"Ғылым мен техника дамығанымен, адамзат баласының діни қажеттілігі өзгерген жоқ"

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуовтің «Алаш айнасы» Республикалық қоғамдық-саяси газетіне берген сұхбаты.

– Аға, әңгімемізді Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орта­лығының атқарып жатқан шаруала­ры­нан бас­та­сақ...

– Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II съезіндегі көтерген бастамасы тікелей біздің Мәдениеттер мен діндердің халық­ара­лық орталығының құ­ры­луына түрткі болды. Орталық құрылған сәтінен бас­тап, аталмыш съездерді ұйымдастыру мен өткізу ісіне белсене араласа бастады. Сонымен қатар орталық Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің бастамаларын жүзеге асыру ісін де кешенді түрде үйлестіріп отыр. Мұның сыртында мәдениет және дін сала­сын­да қоғамдық қатынастарды ғылыми тұрғы­да жүйелеп, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып зерттейміз. Этника­ара­лық және кон­фес­сияаралық қатынастар саласында нәтижелі қызметтестікті орнату үшін мемлекеттік орган­дар, ғылыми институттар, қоғамдық ұйым­дар мен дін жетекшілерінің байла­ныс­тарын қам­та­масыз ету бағытында да қолымыздан келгенше келелі мәсе­ле­лер­мен айна­лы­су­дамыз. Әр­дайымда халықтың рухани-діни сауаттылығын дамыту мен конфессияаралық келісімді нығай­туға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, елдегі діни ахуалға әлеуметтік зерт­теулер жүргізу секілді шаруалар біздің басты мақсаты­мыз деп білеміз. Орталық Дін істері агенттігінің құрамына енетіндіктен, үстіміздегі жылдың 25 қазанында аяқтал­ған діни бір­лестіктерді мемле­кеттік тіркеу мен қайта тіркеу жұмыс­тарына белсене араласты. Айтар болсақ, Орталықтың дінтанушы-сарап­шы­лары діни бірлестіктерді тіркеу мен қайта тіркеуде маңызды қызмет болып cаналатын діни маз­мұндағы материал­дарға дінтанулық сарап­та­малар жүргізді. Аталмыш шараға қатысты сарап­тама­лық, ақпараттық мақалалар жария­лады.

– Орталықтың дінтанушы-сарап­шы­ла­ры діни бірлестіктерді тіркеу мен қайта тіркеу жұмысы барысында діни маз­мұн­дағы материалдарға сараптама жүр­гізгенін айтып отырсыз. Діни бірлестіктерді қай­тадан тіркеу шарасы белгілі бір дәре­­жеде дәстүрлі емес діни ағым­дарды шектей алды ма?

– Өткен жылы Елбасы мақұлдаған «Діни қыз­мет және діни бірлестіктер туралы» Заң талабы аясында бір жыл көлемінде діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі жүргізілді. Аталған шара сәтті аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Себебі еліміздің дін жүйесі реттелді. Мысалы, ел аумағындағы барлық діни бірлес­тіктердің нақты сандары, құқықтық мәр­те­бе­лері айқындалды. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қабылданған ескі заңның осал тұстарын пайдаланып тіркеуден өтіп алып, қоғамға кері ықпал еткен, халық тара­пынан наразылықтар туындатқан жат пиғылды діни бірлестіктер анықталды. Олардың діни маз­мұндағы әдебиеттері мен өзге де құжаттарына дінтанулық-құқықтық сарап­та­малар жүргізіліп, мазмұнында қоғамымызға қайшы идеялар бар болса, қызметтері тоқта­тыл­ды. Жалпы, діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеу мемлекет пен дін ара­сында айқын, құқықтық тұрғыдан жүйе­ленген өзара байланыс пен қызметтестікті жүзеге асыруға жағдай жасайды деп ойлаймын. Бұл қадам өз кезегінде елімізде қалыптасқан кон­фессияаралық келісімді одан әрі нығайту, азаматтардың діни сенім бостандығын қам­та­масыз ету мен дін атын жамылатын радикалды топтардың лаңкес­тік әрекеттерінің алдын алу жұ­мыстарын жетілдіре түсті деп нық сеніммен айта аламын.

– Діни бірлестіктерді қайта тіркеу жат пиғылды діни ұйымдардың, бірлес­тік­тер­дің тізгінін тартуда оң септігін тигізгенін айтып отырсыз. Десек те, қазір қоғамды террористік, экстремистік қауіптен қорғау үшін кешенді ағарту жұмыстарын жүр­гіз­ген жөн сияқты. Жалпы, осы орайда біз қан­дай қадамдарға баруымыз керек? Қан­дай саясат ұстанған жөн?

