«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ ЕЛ АЗАМАТТАРЫН ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ МӘНІ

Қасымова Жанар – Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы

 

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ ЕЛ АЗАМАТТАРЫН ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ МӘНІ

 

Қазақстан жолының бір өлшемі - қауіпсіздік. Ядролық қарусызданудан, аймақтық және әлемдік державалармен шекараны анықтаудан, лаңкестікпен күресуден және әскери-саяси топтардан бастап, жеке адамның қауіпсіздігіне дейінгі мәселелердің барлығы - осы жүріп өткен үлкен жолдың белестері.

«Айқын мақсатсыз адам да, билік жүргізуші қоғам да өмір сүре алмайды. Саналы мұратсыз, асқақ армансыз өмір сүретін адамдарды ұсақ, тоғышарлық мүдде, жеке бастың бір сәттік материалдық пайдасын ойлау стихиясы сөзсіз арбап алады.    

Сөйтіп, соның салдарынан қоғамдық азғындау басталады. Бүгінде біздің қозғалысымыздың бағытын көруге, оқиғаны болжап білуге, түпкі мақсатқа қол жеткізуге әркімнің сенімді болуына мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын да нақты тұжырымдамасы, міне сондықтан да қажет». Бұл- 1992 жылы қабылданған Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында атап көрсетілген.

Елбасы еңбектерін оқып отырып, халықты, әсіресе жастарды ынтымақ пен бірлікке, достық пен татулыққа үндеген тәрбиелік тағылым мол мысалдарды өте көп келтіруге болады. Мәселен,

«...Маған халқым осындай өтпелі кезеңде өзінің тізгінін ұстатты. Бұл - оңай шаруа емес. Бүкіл қазақстандықтар болып ұйымшылдық танытуымыз қажет. Келер үшінші мыңжылдықта өмір сүру бақыты жастардың маңдайына жазылған. Жастардың өз болашақтарының, жақсы тұрмыстарының негізін өздері қалауға аянбай жұмылатын уақыты келді. ...Бірлігімізді, Елдігімізді сақтай білейік».

Н.Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» кітабындағы «Өз құштарлығымызды табиғаттың мүмкіндігімен ұштастырып, табиғатпен үйлесімді өмір сүру - адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасынан осы ғана талап етіледі. Табиғатты бағындыру үшін оған - зорлық-зомбылық жасау - бұл бүгінде жеке басының игілігін ертеңгі имансыз рухсыздықтан, табиғаттың иесіз қаңырауынан жоғары қоятындардың жазмыш-тағдыры» деген сөзі туған ел мен жерді, Отанды сүюге, табиғатты аялауға тәрбиелеуде маңызы зор.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 22- бабында: «Әркімнің ар-ождан бостандығы, құқығы бар». Адамның қандай діни сенімге енуі оның жеке басының ісі. Сондықтан Қазақстанның азаматы өзі қалаған дінді таңдай алады. Адамзат баласы діннен тысқары тұра алмайды. Әр адам бір нәрсеге сенеді. Әркімнің өз қалауы бар.

Дін халық мәдениетіне ерте ықпал еткен фактор. Адамзат қоғамы тарихында әрбір адам сенімдерінің ең абзалы - жаратушыға деген сенім болды. Сенім негізінде адамның дүниетанымы қалыптасты. Елбасының «Өз ата-анамның нағыз мұсылман болғанын білемін. Олар мені мұсылмандық рухында тәрбиеледі. Және атеистік бағыттағы өткенімізге қарамастан, біз өз дінімізді сақтай білдік. Бізді араб тілінде оқытқан жоқ, мектепте бізге Құранды танытып, намаз оқуды үйреткен емес. Бірақ, біз өзімізді мұсылманбыз деп есептейміз. Мұхамед пайғамбарға іштей сенеміз. Біз Қасиетті Құран сөзіне сенеміз» деп Біріккен Араб Әмираты «Галф Ньюс» газеті мен «Арабсат» теледидарына берген сұхбатында.   Сондай - ақ, Елбасы: «Мұсылман діні мен христиан діні - Қазақстанның рухани дүниесінің қос қанаты. Қай діннің болса да өмір сүруге құқығы бар, Ал, адамдарда оларды таңдау құқығы, ұждан бостандығы болуы тиіс.... Құдайға құлшылық ету жас кезде де, егде тартқанда да жарасады» деуі, көпұлтты Қазақстанда өмір сүріп жатқан халықтың арасындағы бір-біріне сыйластық пен түсіністікті қалыптастырады.

«...Қазақстанда қоғам діннен бөлінбеген, сондықтан да мемлекет осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуден бойын аулақ сала алмайды. Бұл ретте, діни сенімдердің өнегелі-рухани бастауларға негізделетіндігін және орасан зор гуманистік әлеуетке ие екендігін есепке алу маңызды. Бей-жай қарауға, осынау мол әлеуетті қазақстандық қоғамның рухани құндылықтарын дамыту, қазақстандық патриотизмді нығайту, ұлтаралық және дінаралық келісімді бекіту және діни экстремизмнің алдын алу ісіне пайдаланбауға енді болмайды» деген Президенттің сөзі өзектілігімен маңызды.

