылықтарын білдіреді. Сонда Омар «Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашамын» деп жауап берген екен.

Олай болатын болса, біздер де адамзат баласына қасрет әкелетін жұқпалы аурулардан бүгінгі және болашақ ұрпақты қорғау мақсатында, шариғат заңдылықтарына қайшы келмейтін жақтарын қарастыруымыз керек.

 

Қолданылған әдебиет:

  1. Тирмизи – 4/383

 

Дереккөз: https://zonakz.net:8443/blogs/user/obschestvo_religiov edov/36414.html

.
Яндекс.Метрика