– Соңғы кездері діни лаңкестік пен экс­тре­мизм әлемдік деңгейдегі күрделі мәселелердің біріне айналды. Өкінішке орай, осы мәселе Қазақстанды да сырт айналып өтпейтінін түсініп отырмыз. Мемлекетіміз экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу жұмыстарын жүйе­лі түр­де ұйымдастырып, жүргізуде. Әрине, бұрын-соңды бізде лаңкестікпен күресу тә­жірибесі болмағанын, аталмыш құбылыспен жолық­пағанымызды ескеруіміз керек. Яғни бұл террористік, экстремистік қауіппен күрес­тің еліміз үшін күрделі болатынын білдіреді. Дегенмен де «жұмыла көтерген жүк жеңіл». Республикамыздың үкіметі мен құқық қорғау органдары терроризм мен экстремизмге қарсы жұмыла жұмыс жүргізуде. Атап айтар болсақ, 2005 жылы қабылданған «Экс­тре­мизмге қарсы күрес туралы» және 2009 жылы қабылданған «Терроризмге қарсы күрес тура­лы» Заңдар жетілдіріліп, Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық актіле­ріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдас­тыруға (жылыстатуға) және терроризмді қар­жылан­ды­руға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Лаңкестік және экстремизммен күрес бағыты бойынша халықарлық ынты­мақ­тас­тықтар нығайтылуда. Мысалы, мемлекетіміз Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді халық­аралық деңгейде беделді саналатын ұйым­дармен қызметтестігін нәтижелі жалғас­ты­рып келеді. Сонымен қатар лаңкестік пен діни экс­тремизм қаупінің алдын алуда халық арасында діни-құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру жұмыстарын тиімді атқару керектігі сөзсіз. Осы мақсатта ақпараттық-насихат топтары қызмет атқаруда. Олардың құрамына енген дін­та­ну­шылар, дін жетекшілері мен мемле­кет­тік орган өкілдері халық ішінде, әсіресе жастар арасында радикалды топтардың зиянды әрекеттерін айқындап, дәстүрлі дініміз бен ұлттық дәс­түрі­міздің құндылықтарын насихаттау мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

– Ұлттық дәстүріміздің құнды­лық­тарын насихаттау дегеннен шығады. Қазір қоғам «Қазақ тари­хын­дағы ислам дінінің рөлі қандай еді, болашақта қандай болуы керек?» деген секілді сауалдарға жауап іздей бастаған сияқты.

– Иә, дұрыс айтасыз. Ислам Х ғасырдың соңында қазақ жерінде құрылған хандық­тардың ресми дініне айналды. Исламның ішіндегі Әбу Ханифа мазхабының дін, қоғам мәселелерін шешудегі ұстанымы қазақ халқына етене жақын болды. Өйткені бұл мазхаб Құран, шариғат үкімдерімен қоса, жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін де есепке алады. Яғни бұл – салт-дәстүр мен діни ұстаным бір-біріне қайшы келмейтіндей үндесіп жатыр деген сөз. Осы ерекшелік арқасында бүгінге дейін біз исламның ханафи мазхабын ұста­намыз және ислам қазақ халқының дүние­танымы, дәстүрі, ғұрпымен үндесіп, ғасыр­лар бойы қазақ мәде­ние­тімен тұтасып, тарихының ажырамас бөлігіне айнал­ды. Хана­фидегі еркін ойшылдық біздің кең даламызда әлем­ге екінші ұстаз атанған Әл-Фараби,  Ж.Бала­сағұн, Ахмет Ясауи, М.Қаш­қари, Қадыр­ғали Жалаири сияқты ғұла­маларды берді. Олардың еңбектері, ортағасырдағы Орта Азиялық ренессанс кезе­ңінің мәдени өміріне зор үлес қосқан асылдары болып табылады. Біздің ақын-жырауларымыз, ғалым­дарымыз, сал-серілеріміз дін фило­со­фиясын, құнды­лықтарын терең зерттеп, ұғынып, оның нәрі мен сөлін қарапайым халыққа ұғынықты түрде жыр-шумақ пен күй-терме түрінде жеткізіп отырған. Ұлы даладан шыққан рухани тұлғалар мен ұстаздардың діни танымы кең болды, олар діннің қыр-сырын меңгерді, ислам әлемінің көптеген рухани-мәдени орталық­тарымен тығыз байланыста болды. Білім мен тәрбие ауыз әдебиеті, яғни жыр, айтыс, дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Қазақтың ұлы реформатор-хандары жүйелеген қазақ қоғамының мораль­дық нормаларын, азаматтық құқық­тарын реттеу­ге арналған, бүгінде біздің Ата Заңы­мыздың діңгегі болып табылатын «Жеті жарғы» секілді заңдарымыз шариғаттың негізінде дайындалған. Тарихы­мызды зерделей отырып, исламның қазақтың ұлттық болмысы мен мем­ле­кетінің қалып­та­суы­на, мә­де­ниет, әде­биет, өне­ріне, жалпы, дүние­танымына қосқан зор үле­сін көре аламыз. Еліміздің, ұл­ты­мы­здың қалып­та­суында үлкен рөл атқарған исламның бола­шақта да маңыз­ды­лығы кемімек емес. Себебі жа­һан­дану тақырыбы жиі көте­ріліп, жастарды жат идеялардан сақтау мәселесінде әр халық өз рухани бастауларына үңілері сөзсіз. Осы орайда, біз үшін де исламның ұлттық мәде­ниетпен үйлескен өнегелік құн­ды­лық­тары, оның адамгершілікке, білім, бірлік, татулық пен бейбітшілікке үндейтін қағидалары әрқашан құнды болып қала бермек.

– Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи, Махмұд Қашқари, Қадырғали Жалаири секілді тұлғаларымыз тек діннің ғана емес, жалпы, ғылымның көш­бас­шы­ларына айнала білген. Техно­ло­гия­ның дамыған кезінде дін ұстану­шының келбеті қандай болуы керек деген сауал туын­дайтындай. Дін мен қоғамды тең ұстаған идеалды тұлға қажет сияқты.

– Қазіргі кез технология, компьютер заманы деп аталуы негізсіз емес. Адамзат бір кездері қиял-ғажайып ертегілерінің арқауы болған «ғажайып» дүниелерге қол жеткізді. Алайда ғылым мен техника қаншалықты қарыштап дамығанымен, адамзат баласының діни қажеттілігі өзгерген жоқ. Осы орайда, «қазіргі заманғы дін ұстанушы келбеті қандай болуы керек» деген сауал орынды қойылып отыр. Меніңше, дін мен қоғамды тең ұстаған идеалды тұлға зайырлы мемлекеттің заң талаптарын сақтайтын, өзге дін ұстану­шыларға құрметпен қарайтын, заманауи білімге ие және өзі ұстанатын дін шарттарын орындайтын азамат болуы керек деп ойлаймын.

– Діннің басты міндеті – адамзаттың рухани қажеттілігін қанағаттандыру. Десек те, діни ұйымдардың көпшілігінің аста­рын­да саяси көзқарастардың, саяси мүдде мен ұстанымдардың жата­тынын білеміз. Сіздің ойыңызша, дінді саф күйін­де сақ­тау­дың, саяси­лан­дырмаудың жолы бар ма?

– Діннің негізгі қызметі – адамның рухани дүниесін жетілдіре отырып, моральдық құнды­лықтары жоғары қоғам қалыптастыру. Осы тұста ол жеке адам арқылы тұтас қоғамға әсер ету күшіне ие. Діннің осы қасиеті саясат­кер­лерді ықылым заманнан бері қызықтырып келеді. Тарих беттеріне үңілер болсақ, белгілі бір кезеңдерде дінбасы ел билеушісіне ере­кше ықпал жасап отырғанын көреміз. Мысалы, кейбір діни тұлғалар Мемлекет басшысының кеңесшісі қызметін атқарған. Тіпті олардың сол басшыны заңды билеуші екендігін ресми түрде белгілейтін құзыреті де болған. Тарихта діннің атын жамылып немесе дінді сылтау ете отырып соғыс жариялау, қақтығыстар ұйымдастыру жағдайлары да көптеп орын алған. Сол себепті қазіргі жаһандану заманында, әсіресе діни қайшылықтар оңай тұтанатын уақытта дінді саясат құралына айналдыру аса қауіпті іс. Діннің жақынға көмек көрсету, айналаға мейірім­ділікпен қарау секілді адамзаттың құнды­лықтарын насихаттау арқылы адамдар ара­сында дін туралы айқын пікір қалып­тастыруымыз керек. Осы орайда, Астана қала­сында ұйым­дастырылып жатқан съездер мен форумдардың басты мақсаты да осы екенін атап өткен жөн.

– Бұл орайда «Мемлекеттің дін сала­сындағы саясаты қандай болуы керек?» деген сауал қойғанымыз орынды болар. Діннің мемлекеттік саясаттан алатын орнына баға берсеңіз...

