«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның кейбір баптарына шолу

Қазақстан көпэтносты, көпконфессиялы мемлекет. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері мен 17 діни конфессиялар қызмет етеді. Мемлекетіміздің орналасу аумағы да Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында орналасқандықтан Қазақстанның ішкі қалыптылығы бұл аймақтарға айтарлықтай әсер ететіндігі анық. Сол себепті де Қазақстанда елдегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бейбітқатар жасасуына барынша жағдай жасалуда. Түрлі ұлт өкілдері Конституцияда белгіленген азаматтық құқықтары мен бостандықтарына ие. Ал діни конфессиялар 2011ж. қайта қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң шеңберінде қызмет атқарады.

Аталмыш Заң мемлекет пен дін арасында айқын, құқықтық тұрғыдан жүйеленген өзара байланыс пен қызметтестіктің жүзеге асуын қадағалайды.

Мысалы, Заңның 3-бабының 6-тармағында:«Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» деп көрсетілген.

Бұл өз кезегінде елімізде қалыптасқан конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту, азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге кепілдік болып табылады.

Заңның 4-тарауы «Діни бiрлестiктерді құру, мемлекеттік тіркеу, қайта ұйымдастыру, тарату» деп аталады. Аталмыш тарауда діни бірлестік құру талаптары, қажетті құжаттары, жарғысы мен мемлекеттік тіркеуден өту ережелері толық берілген.

Дін туралы заң қабылданған соң бір жыл көлемінде елдегі діни бірлестіктерді қайта тіркеу шарасы өтті. Қайта тіркеу діни конфессияларлың мәртебелерін Заң жүзінде бекіте отырып олардың міндеттерін тағы бір анықтау еді. Бұл шара мемлекет пен діни бірлестіктер арасында шынайы қарым-қатынастың жүзеге асуын қамтамасыз етті. Сондай-ақ, дін ұстанушыларды дін атын жамылған деструктивті және радикалды ағымдар мен топтардың ықпалынан қорғау арқылы азаматтардың Конституцияда белгіленген құқықтарын жүзеге асыру болып табылады.

Дін туралы Заңның 6-бабында Діни бірлестіктердің материалдарына дінтану сараптамасын дінтану саласында арнайы білімі бар адамдар, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың өкілдерін және өзге де мамандарды тарта отырып, жүргізіледі деп анықталады және жүргізу шарттары көрстеліген:

1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың уәкілетті органға өтініштері;

2) Қазақстан Республикасы ұйымдарының кітапхана қорларына, сондай-ақ уәкілетті органға діни әдебиеттің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келіп түсуі;

3) жеке тұлғалардың миссионер ретінде тіркеу және діни бірлестіктерді тіркеу туралы өтініші;

4) жеке өзі пайдалануға арналған материалдарды қоспа¬ғанда, діни мазмұндағы ақпараттық материалдардың әкелінуі;

5) уәкілетті орган басшысының бұйрығы.

Сондай-ақ, Үкімет тарапынан бекітілген «Дінтану сараптамаларын жүргізу қағидалары» заңнамалық актісінде дінтану сараптамасын жүргізу мерзімі (30 тәулік), талаптары және т.б. анықталады. Мұндай айқындамалар діни бірлестіктердің ақпараттық материалдарына, жарғыларына мейлінше объективті сараптама жасауға мүмкіндік береді.

Қоғамның діни өміріндегі тағы бір өзекті мәселе миссионерлік қызмет болып табылады. 2011ж. қабылданған жаңа Заңда миссионерлік қызметті өткізу туралы (8-бап) миссионерлер мен діни бірлестіктерге қойылатын талаптар мен шарттар анық жазылған. Мұнда елге келуші миссионерлердің толық құжаттарын талап етілуімен қатар, оның діни ілімді таратуда қолданылатын аудио-видео жазбалары, діни әдебиеттері толық дінтанулық сараптамадан өткізіледі делінген.

Дін туралы заңда көрсетілгендей, Республика территориясында миссионерлік қызмет атқару үшін дін таратушылар уәкілеттік органның аумақтық бөлімшелеріне келесідей құжаттарды ұсынуы қажет:

1) паспортының немесе жеке куәлігінің көшірмесін;

2) миссионерлiк қызмет аумағы мен мерзiмi көрсетiлген өтiнiшті;

3) дiни бiрлестiктің атынан миссионерлiк қызметті жүзеге асыру құқығына дiни бiрлестiк берген құжатты;

4) миссионер өкілі болып табылатын діни бірлестікті Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және оның жарғысының көшірмесін;

5) миссионерлік қызметке арналған діни әдебиетті, дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттар.

Сондай-ақ, заңда Қазақстан Республикасына шет елден келетін және азаматтығы жоқ тұлғалар миссионер ретінде тіркелу үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне:

1) миссионер оның атынан өкілдiк ететін дiни бiрлестiктің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша ресми тiркелгендiгiн куәландыратын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжатты;

2) Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктің шақыруын қосымша ұсынады.

Шет мемлекеттер берген құжаттардың қазақ және орыс тілдеріне аудармасының дұрыстығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының түпнұсқалығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрінде табыс етіледі.

Жоғарыда берілген миссионерлік қызметті тіркеу мен қайта тіркеу қызметтері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылдың 7 ақпанында №211     қаулысымен бекітілген «Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу» туралы мемлекеттік қызмет стандартында толық берілген.

Байқағанымыздай, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қоғамның ажырамас бөлігі болып табылатын діни өмірдің үйлесімділігін, дін мен мемлекеттің қатынасын, халықтың діни сенім бостандығын жүзеге асыруды реттеуге толық мүмкіндік береді. Жоғарыда көрсетілгендей, Заңда әр адамның діни қызметпен айналысу еркіндігі, діни бірлестіктердің мемлекеттік тіркелу шарттары, дінтану сараптамасы, діни миссионерлік секілді қызметтерді заң жүзінде реттеу қамтылған.

Гульнафиз Тоқтарова, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері

http://www.baq.kz/kk/news/35134

.
Яндекс.Метрика