Елбасы «Тарих толқынында» атты кітабында «Біз бұқара санасындағы діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ . Жалпы дін өздігінен өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді» - деп жастар мен оқушылардың бүгінгі дінге жаппай бет бұру тенденциясын бағамдай келіп, адамгершілік пен имандылық жолды адаспай тауып, толеранттық тәрбиеге басымдық беріп отыр.

Бүгіндері күн тәртібіне, елімізде іске асырылып отырған жаңарулардың мазмұнына сәйкес, қазақстандық жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру қажеттілігі шықты. Бұған жалпы адамзаттық мәдениеттің,қазіргі заманғы білімнің және ұлттық дәстүрдің кіру қажеттігі күмәнсіз.

...Проблемалардың тууы - адамдардың өмірлік құндылықтарға қатынастарының өзгеруіне, күнделікті кездесіп отырған және алда да кездесуі мүмкін саяси және экономикалық қиындықтарға байланысты. Ең бастысы - адамгершілік қасиеттерге, оның ішінде толеранттылыққа тәрбиелеу маңызды.

«Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында» маңызды екі міндетті атап өту керек. Біріншіден, білім беру ісі отанның игілігі үшін саналы түрде таңдау жасауға және өз бетімен шешім қабылдауға қабілетті патриотты тәрбиелеуге қолдау көрсетуі керек. Екіншіден, білім беру ісі кез келген жағдайға бейімделгіш және жаңа идеяларды қабылдауға қабілетті, өзіне де, жақындарына да қамқорлық жасай алатын, бәсекеге қабілетті және үнемі жетіліп отыратын адамды тәрбиелеуге септігін тигізуі қажет. Жаһандану жағдайында осы екі зор міндетке үшіншісі - ұлттық сәйкестікті сақтап қалу міндеті қосылды.

Жеке тұлғаның бәсекеге қабілеттілігі - бұл, үнемі құбылып отыратын бүгінгі мен белгісіз ертеңге дайын болуға көмектесетін, өмірлік машықтардың шоғырлануы. Бұл - белгісіз ертеңгінің емеурінін өз пайдаңа қолдана білу қабілеті. Жас қазақстандықтар бүгін, жаһанданған әлемде, тек қана лайықты өмір сүруге көмектесетін ғана емес, сонымен бірге, бүгінгі күннің өмір шындықтарына белсенді ықпал ете алатындай, оларды жақсы жағына қарай өзгертетін машықтар мен біліктілікке ие болулары керек.

Өзіндік ортада туған, бәсекеге қабілетті тұлға, ең алдымен өз халқының мәдениеті мен тілін білуі керек.

Әрбір қазақстандықта өзінің қадір-қасиетін білу сезімі болуға тиіс, өзінің жасаған істеріне және өзінің өміріне жауапты болуы керек. Қалыптасқан ахуалды талдауға,сын көзімен бағалауға,жауапкершілікті шешім қабылдауға және ақпараттармен, оның ішінде компьютерлік құралдарды пайдалана отырып, өнерпаздық негізде   жұмыс істеуге үйрену қажет.

«Дүниені өзгерткің келсе - өзіңнен баста» деген қанатты сөзді басшылыққа ала отырып, біздің әрқайсысымыз бәсекеге түсуге және жеңіп шығуға үйренуіміз керек. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі ұлттың тек материалдық қана емес, рухани баюына да әкелуі тиіс. Экономиканың өркендеуімен бірге, соның ізінше мәдениет пен өнердің, қазақ тілінің, халқымыздың дәстүрлері мен өмірлік философиясының гүлденуі жүруге тиіс.

1993 жылы шыққан «Қазақстанның болашағы - қоғамның идеялық бірлігінде» еңбегінде Елбасы идеологиялық жаңарудың мән-мағынасын төрт бөлікте ашып көрсетті. Біріншіден, ұлтаралық келісім, екіншіден - ішкі ұлттық бірлік, үшіншіден - қазақстандық қоғамды жаңғырту, төртіншіден - діни төзімділік пен дін ұстанушылар бостандығы қажеттігі деген көрегендік саясаты күн тәртібінен түскен емес.

«Бүгінгі ұрпақтың заңғар мұраты - тарих төрінен тиесілі орын алған, өзгелермен терезесі тең, өркениетті, өміршең ел - Қазақстанның мызғымас тұғырын қалыптастыру. Біз қазір сол игілікті қоғамның лайықты іргетасын қалау үшін еңбек етіп жатырмыз. Соны сендерге аманаттайтын боламыз» деген сөзді Н.Назарбаев 1997 жылы айтқан еді.

