Елбасының жаһандық бастамасы – тұрақтылық пен тыныштықтың арқауы

Әрбір тарихи кезең, әрбір тарихи дәуір адамзатты жаңа әлеуметтік-рухани тәжірибемен байыта түсетіні анық дер болсақ, бұған әлемдік қоғамдастық тарапынан әлемдік және дәстүрлі діндер үнқатысуының ірі және беделді халықаралық орталығы ретінде танылып отырған біздің еліміз дәлел бола алады. egemen13 2015 жылғы 10-11 маусымда елордамызда Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі өтеді және оған әлемнің 44 елінен 112 делегация келеді деп күтілуде. Биылғы өтетін Астана дінаралық саммитінің өзіндік ерекшелігі «Діни және саяси қайраткерлердің бейбітшілік пен даму жолындағы үнқатысуы» деген атау­мен өтетін негізгі тақырыптан көрініс табады. Биылғы іс-шараның маңыздылығы сонда, онда алғаш рет оларды әлемдік деңгейдегі орын алатын қақтығыстардың жаһандануынан туындайтын мәселелер толғандыратын діни және сая­си көшбасшылары съездің үнқатысу алаңында бас қосады. Съездің пленарлық және секциялық отырыстары барысында оған қатысушылар діни және саяси қайраткерлердің қақтығыссыз болашақты қамтамасыз ету мақсатында қабылдап отырған шаралары қаншалықты пәрменді, халықаралық қоғамдастықтың әлемге төніп отырған қауіп-қатерлерге тосқауыл қою үшін құрған тетіктері қаншалықты жеткілікті, әлемдегі үлкенді-кішілі кикілжіңдердің туындауына алып баратын бір дінді басқа діндерге қарсы қоюдың алдын алудағы тетіктері қандай деген өзекті мәселелер төңірегінде жан-жақты пікір алмасады. Съезд жұмысы барысында осы және басқа да өзекті мәселелер қайта өзектендіріліп, қатысушылар оған жауап іздейтін болады. Жалпы, Астана қаласындағы кезекті дінаралық съезд Қазақстанның жаһандану үдерістеріндегі қауіп-қатерлерге бірлесіп жауап беруді іздестіру жолында діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің пәрменді үнқатысуын қолдауға негізделген халықаралық қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын қалыптастыруға қосқан тағы бір қомақты үлесі болатыны сөзсіз. Астана қаласында өтетін іргелі басқосу кезекті рет мемлекеттер мен халықтарды бейбітшілік пен келісімді нығайта түсуге шақыратын болады. Біздің ойымызша, діни көшбасшылар мен саясаткерлердің тарихтың жаңа асуындағы үнқатысуын тез өзгеріске түсіп отырған заманауи әлемнің ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды доминанты және шешуші квинтэссенциясы ретінде сипаттауға болады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мандаты халықаралық қоғамдастықты өркениеттер, қоғам мен халықтар арасындағы қарым-қатынастарды үйлесімдендіру және мәдениеттер мен діндерді бүкіл адамзаттың болашағын қамтамасыз ету тұрғысынан келгенде жақындастыра түсу мақсатында іске асырып отырған әрекеттердің маңызды бөлігі болуға жұмылдырылады. Съезд қазіргі әлемде белең алып отырған шиеленістер мен өшпенділікті өзара түсіністік пен бейбіт қатар өмір сүруге көшіру үшін жетекші конфессиялар көшбасшылары арасында тікелей үнқатысу орнатуға, әртүрлі діндердің өкілдері арасында ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталады. Осы ретте, съезде әртүрлі діни қауымдастықтар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа көкжиегін ашу үшін шынайы алғышарт пайда болады. Съездің 2003 жылы алғашқы отырысы шақырылған кезден бергі он жылдан астам уақыт ішінде дінаралық саммит бүкіл әлемге барлық діндердің шынайы мақсатын, моральдық және этикалық қағидаттардың ортақтығын және олардың ауқымды гуманитарлық әлеуетін паш етуде. Осы ретте, әлемнің беделді дінбасыларының басын қосып съезд өткізу халықаралық деңгейдегі өркениетаралық және