Діни сауатсыздық – діни экстремизмнің бастауы

Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм сөздерін естімеген адам аз шығар. Баспа немесе ғаламтор беттерінен шет елдердегі және Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде діни экстремизм мен терроризм тақырыптарына қатысты мәліметтер жетерлік. Бұл аталған мәселенің ғаламдық деңгейде орын алып отырғандығының белгісі. Қазақстан әлем елдеріне көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас. Дегенмен, діни экстремизм  мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ.

Қазірде діни экстремизм мен терроризм ұғымы ислам дініне таңылған қауіпті қосымша екендігі өкінішті ақиқат болып отыр. Ғасыр басындағы қарулы қақтығыстар жиі орын алған Ауғаныстан, Ирак, Израиль-Палестина аймақтарындағы террактілік актілерді ислам атын жамылған радикалды топтардың өз мойындарына алуы ориенталисттік бағыт ұстанушылардың «ислам терроризмі» теориясын іс жүзінде дәлелдеп бергендей болды. Бұл жағдай Қазақстандағы діни экстремизмнің табиғатын айқындай түседі. Өйткені, тәуелсіздік алғаннан кейінгі діни жаңару халықтың басым бөлігінің исламға бет бұруы ата дінімізге үлкен сұраныс туындатты. Кеңестік кезеңдегі діни мамандар дайындаудың тоқтатылуы, сәйкесінше қажетті мамандардың жетіспеуі ұлты, ұстанымы басқа шет елдік ислам мамандары мен уағызшыларының елге ағылуының басты себептерінің бірі болды. Мұндай уағызшылардың арасында радикалды бағыттағы, экстремистік көңіл күйдегі («Хизбут Тахрир», «Таблиғи жамағат», уахаббилер т.б.) топтардың өкілдері болды.

Діни экстремизм арнайы оқулықтарда діни экстремизм «басқа дін ұстанушылар мен дінді ұстанбайтындарға төзімсіздікті уағыздау, өзге діндерге нақты бір діни ілім шеңберінде қарау, бағалау. Басым жағдайларда діни экстремизм дінге қатысты болмай, саяси немесе өзге де мақсаттарға қол жеткізу үшін, нақты бір дін қағидаларын жамылғы ете отырып зиянды әрекет ету» деп көрсетіледі. Осы анықтамадағы сипаттамаларды негізге ала отырып қарастыратын болсақ жоғарыда айтылған дәстүрлі емес діни ағымдардың ұстанымдарын экстремисттік деп бағалауға болады. Елімізде мұндай ағымдардың таралу аймақтары да әр түрлі. Сарапшылар пікіріне сүйенсек, жихадқа шақыратын экстремисттік ағымдар еліміздің батыс өңірлерінде кең таралған. Олар бұл үдерісті батыс өңірінің экономикалық қуатына, яғни мұнай шикізатына қызығушылық (аталмыш топ мүшелерінің мұнай құбырларынан мұнай ұрлау фактілері анықталды), Ресеймен шекараластық, әсіресе, «әлемдік жихад» экстремистік тобы әрекет ететін Астрахан облысымен шекараластық, сондай-ақ, халықтың дәстүрлі ислам қағидаларынан хабарсыздығын алға тартады.

Жалпы діни экстермизмнің қай аймақта болмасын (Қазақстан бойынша) таралуына себеп болатын бірнеше алғышарттарды атап өтуге болады. Ең алдымен бұл діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Бұл жерде Абайдың иманды «якини» және «тақлиди» деп бөліп қарастыруы өзекті болуда. Мұның алғашқысы танымнан, ақыл дәлелінен туындайтын шын иман. Екіншісі «өзі ештемені білмей, еш нәрсе туралы ойламай, дін иелерінің сөзіне еріп, «ел қалай көшсе, мен де солай көштім» деген надандықтан шыққан соқыр сезім, үстірт наным» – бұл қазіргі қоғамға тән, діни сауатсыздықтың көрінісі, діни радикалданудың себебі болып отыр.

Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің, сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттары болуда. Фундаменталисттік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремисттік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғынылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Осы жағдайда, діни мотивтегі терроризм көрінісі мен оның өкінішіті салдары орын алады.

Ғаламтор кеңістігіндегі экстремистік идеялар тарататын сайттардың еркін қолжетімділігі де маңызды себептердің бірі болып табылады. Мұндай сайттарды екіге бөліп қарастыруға болады. Мысалы, кейбір сайттар мұсылмандардың қысымға ұшырауы, әсіресе АҚШ, Еуропа, Израильдегі мұсылмандар туралы ақпараттар, қанға бөккен адамдардың суреттерін, бейне-материалдарды ашық көрсету арқылы күллі әлемді мұсылмандарға жау ретінде көрсетуге ұмтылады. Сондай-ақ, сайттағы түрлі шейхтардың уағыздары бейне-жазба түрінде таратылады. Уағыздарда зайырлы биліктің исламға жат екендігі, мұндай мемлекет басқарушылары, дін қызметкерлері «діннен шыққандар» деген пікір мейлінше дәлелді айтылып, оларға бағынбауға шақырылады. Мұндай ақпараттар сауаты төмен, өзін мұсылман санайтын адам санасында қысымдағы мұсылмандарды құтқару мен халифат сипатындағы мемлекет құруға қатысу, қажет болса, құрбан болу туралы ой туындатады. Өз ойын сайтта берілетін жихадқа шығу, шахид болу туралы хадистер мен аяттар арқылы нығайтып, өзгермес ұстанымға, өмірлік мақсатқа айналдырады.