Содан бергі 20 жылға жуық уақытта тәуелсіздіктің тұғыры бекіп, егемен елдің еңсесі биіктеді, әлемнің барлығына дерлік атын танитын елге айналды. Мұның бәрі қазақ халқының және қазақстандықтардың басын бірлік пен ынтымақта жарастыра білген Елбасының көреген саясаты арқасында мүмкін болды.

«Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы» деген Елбасының сөзі бүгін басты қағидаға айналды. Осы бір ұлы мақсатты іске асыратын, ең алдымен қазақ азаматы болуы тиіс. Ал идея отбасында, білім мекемелерінде жан-жақты және тоқтаусыз жүйелі түрде жүргізілуі керек» деген тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдаулары мен халықпен болған кездесулердің барлығында көрініс табатын.

«Бұл - тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстардың басы. Қазіргі мемлекетіміздің қалыптасқан белесінде біз өз тарихымызды бүгінгі заман биігінен көрсетуге тиістіміз». Әрбір адамды өз тарихын жете білуге, құрметтеуге үндеген осы құжат, барша қазақстандықтарға, ата-аналарға, әсіресе білім саласындағы мамандарға мол жауапкершілік жүктеді.      

Осы ретте, тәуелсіз елдің тарихын, көп конфессиялы халықтар арасындағы бірлік пен татулық, еңбексүйгіштік пен патриоттыққа Елбасы шығармаларын оқыту арқылы оқушылар мен студенттерге танытуға әбден болады.   Тағы бір айта кететін жайт - балабақшадан бастап, ЖОО студенттеріне дейін Елбасының адами-азаматтық тұлғасын үлгі етіп, оның адамгершілік қасиеттерін білім саласындағы жеке тұлға тәрбиесінде өнеге етуді жолға қою керек. Сондай-ақ, жасөспірімдер мен жастар тәрбиесінде Қазақстан мемлекетінің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен мағлұмат беретін ақпараттар кеңінен пайдаланылуы керек.

Н.Назарбаев өзінің еңбектерінде, жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында азаматтардың бойында жоғары патриоттық сананы, елі, халқы үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруды басты мұрат ету керектігін талмай айтып келеді. Елбасының халықтың мақал-мәтелдерін орынымен қолдануының өзінен көп нәрсеге үйренуге болады. Мысалы, Әкеге ұл болу-арбаға жегілу, халыққа ұл болу - арманға жегілу. Ханда қырық кісінің ақылы бар.Тозған қазды топтанған қарға алады деген аталы сөздердің астарында бірлік, ынтымақ, сыйластық, татулық секілді абзал қасиеттер бар.

Нағыз көшбасшыны адамдар міндетті түрде ұнатуы керек пе және оған қалай қол жеткізуге болады? - деген сұраққа Елбасының: «Нағыз көшбасшыға адамдардың мейірімі міндетті түрде керек. Әр көшбасшыда өзі игере алатын белгілі бір биіктік болуы керек, өз бойыңдағы барыңды беруің, тіпті өз болашағыңды, абырой-беделіңді бәске тігуің қажет» деген жауабы жастардың бойында көшбасшылықты қалыптастыру керектігін көрсетеді.

«ХХІ ғасыр не дін ғасыры болады, не келесі жүзжылдық болмайды»деген бразилиялық жазушы Паоло Коэльюдің сөзін жастарға ескерту ретінде ұсынудың артықтығы жоқ. Өйткені, әлем халықтары арасындағы толеранттылық бейбіт өмірдің негізі. Ұят, Харам, Халал, Обал, Сауап деген сөздерді өмірдегі бағдаршамдай сақтаса, онда бүгінгідей қоғамда жастар тарапынан кездесіп жатқан жан түршігерлік тағылық пен қатыгездіктің белгілі дәрежеде азайып, тыйылуына септігі тиері сөзсіз.

«Н.Назарбаевтың ел ертеңін ойлаудағы ақыл-ой озықтығына, сол арқылы сараланатын айрықша екі қасиеті бар. Оның алғашқысы- сабырлы да саңлақ саясаткерлігі, екіншісі - болашақты болжай білетіндігі, әрі сол байламдары бойынша батыл қадамдарға баруы» деп баға берген О. Айсиннің сөзіне еш талас жоқ.

Жүздеген ұлт пен ұлыстың басы қосылған, діні мен ділі, тілі мен мәдениеті әртүрлі өкілді біріктіріп, үш жүз қазақтың мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстыра білген Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолы, сөз жоқ кез келген азаматқа адамгершілік тұрғыдан, ел басқару өнері - үлгі боларлық. Педагогтар, ата-аналар, жастар мұны үнемі басты назарда ұстаулары қажет.

 

Дереккөз: http://www.inform.kz/rus/article/2852746

 

.
Яндекс.Метрика