дінаралық үнқатысуды ілгерілетуді қолға алған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы екенін айрықша атап кеткен жөн. Әлемнің беделді дінбасыларының пікірінше, дінаралық сұхбат алаңын құру жөніндегі Елбасымыздың жаһандық бастамасы әлемдік қоғамдастықтағы өркениеттер үнқатысуы үшін тың жол ашып берді. І съезге қатысқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларымен кездесулерде Қазақстан Президенті өркениеттер үнқатысуы жаңа тақырып еместігін, бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерді жою, ұлттық, аймақтық және халықаралық деңгейлерде өзара сенімді нығайту және әлемдік қоғамдастыққа ортақ этикалық өлшемдерді әзірлеу арқылы адамзат прогресіне үлес қосуда халықаралық деңгейде көп жұмыс атқарылғанын атап өтті. Алайда, Мемлекет басшысы осы бағытта атқарылған жұмыстардың ауқымына, мәні мен нәтижесіне қарамастан, осынау талпыныстар, өкінішке қарай, әлемде орын алып отырған діни сипаттағы қақтығыстарды тоқтата алмағанына, яғни бұл әрекеттер әлемдік қоғамдастықтың орын алуы мүмкін өркениеттер қақтығысына қарай жылжуына бөгет бола алмай отырғанына баса назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев дінаралық үнқатысуды жолға қоюға назар салмаушылық көптеген халықаралық форумдардың, әртүрлі симпозиумдар, семинарлар мен басқа да басқосулар мен кездесулердің негізгі мән бермейтін кемшілігі екеніне дінбасылар назарын аударды, өйткені, дінаралық үнқатысу өркениеттер үнқатысуының негізгі аспектілерінің бірі болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев мұны «Біз адамдардың санасына тікелей әрі әр тараптан әсер ететін әртүрлі конфессия көшбасшыларының қызметі қазіргі күнде орын алып отырған негізінен діни және этникалық сипаттағы қақтығыстардың көпшілігі үшін шешуші мәнге ие деп санаймыз. Қазіргі күнде шешуші әрекеттер мен маңызды шешімдер қабылдайтын, дінаралық үнқатысудың ұзақ мерзімді және күрделі үдерісін бастап кететін сағат туды» деген ойымен өзектендірді. І съезден кейін жалғасын тапқан 2006, 2009 және 2012 жылдардағы дінаралық саммиттер әлемдегі барлық діндердің рухани негіздері мен адамгершілік әлеуетін паш етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қазіргі күнде діни сенімдерді бір-біріне қарсы қоюдан, теологиялық егестерді одан әрі саясиландырудан және бір дінді басқалардың алдында қаралаудан көрініс табатын өркениеттер мен діндердің қақтығысы туралы адамгершілікке жат үндеулердің белең алуына жол бермеу қажет. Біздің еліміз әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басын қосып отырған осынау маңызды форумның рухани-адамгершілік құндылықтар мен гуманистік идеалдардың адамзат қауымдастығындағы үстемдігін орнату мақсатында дінбасылар мен саясаткерлердің ынтымақтасу алаңына айналуы үшін аянбай күш салуда. Қазақстан қазіргі күнде Елбасының жаһандық бастамасының арқасында әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшылары арасындағы үнқатысуды ілгерілетумен айналысып отырған халықаралық құқық субъектілерінің алдыңғы қатарын бастап келеді. Бұл жетістіктер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау мақсатында табанды жүзеге асырып отырған көреген саясатының арқасында берік орныққан мемлекеттілігімізді құру тарихымен ажырамас байланыста көрініс тауып отыр. Елбасы қоғамды қайта құру мәселелері мен келешегін терең ой елегінен өткізе отырып, Лев Гумилевтің «этностық әртүрлілік – адамзаттың өмір сүруінің оңтайлы түрі» деген ойының негізінде мықты және өсіп-өркендеген мемлекеттің стратегиясын анықтай алды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында біздің мемлекетіміздің әлсіз тұстарының бірі ретінде танылған «этноконфессиялық әртүрлілікті» жаңа мемлекеттің дамуының стратегиялық ресурсына айналдыра алды. Қазақстан осы жетістіктердің арқасында этнос­аралық және конфессияаралық қақтығыстардың алдын орады. Пәрменді нәтижеге мемлекеттің дін саласында жүргізіп отырған салиқалы саясат­ының және қандай да бір дінге қатысты мемлекет тарапынан протекционизмнің болмауының арқасында қол жеткізілді. Осы ретте, біздің елімізде конфессияаралық келісім мен толеранттылық тұрақты түрде Қазақстан қоғамының басты құндылықтары ретінде қарастырылып келеді. Мұны Қазақстанның аса бай діни ландшафтқа ие полиэтностық және көпконфессиялық мемлекет ретінде тарихи тұрғыда қалыптасқандығымен есте сақтаған жөн. Біздің елімізде ислам және православиелік христиандық халқымыздың дәстүрлі тұрмысын анықтаған және қоғамның рухани дамуына елеулі үлес қосқан мәдени діңгекті құраушы діндер болып табылады. Қазақстанда Құрбан айттың алғашқы күні және провославиелік Рождество демалыс күндері ретінде жарияланған. Елімізде қалыптасқан мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара қарым-қатынастың пәрменді моделі діндарлардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің демократиялық қағидаларына, әріптестік қатынастарға және дін ұстанушы азаматтардың сезімдеріне қатынаста өзара түсінушілікке, тағаттылық пен құрмет тұтуға тұғырланады. Мемлекеттік деңгейде еліміз азаматтарының өзіндік ерекшеліктерін, мәдениетін, тілдері мен рухани дәстүрлерін сақтау және қорғау этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей қазақстандық моделін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Оның прогрессивтілігі сонда – мемлекет үнемі азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге ұмтылады, ал бұл өз кезегінде азаматтардың лайықты өмір сүріп еңбек етуіне және адамдық өзара қатынас саласында оңды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Өткенімізге көз жүгіртіп қарар болсақ, әлемдік және дәстүрлі діндердің озық дәстүрлерін құрмет тұту және оларға қолдау көрсету, еліміздегі барлық этностардың тілдерін дамытуға және еркін қолдануға жағдай тудыру, олардың мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне құрмет көрсету Қазақстан Президентіне еліміздің азаматтарын біртұтас қауымдастыққа біріктіруге мүмкіндік берді деп толық сеніммен айта аламыз. Қазақстан әртүрлі этностар мен конфессиялар арасындағы үнқатысудың және олардың бейбітқатар өмір сүруінің әбден мүмкін екендігін өз тәжірибесі арқылы нақты көрсетіп отыр. Ел басшылығының Қазақстан халқының сан қилы мүдделерін келістіруді көздейтін қиын да салиқалы жұмысы мұның бірден-бір дұрыс жолы болып табылады. Шетел саясаткерлері мен сарапшылары біздің еліміздің этносаралық және конфессияаралық келісім моделін жоғары бағалайды және оны басқа елдердің, оның ішінде дамыған мемлекеттердің қоғамдық өміріне ендіруді аса құнды тәжірибелік мысал ретінде есептейді. Съезд парадигмасы «…саясаткерлер діни көшбасшыларды бейбітшілік пен келісім жолында ынталандыра алатынын айғақтап беріп отыр. Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары V съезі жұмысының басталуын асыға күтеміз. Ал өз басым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бастамасының нәтижесі ретінде берік орныққан дінбасылардың Астана форумы жер бетіндегі барлық мемлекеттердің игілігіне жаңа серпін, тың тыныс береді деп сенемін.

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ,

 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі.

.
Яндекс.Метрика