Келесі сайттар адамды бірден қарулы жихадқа шығып, зайырлы билікті құлатуға шақырмайды. Олар зайырлы билік немесе өзге діндегілер туралы сыни пікірлер білдірмейді. Мұндай сайттардың сыртқы безендірілуі де тек исламға арналған ақпараттық портал түрінде берілуі мүмкін. Олардағы басты мақсат мемлекетте ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дінді бөлшектеуден басталады. Мысалы, «http://uraza.kz/» сайтында Рамазан айында оразаны бұзудың тыйым салынғандығы туралы: «Ораза тұтудан, оның міндеттілігін мойындамай бас тартқан адамның кәпір (дінсіз) екеніне ғалымдар бір ауыздан келіскен» деген ақпарат берілді. Бұл қазақ жерінде таралған дәстүрлі Ханафи мазхабына қайшы, мұнда ораза ұстамау діннен шығармайды. Сол секілді, беташар, сәлем салу т.б. дәстүрлерді «Құдайға серік қосу» деген пәтуа беретін сайттар діни ортадағы бөлінушіліктерді туындатып, діни фундаментализмге итермелейді.

Берілген сайттардың ортақ ұраны «Таухид – бұл мақсат, ал жихад – оны жүзеге асыру жолы», «жихад әркімнің жеке міндеті» деген ой. Бұл ой ашық немесе жасырын түрде мейлінше белсенді түрде таратылады, таңылады. Салдары ретінде қоғамда араб елдерінің ұлттық киімін кигендер мен мешітке құлағына наушник тағып баратындар пайда бола бастады. Өзге елге жихадқа аттанып өлім құшқандар мен өз елінде экстремистік идеяларды таратып түрмеге қамалғандар саны артты.

Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы «ахилер» мен «ухтилерден» немесе «браттар» мен «сестралардан «құралған жамағаттарда қаншама сана уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай.

Сол себепті, мұндай мәселені шешу ұлттың келбетін сақтаудың кепілі болмақ. Бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлінуі салдарынан тұтас мемлекеттердің тұрақтылығы шайқалғандығын тарих көрсетіп берді. Аталмыш мәселенің алдын алу кезек күттірмейтін шара. Бұл бағытта, заңдар қайта қаралып, толықтырылды, арнаулы орталықтар құрылды. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Алайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.

Діни сауаттылық дін туралы білім ретінде жалпы сауаттылықтың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Барлық әлемдік, дәстүрлі, жаңа пайда болған діни ағымдардың тарихын, ілімін, құндылықтар жүйесінен танып-білу мен жалған діндердің, экстремистік топтардың белгілерін ажырата алу дағдысы қалыптасқан адамда радикалды идеяларға қарсы «ақпараттық иммунитет» қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастырудың негізгі құралы ретінде «Дінтану» курсы өзекті бола түседі. Ортаңғы білім беру мектептерінде 2009 жылдан бастап оқытылып келе жатқан аталмыш пән қазіргі таңда жаңарту мен толықтыруды қажет етеді. Өйткені, қазіргі таңдағы діни ахуал күрделене түсті. Сәйкесінше, «дінтану» пәнінің оқулығына әлемдік діндер мен дәстүрлі емес діни ағымдар туралы объективті мәліметтер берумен қоса діни экстремизм туралы түсінік, оның белгілері, ғаламтордағы көріністері секілді күрделі бөліммен толықтырылуы тиіс. Аталмыш пәннен сабақ беретін мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар дайындалып, біліктілікті көтеру курстары ұйымдастырылуы қажет. Мұндай курстарда арнаулы мамандар мұғалімдерге экстремизмнің табиғаты, алғышарттары туралы мағлұматтар беріп, экстремистік сайттарды анықтау, салыстыру жолдарын үйретеді. Бұл шара ұстаздардың оқушылармен жұмыс істеуге дайындығын арттырады.

Дін туралы білім мектеп қабырғасымен шектеліп қалмай, арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жалғасын тапқаны жөн. Студент жастар арасында дінтану курсы қабылдауға ауыр, қажетсіз, әйтеуір баға үшін оқылатын курстар қатарында қалмауын қадағалау да маңызды. Осы орайда, рухани-интелектуалды жастар тәрбиелеу үшін дінтану курсының қосымшасы ретінде дінтануға қызығушылар клубтарын құру қажет. Мұнда дін мәселесіне қызығушылық танытатын студент-жастар, дінаралық сұхбаттастықты нығайту, діни сауаттылықты көтеру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу секілді түйткілді мәселелерге өз қарастарын қалыптастырып, оларды шешу бағдарламарының жобасын дайындау секілді мәселелермен айналысады. Клуб мүшелері дінтану курсын оқыту бағдарламасын толықтыру мен жақсарту бойынша да өз ұсыныстарын бере алады. Мұның бәрі дін туралы танымды кеңейтуді қызықты әрі қарапайым ете түспек. Дін туралы білімге ие, сауатты кез-келген адам өзінің рухани бағдарын дұрыс таңдайды, өзгенің дін ұстану, ұлттық, тілдік ерекшелігіне сыйластықпен қарап, құрмет көрсетеді. Яғни, Қазақстанда қалыптасқан дінаралық келісім татулықты сақтау мен келер ұрпаққа жеткізуге өз үлесін қосар болса, өз кезегінде еркін әрі қызығушылықпен жинақталған білім мен тәжірибе өмір соқпақтарында сүрінбеудің кепілі.

Тоқтарова Г., Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы БАҚ мониторингі бөлімінің бастығы

http://abai.kz/content/dini-sauatsyzdyk-dini-ekstremizmnin-bastauy

.
Яндекс.Метрика