АТА-БАБА АРМАНЫ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

С.А. Дуанаева,

ҚР МСМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

Бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг

бөлімінің басшысы, филол.ғ.к.

 

АТА-БАБА АРМАНЫ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

 

Қазақстанның тәуелсіздігі – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған асқақ арман. Тәуелсіздік – етігімен су кешкен ерлердің, етегі жасқа толған аналардың, шырылдаған нәрестелердің қасіретінің өтеуі, тілегінің қабыл болуы, тағдырдың сыйы. Тәуелсіздік – дамып-жетілудің, өсіп-өркендеудің кепілі. Ол – он сегіз мың ғаламды жаратқан құдірет иесінің шапағатымен, ата-бабаларымыздың қанымен келген қасиетті жеңіс. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даланы, қойнауы құтқа толы абат мекенді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ата-бабаларымыз ұрпақтарына аманаттаған. Ата-бабаларымыздан аманатқа қалған ел мен жерге ие болу, аманатқа қиянат қылмау – бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы.

Бұрынғылар жақсы дәстүрді қалыптастыру үшін ортақ құндылықтар мен әдеп заңдарын қатаң ұстанды, қастерлеп дамытты, қадағалап сақтады. Соның нәтижесінде рухы мықты, ар-ұяты терең, намысты ұрпақтарды өсіріп, ел болды. Елдігіміздің басты көрсеткіші ортақ құндылықтарымыз бен дәстүрлерімізді ардақтап, қазақ деген халықты әлемге асыл құндылықтарымен, еш халықта жоқ дәстүрлерімен таныту – аға ұрпақтың алдындағы парыз, кейінгі ұрпаққа – аманат. Ол үшін аманатқа қиянат қылмайтын ұлттық үрдісті ұрпақ санасына ғана емес, сүйегіне сіңіріп өсіру керек, сонда ғана артымызға қарайламай кете аламыз. Түсінген балаға ата-анасының артына қарайлап кетуінің өзі – өте ауыр салмақ.

Аманаттың салмағын, парыздың қасиетін, борыштың сұрауын ұрпақтың бойына дарыту, үрдісті үзбей, дәстүрді бұзбай жеткізу – аға буынның қасиетті міндеті.

Әлем тарихында әртүрлі себептермен жоқ болып, жойылып, жұтылып кетіп жатқан ұлттар мен ұлыстар аз емес, солардың тағдырына қарап ойлану, барды бағалап, елге адал қызмет ету – бүгінгі ұрпақтың борышы.

Ата-баба аманатына адалдық – тілді құрметтеу, дінге адал болу, елді, жерді қадірлеу, дәстүрлі құндылықтарды ұлықтау деген сөз. Уақыт сынынан өткен, бабалардан балаларға мирас болып келе жатқан, еш уақытта көнермейтін, өркениетке өрелі үлес қоса беретін дәстүрлі рухани байлығымызды ұмытсақ, ұлт болып қалуымыз неғайбыл.

«Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды», – деген қазіргі заманның қағидасына еліріп, ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан үрдісті үзіп алсақ, тарих та, ата-баба әруағы да бізді кешірмейді. Уақытқа қарсы тұра алмайтынымыз ақиқат, дегенмен адамзат қоғамын өркениетке жеткізген адамгершілік, өзара құрмет, татулық пен бірлік, адал еңбек, әділеттілік, теңдік, ақыл-парасат, сүйіспеншілік, ақиқат, абырой, парыз, қасиет, қайырымдылық, бақыт, жақсылық, ғылым-білім т.б.секілді құндылықтарсыз кемелдену мүмкін емес екені анық.

Адамзат өзінің бүкіл даму барысында осындай асыл қасиеттермен дамып-жетіледі, рухани тұрғыдан кемелденген адам ғана ізгі мұраттарды көздейді, қоғамының ортақ игілігіне, жоғары руханиятқа қызмет етеді.