– Біздің еліміз өзін зайырлы мемлекет ретінде белгіледі және дінге қатысты саяса­тын­да негізгі үш қағидатты: бейтараптылық, тағаттылық және тепе-теңдік қағидаттарын ұста­нады. Бұл дегеніміз – мемлекет діни бірлестіктердің ішкі діни істеріне араласпайды, қандай да бір болмасын діни ұстанымдарды бір-бірімен сәйкестендірмейді, діндердің тең мүмкіндіктерін ескеріп, бейтараптылық қағи­датына басты орын береді. Алайда бұл мемлекет пен дін бір-бірінен бөлек деген сөз емес. Дін – мемлекетіміздің асыл қазынасы, оның азаматтарының өмірінде ерекше орын алатындықтан, мемлекет саясатында маңыз­дылыққа ие. Қазіргі таңда біздің респуб­ликамыздың дін саласындағы саясаты елімізді мекен еткен түрлі дін өкілдерінің құқықтарын қорғау мен олардың діни таңдауларына еркіндік беру, діндер арасында қалыптасқан келісім мен татулықты нығайту, сондай-ақ Қазақ­стан халқын дін атын жамылған ради­кал­ды топтардың зиянды ықпалдарынан сақтау міндеттерін басты назарда ұстап отыр. Осы бағытта мемлекетіміз Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап дінаралық және ұлтаралық татулық пен келісімді мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналдырғанын айта кеткен жөн секілді. Дәлел ретінде елімізде үш жылда бір рет өткізіліп отырған Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съез­дері, Бүкіләлемдік келісім форумы секілді көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шара­ларды айтуға болады. Қазір­гі таңда әлем елдері «Діндераралық келісім мен үнқатысудың қазақстандық үлгі-тәжірибесі» деген ұғымды қолданыстарына енгізіп отыр. Сол себепті мемлекеттің елдегі дінаралық келісімді насихаттау мен дамыту жұмыстары сәтті жүзеге асып отыр деуге толық негіз бар.

– Сіздің жеке пікіріңізше, діни ақиқат деген не? Адамзат ақиқатқа қалай жетеді? Мұның ішінде қазақ ұлты қай жолды ақи­қат деп қабылдағаны, ұстанғаны дұрыс?

– Жалпы, ақиқат – шартты ұғым. Ол заман мен уақытқа тікелей тәуелді. Алайда барлық кезеңдер мен уақыт талаптарынан тыс ақиқат категориясы бар, ол – дін ақиқаты. Діни ақиқат – әлем жаратылысы, адам мәні туралы діни таным. Дін ақиқаты – мейірімділік, доспейіл­дік, бейбітшілік. Дін осы аталғандарға үндейтін болса, ол – ақиқат дін. Әр дін адамзатқа өз ақи­қа­тын ұсынады. Осы арада адамзатқа таңдау еркіндігі берілген және оның болашақта гүл­денуі немесе құлдырауы қандай ақиқатты таңдауына байланысты. Ал енді қазақ ұлты қандай жолды ұстанғаны дұрыс деген сауалға ке­лер болсақ, қазақ халқы өз жолын айқын­да­ды. Қазақ халқы – ислам дінін өзінің тарихи таңдауы ете отырып, бейбітшілікті мақсат еткен қуатты мемлекет.

– Аға соңғы сұрақты діндегі тура немесе жалған жолды айыра алмай жүрген азаматтарға арнасақ. Бір діндегі дұрыс нәрсе екінші дінде бұрыс деп сана­лады. Бұл қайшы­лықтар ақиқатқа тұсау болмай ма?

– Әр дін сенім негіздеріне сүйене отырып, өзінің ақиқатқа жеткізетін жалғыз жол екендігін айтады. Сондықтан қандай да бір дінді тура немесе жалған деп айту ғылымға жат құбылыс болып табылады. Әрине, бұл – әлемдік және дәстүрлі діндерге қатысты айтылған тұжы­рымдама. Осы діндерден таралатын ағымдар да бар, олар өз араларында белгілі теория­ларын алға тартып, келіспей жататын тұстары болады. Осының салдарынан бір діннің ішінде бір-біріне қиыспайтын тұстарын көре аламыз. Мысалы, христиан діні ішіндегі үш конфессия арасындағы айырмашылықтар орасан зор. Олардың әрқай­сысы өз сенімдерін ақиқат деп таниды. Ислам дінінің мазхабтары мен ағым­дарының негізгі қағидалары бір болғанымен, іс-әрекеттері мен амалдарында айыр­ма­шы­лықтар көптеп кездесіп жатады. Сондықтан бір дінді тура немесе жалған деп айта алмаймыз. Тек өзіміздің діни сенімімізге және жеке көз­қарасымызға сүйене отырып өз дініміз туралы айта аламыз. Осы орайда әлемдегі халықтар немесе қандай да бір мемлекет тарихи, әлеу­меттік, жағра­фия­лық жағдайларға байла­ныс­ты рухани таңдау жасай­тынын да ұмытпау керек секілді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

http://alashainasy.kz/person/38385/

.
Яндекс.Метрика