Дінаралық үнқатысудың үлгісі

Бүгінгі заман адамзат ба­ла­сының ақыл-ойы мен пікірінің бәсекеге түскен уақыты болып отыр. ХХІ ғасырдағы жаһандану үр­дісі әлемнің көптеген мемле­кеттерінің экономикалық және ру­хани құндылықтырының әлсі­реуіне алып келуде. Бүгінгі таңда әлем барлық елдерінде өздерінің ішкі тұрақтылығы мен мәдени құндылықтарын сақтап қалу жолында жұмыс жалғасуда. Жоғарыда аталған жаһандық мә­селелерге қарамастан, Қазақ­стан – ішкі тұрақтылық пен келі­сімді ұштастырып, өзге елдер­ге үлгі болып дамып келе жат­қан мемлекет. Мұндай ел атану Елба­сының дінаралық тұрақты­лық пен конфессияаралық тату­лық­ты басшылыққа алып, ұтымды жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасы. Бұл ретте,  Елбасының  игі бастамаларының бірі – елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге байланысты нақты  әрекетін айтуға болады. Аталған бастаманың аясында Қазақстан халықаралық аренада алғашқылардың бірі болып  үлкен жауапкершілікті өз міндетіне алды және іс жүзінде әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар басшыларының басын біріктіріп, әлемдік дәрежедегі мәселелерді жүйелі түрде жүргізу арқылы өз орнын танытты. Осылайша 2003 жылы Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың жетекшілік етуімен елордаға жиналған Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­­ларының І съезі әлем халық­тарын мәдени және рухани жа­қын­дастыруға себепші  болды. Съезд өткеннен кейін Түркия мен Испанияның біріккен бастамасымен Өркениеттер альянсы форумы және Мекке халықаралық мұсылмандар конференциясы, сол сияқты бірқатар дінаралық және өркениетаралық келіссөздер мен өзара түсіністікті қалыптастыру мақсатында ауқымды  форумдар өткізіле бастады. Осындай әлемдік дәрежедегі жиындар арқылы Қазақстан дүние­жүзінің барлық діндері мен кон­фессиялары мүшелерінің басын біріктіріп, қоғамда бейбіт­шілік пен өзара келісімді жақтай­ты­нын дәлелдеді. Сонымен қатар, адамгершілік қағидасын сақ­тау жолында толеранттылық (тө­зім­ділік) қағидаларын сақтауға ша­қырды. Алғаш рет өткізілген І съезд басқосуына 17 елден түрлі конфессиялардың 17 делегациясы қатысса, ІІ съезд әлемнің 26 елінен келген 29 делегацияны қарсы алды. Аталмыш съезге дін лидерлері ғана емес, атақты саясаткерлер және қоғам қайраткерлері, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО сияқты ірі институттар өкілдерінің келуі Елбасының игі бастамасының аса қажетті елеулі оқиға екендігіне әлем жұртшылығының көзін жеткізді. 2009 жылғы ІІІ съезд оты­ры­сына 35 елден 77 делегация­ның қатысуы форумның маңыз­ды­лығын көрсетіп, әлемдік өркениет өкілдерінің өзара толеранттылық, құрмет және келісім жолында үнқатысуға ынтасы артып отыр­ғандығын айқындап берсе, 2012 жылғы 30-31 мамырда өткен Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының IV съезі­нің тақырыбы “Бейбітшілік пен ке­лісім – адамзат таңдауы”. Форум­ға 40 елден 85 делегация атса­лысты. Бұл съезд де ерекше ұйым­­дас­тырылып, форум жұмы­­сының қорытындысы бо­йын­ша қа­тысушылар әлемдік қоғам­дас­тыққа арнап үндеу қабылдады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін тұрақты түрде өткізу арқылы халықтар арасы мен діни ұстанымдарды жақындастыруға және бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға жасаған қадамы үшін дүниежүзі қау­ымдастығы Қазақстанға және оның басшысы Нұрсұлтан Назар­баевқа алғыс білдірілді. Елордада дәстүрлі түрде өткі­зіліп келе жатқан игі бастаманың берген пайдасы ұшан-теңіз. Мәселен, діндер мен конфессиялар өкілдері арасында өзара байланыс нығайып,  бейбітшілікті пен тұрақтылықты ту етіліп, бір күм­без астында бірлесе өмір сүру­ге болатындығы паш етіліп отыр. Қазіргі уақытта дүниежүзі халық­тары, оның ішінде дін көшбас­шылары  мен қоғам қайраткерлері тұрақтылық пен келісімді негізгі күш ретінде танып білді. Қазақстан өзін бүкіл әлемге бейбітшілік пен тыныштықтың, діни тұрақтылық пен конфессияаралық келісімнің ошағы ретінде танытып үлгерді. Мұны күні кеше, яғни үстіміздегі айдың 10-11-і күндері үлкен табыс­пен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі кезекті мәрте айғақтап берді. Келесі съезд де үш жылдан кейін Астанада өтетін болып отыр.

 

Төлеу Ғибадат, Мәдениет және спорт министрілігі Дін істері комитетінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы талдау жұмысы бөлімінің аға сарапшысы.

.
Яндекс.Метрика