Әр түрлі теріс ағым өкілдері ұлтымызға жат дүниетанымды қазаққа теліп, ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты өзгертуге, оның даналық тағлымы мен сарабдал сипатын көлегейлеп, ұлттың танымдық қабілетін әлсіретуге, қолдан жасалған «құндылықтарды» дәріптеуге күш салуда. Олар дін мен дәстүр сабақтастығына, сол сабақтастықтың жемісі дәстүрлі рухани құндылықтарға шабуыл жасап, сол тәсілмен ұрпақтарымызды азғындатуды мақсат тұтып отыр. Электрондық құралдарсанаға бағытталған «шабуылды» күшейте түсуде, оларда ар-ұят, адамгершілік, адалдық, тәртіпдеген ұғымдар мүлдем жоқ, керісінше, азғындықты насихаттау арқылы ұлтымызға, ұлттық санамыз бен ұлттық мәдениетімізге ақпараттық қысым жасауда.

Адамзаттың абзал қасиеттері сынға түскен қазіргі шақта қазақ өз тектілігін көрсетіп, ұрпағын азғындатпай, биігін аласартпай, бабалардан мирас болып қалған асыл қасиеттерін ұштап, озық білім, жоғары мәдениет, үлгілі еңбек тұрғысынан бәсекелестікке түсу арқылы Қазақстанның көк байрағын биіктен желбірете берсін деп тілейік.

Тіліне, дініне, діліне мықты ұлтты жау да, дау да ала алмайтыны белгілі. Тіл – ұлттығымыздың айғағы, дін – рухани дамудың қайнары, діліміз – дәстүрлі рухани құндылықтарымызбен байып отыратын болмысымыз.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ел мен жерге, Отанға деген махаббат – рухани құндылықтардың қаймағы. Осы ұлы махаббаттың құдіретімен ата-бабамыз ұлан-ғайыр жерді қорғап, өлмес ерліктің үлгісін жасады. «Қазақ хандығын» құрып, ұрпақтарына аманаттады.

«Отан отбасынан басталатынын» білген бабаларымыз ұрпағының ұлағатты болып өсуіне ерекше мән беріп, өмір сабақтарын екі ауыз сөзбен (мақал-мәтелдер) түйіндеп, халықтық педагогика негізін қалады. Сол арқылы бойларына ізгілік дәнін екті, өзгенің жерін таптамайтын, өз жерін таптатпайтын иманды да намысты ұрпақ қалыптастырды.

Адамның қалыптасатын кезі – балалық шақ. «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» болатыны анық. Ұлттық рухы, ұлттық танымы балалық шағында қалыптаспаған жастың тұлға болып жетілуі екіталай, сондықтан адамгершілік, адалдық, қарапайымдылық, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді сәби санасына ұялатып, сүйегіне сіңіру – ата-ананың басты парызы.

Адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. рухани құндылықтар діни қағидалармен ұштасып, ұлттық болмысымызды танытады. Дәстүрлі құндылықтардың үзілмей жалғасып келе жатқан сабақтастығының нәтижесінде еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың, тұрақтылық пен келісімнің шуағына бөленіп отырғанымыз айқын.

Дегенмен, қазір – қол жеткенге тоқмейілсуге болмайтын уақыт, татулығымызға сына қағып, ұрпақтарымызды әр қилы жолмен азғындатқысы келетіндерге тосқауыл қоюды көп болып ойластыратын кезең, ғасырлар сынынан өткен рухани құндылықтарды өскелең ұрпақ санасына сіңіріп, жаһандануға ұлттық құндылықтарымызбен енудің жолдарын қарастыратын дәуір. Сондықтан халықтың рухани құндылықтарға деген ынтасы мен қызығушылығын арттыру үшін бүгінгі қоғамның ерекшеліктерін, даму барысын ескере отырып, соған сай әрекет ету – заман талабы.

Ел тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерінің бірі – дәстүрлі рухани құндылықтарды қастерлеу – елді, жерді, ұлтты қадірлеу, келешекке кемел оймен қарау деген сөз.

