Діни бірлестіктерді қайта тіркеу оң нәтиже берді

Кез келген мемлекеттің басты қазынасы - адам оның өмірі мен бостандықтары және құқықтары екендігі анық. Елімізде жүргізіліп отырған саясаттың барлығы осы қағидаға негізделетіндігін біз тәуелсіздік алған жылдар ішінде орын алған оң өзгерістерден көре аламыз.

Ал азаматтардың өмірінде, олардың дүниетанымы мен бағдарлық көз­қарастарында, тіпті күнделікті көңіл кү­йінде діннің ерекше орын ала­тын­дығын ескерсек, дін атын жамылатын радикалды топтардың жаһандық деңгейде белең алуы жағдайында мем­лекеттің дін саласындағы саясатының салмағы арта түсері сөзсіз.

Жалпы, діннің оның барлық кө­ріністеріндегі әлеуеті әлемдік деңгейде артып отырғандығы ақиқат, сол себепті дін саласына жіті көңіл бөлу - тек біздің елімізде ғана емес, барлық мемлекеттерде жүзеге асып жатқан үдеріс. Біздің елі­мізде ол конфессияаралық келісім мен ынтымақтастық, азаматтардың діни бостандықтарын сақтау секілді мем­лекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыратын құзырлы құрылым Дін істері агенттігі тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстар арқылы көрініс табады.

Осы орайда, дін саласындағы елеулі оқиға - діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеуден өткізу жүргізілді. Аталмыш шара, өткен жылы Елбасы мақұлдаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның «Өтпелі ережелер» деп аталатын 24-бабында көрсетілгендей, «мемлекет территориясында өз қызметтерін жүргізіп отырған барлық діни бір­лестіктер өз құрылтай жарғылары мен өзге де құжаттарын заң талабына сәйкес қалыпқа түсіріп, бір жыл ішінде қайта тіркеуден өтулері тиіс» деп көрсетілген талапқа сәйкес жүзеге асырылды. Діни бірлестіктерді тіркеу мен қайта тіркеу жұмысы туралы айтар болсақ, ең алдымен аталған мемлекет­тік тіркеуден өтуге ықылас білдірген діни бірлестіктер тіркеуші органға мем­лекеттік тіркеу мен қайта тіркеуден өту туралы өтініштерін, өздерінің құрылтай құжаттары және өзге де қажетті құжаттарын өткізді.

Заңның 15-бабында діни бір­лес­тіктерді мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі өткізетіндігі анықталған. Сәйкесінше, міндетті құжаттарын толық өткізген діни бірлестіктер әділет органдарынан мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеуден өтті. Яғни республиканың бірнеше аймақтарында қызмет ететін өңірлік деңгейдегі діни бірлестіктердің орталықтары және олардың діни білім беру мекемелері мен өзге де бір­лес­тіктерін мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеу аталмыш құзырлы орган та­рапынан тікелей іске асырылса, жер­гілікті діни бірлестіктерді сәйкесінше, аймақтық әділет органдары жүзеге асырды.

Мемлекеттік тіркеу мен қайта тір­кеуден өтуге өтініш білдірген діни бірлестіктердің жарғылары мен діни мазмұндағы материалдарына дінта­нулық сараптамалар жасалды. Са­раптаманы заңның «Уәкілетті органның құзыреті» туралы 4-бабының 6-тар­мақшасында және «Дінтану сарап­та­масы» туралы 6-бапта берілгендей, Дін істері агенттігі мен оның ведомствоға бағынышты ұйымдары - Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы және Дін мәселелері жөніндегі ғы­лы­ми-зерттеу және талдау орталығының дінтанушы-сарапшылары өткізді.

Сондай-ақ дінтану сараптамасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң негізінде ағымдағы жыл­дың 7 ақпанында Үкімет тарапынан бекітілген «Дінтану сараптамаларын жүргізу қағидалары» заңнамалық актілеріне сәйкес жүргізілді.

Діни бірлестіктер тарапынан ұсы­нылған құрылтай құжаты мен діни мазмұндағы материалдарға сараптама жүргізу барысында діни ілімнің пайда болу тарихы мен негіздері қарасты­рылды және оларда Қазақстан аза­маттарының рухани дүниесіне, ден­саулығына, отбасына зиян келтіретін, бірлестік мүшелерін зайырлы білім алудан, ер-азаматтардың мемлекет алдындағы борышын өтеуден, мем­лекеттік қызметтен, медициналық көмектен бас тартуға жетелейтін, нәсілдік, ұлттық, діни үстемдіктерді қол­дайтын идеялардың болу-болмауына ерекше назар аударылғандығын атап өткен жөн. Дінтану сараптамасы нә­тижесінде жоғарыда көрсетілген жат пиғылды идеялар анықталып, сот ше­шімімен тыйым салынған әдебиеттер тізімі, сондай-ақ дінтанулық са­рап­тамадан оң бағамен өткен әдебиеттер тізімдері де Дін істері агенттігінің веб-сайтында жарияланады.

Мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеуден өтуге өтініш берген діни бірлестіктердің құжаттары мен діни материалдары жоғарыда көрсетілген сипатта тексерілсе, діни бірлестіктердің құжаттарын қабылдау, құрамындағы азаматтардың саны мен олардың жергілікті мекенде тіркелгендігін анықтау қызметін аумақтық Дін істері департаменттері, Ішкі істер министрлігі және Көлік және коммуникация министрлігіне қарасты Халыққа қызмет көрсету орталықтарымен бірлесе отырып жүзеге асырды.

Байқағанымыздай, үстіміздегі жылдың 25-қазанында аяқталған аталмыш шара бірнеше құзырлы ор­гандардың бірлескен қызметі арқылы іске асты. Жоғарыда айтқанымыздай, заң талаптарына сәйкес өткен мем­лекеттік қайта тіркеу жиырма жыл мерзімде әртүрлі қалыпта дамыған діни ортаны ретке келтіруге мүмкіндік беретіндігі сөзсіз. Өйткені аталмыш ша­радан соң елімізде қызмет ететін діни бірлестіктердің нақты саны айқындалды, мысалы, осы уақытқа дейін 4551 деп көрсетілген діни бір­лестіктер саны, 3088-ге жетті. Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің ел аумағындағы 2228 ме­шіті, орыс православ шіркеуінің митрополиялық округінде 9 епархия, 261 приходтары, Армян-апостол шіркеуі мен 8 Көне әдет-ғұрыптар шіркеулері тіркелді. Рим-католик шіркеуінің 79 бірлестігі, иудейлердің 4 қауымы, 2 буддистік бірлестіктер тіркеуден өтті. Бұрын қызмет атқарған 666 про­тестанттық діни бірлестіктердің 462-сі, яғни 69%-ы, ал дәстүрлі емес 48 діни бірлестіктердің 16-сы қайта тіркеуден өтті.

Діни бірлестіктердің сандық көр­сеткішінің едәуір төмендеуіне кейбір діни бірлестіктердің жарғылық құ­жаттары мен әдебиеттері дінтанулық-құқықтық сараптамалардан өтпей қалуы, яғни олардың мазмұнында біздің қоғамымызға қайшы идеялардың анықталуы, діни бірлестіктердің өз дін ұстанушыларының санын асырмалап көрсетуінің анықталуы, ал кейбір діни бірлестіктер «қағаз жүзінде» қызмет еткендігі, яғни олардың қызметтері тоқтатылғанымен, заңнамалық шаралар жүргізбегендіктеріне байланысты мемлекеттік қайта тіркеуден өтпей қалуы себеп болды. Сондай-ақ тә­уелсіздіктің алғашқы жылдары қа­былданған ескі заңның осал тұстарын пайдаланып тіркеуден өтіп, қоғамға кері ықпал еткен, халық тарапынан на­разылықтар туындатқан жат пиғылды діни бірлестіктердің қызметтері тоқтатылды.

Сонымен қатар елімізде тараған конфессияларды жіктеу жүйесіне көңіл бөлініп, бұрын конфессия қатарына жатқызылған діни бағыттарды талдау арқылы, діни конфессиялардың нақты саны 46 емес, 17 екені анықталғандығын атап өткен жөн. Жалпы алғанда, мем­лекеттік тіркеу мен қайта тіркеу нәтижесінде діни үлестің аса өз­гер­мегендігін де көруге болады: ислам діні - 72%, православие - 9%, католиктік - 3%, протестанттық - 14%, қалған діни конфессиялар 2%-ды көрсетті.

Мемлекеттік қайта тіркеу жұ­мы­сының тағы бір оң нәтижесі - ел ау­мағындағы барлық діни бірлестіктердің құқықтық мәртебелерін айқындау. Мысалы, олар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 12-ба­бында көр­сетілгендей: жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебеге ие болып, мемлекеттік тіркеуден өту барысында ұсынылған құжаттарда көрсетілген мақсаттарға сай қызмет атқарады. Яғни заңның 15-бабы бо­йынша діни бірлестіктердің діни жарғылары және өзге құжаттары реттеледі.

Осы орайда мемлекет пен дін арасында айқын, құқықтық тұрғыдан жүйеленген өзара байланыс пен қызметтестік жүзеге асады. Бұл өз кезегінде елімізде қалыптасқан конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту, азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз ету мен дін атын жамылатын радикалды топтардың лаңкестік әрекеттерінің алдын алу жұмыстарын жетілдіре түспек. Жалпы, діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеу шаралары мем­лекетіміздің басты қазынасы - оның тұрғындарының құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау мақсатында жүзеге асырылған маңызды мін­деттердің бірі екендігін естен шы­ғармағанымыз абзал.

Г.Тоқтарова, ҚР Дін істері агенттігінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының аға ғылыми қызметкері

Айқын

.
Яндекс.Метрика