Ата-бабаларымыз заманының зарын «елім-ай» деп ақтарып, жер бетінен қазақ атын жоғалтпау үшін арпалысса, біз бүгін тұрақты даму жолына түскен бейбіт ел ретінде тарихта мәңгі қалуды ойлап, «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру жолында еңбек етудеміз.

Елбасымыз «Тұтас түрік елі» идеясынан «біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың атқарған істерін жалғастыру ниетімен Түрік бірлігі идеясын тәуелсіздігімізді алғаннан бері айтып келеді.

Ғажайып ізденіс қана ғаламат серпіліске негіз бола алатынын Елбасымыз халыққа арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында сарабдалдықпен баяндап, Қазақстандық жолдың ортақ мақсаты, мүддесі, болашағы қандай қорытындымен түйінделетінін, ең бастысы қандай ел құрумен тиянақталатынын ашып, жаңа дәуірдің кемел келбетін сомдады.

«Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. ...Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел»,– деген Президент Н. Назарбаев өз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы Мәңгілік ел бола алатынымызды атап өтті.

Соңғы үш ғасырда қазақ даласында дүниеге келген ұлтты қозат ойлардың ешқайсысы жасампаз мақсатын аяғына дейін жеткізе алмай, тарих қойнауына кеткенін кәрі тарих растайды. Кеңестік жүйенің таптық-партиялық қатыгез саясаты қазақтың бетке шығар қаймақтарын әр түрлі айла-шарғылармен қырып-жойып, Қазақстанды өркениет әлемінен алыстатуға әрекеттенді. Халқымыздың талай нәубетті артта қалдырып жеткен бүгінгі биігі аласармай, қазақ елінің мәңгілігіне, гүлденуіне қызмет ететін жаңа идея елімізді әлемге танытып, халқымыздың жасампаздығын жария етсін деп тілейік.

«Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол – «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы», – деп ел Президенті Н. Назарбаев Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында ұлттық идеяның мәңгілік маңызын ашып берді.

Отанға деген шынайы махаббат, кейінгі ұрпақ алдындағы парасатты парыз аталарымызды Ұлы Жеңіске жеткізді. Қазақ хандығын құрудан басталған қасиетті борыш «Мәңгілік ел» идеясына негіз болып, «Нұрлы жолға» ұласты. Көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстандағы бүгінгі қол жеткен биігіміз бен алған асуларымыздың да қайнар бұлағы – бейбітсүйгіш халқымыздың қонақжайлылығы мен кішіпейілділігі, төзімділігі мен еңбекқорлығы, қазақтың дәстүрлі құндылықтарын қадірлеген елімізді мекендейтін әр түрлі ұлттардың өзара доспейілділігі секілді асыл қасиеттер.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» деп келешек ұрпақ алдындағы маңызды жауапкершілікті ескертіп, тарих сахнасынан ойып өз орнымызды алуға шақырады.    

Ата-бабалар аманатына адалдық – бүгінгі ұрпақтың міндеті, келешек ұрпаққа тағылым. Осы аманатты ұлы мақсатқа айналдырсақ, бабалардың алдындағы қарызымыз бен балалардың алдындағы парызымызға қиянат жасамайтынымыз хақ. Қазақстан әлемдегі алып елдердің қатарынан өз орнын алса, әлемге танылған елдің келешек ұрпақтары ел мен жердің иесі болатындай намысты болып жетілсе, ұлттық құндылықтарымыз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырса, бабалар арманының орындалғаны емес пе!?.

 

Пайдаланған әдебиеттер мен дереккөздер

 

  1. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы. Алматы – 1998 ж.
  2. Қазақстан тарихы. 5томдық. Алматы – 2010 ж.

3.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы. 17.01.2014 ж.

4.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы. 11.11.2014 ж.

 

Дереккөз: http://www.inform.kz/rus/article/2828765

.
Яндекс.Метрика