Жалпы адамзаттық құндылықтар – сұхбаттастықтың өзегі

Жалпы адамгершілік құндылықтар ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейін аса маңызды мәнге ие өзекті тақырыптардың бірі. Жалпы адамгершілік құндылықтар жайлы гуманитарлық бағыттағы барлық салалар, яғни философия, психология, мәдениеттану, әлеуметтану, эстетика, этика және педагогика ғылымдары кеңінен қарастырады.

Жалпы адамгершілік құндылықтар ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейін аса маңызды мәнге ие өзекті тақырыптардың бірі. Жалпы адамгершілік құндылықтар жайлы гуманитарлық бағыттағы барлық салалар, яғни философия, психология, мәдениеттану, әлеуметтану, эстетика, этика және педагогика ғылымдары кеңінен қарастырады. Құндылықтарға бейімделу, оны бойына сіңіру жеке тұлғаны қалыптастырушы негізгі факторлардың бірі болып табылады. Әлем сахнасындағы кез келген ұлт пен ұлыстың руханияты, мәдениеті басқа халықтармен салыстырғанда өзіндік ерекшелік пен айырмашылыққа толы құндылықтарға ие. Құндылық, соның ішінде әсіресе рухани құндылық ұғымы үлкен мән мен маңызға ие.

Құндылық – мәдениеттің құрамдас бөлігі. Мәдениеттің құрамдас бөлігі болуы себепті құндылық адамдардың жеке тұлғасына қатысты тәрбиені жүзеге асырумен қатар, жалпы қоғамның дүниетанымдық көзқарасы мен ұстанымын, ертеңгі күн бағдарын айқындайды.

Рухани құндылық ғасырлар бойына дүниетаным мен дәстүр негізінде үздіксіз қалыптаса отырып атадан балаға, яғни ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде берілетін баға жетпес асыл қазыналардың бірі.

Осы заманғы экономика мен ақпараттық технологияның қарыштап жетістікке жету заманы негізінде жалпы адамзат баласының құндылықтарды, яғни халық даналығын, философиялық ілімдерді, ғасырлар бойы қордаланған күнделікті тұрмыс пен тіршіліктен алынған нәтиже, білім, теорияларды игеруінде жатыр.

Біреудің ала жібін аттамау, қиямет жасамау, зорлық-зомбылық, ұрлық, адам өлтіру, өтірік айтпау т.б. сияқты нәрселер барлық адамзатқа тән ұғым. Жаман әдеттер мен іс-әрекеттерден бойын аулақ салып жиренуінде адам баласының әу баста жаратылысының таза екендігін аңғартады. Өйткені адам табиғаты ерекше даналық пен ақылға ие. Бұл жайында әлемге танымал орта ғасыр ғұламаларының бірі әл-Фараби бабамыз адам болмысына адам мәдениетті хайуан деп анықтама берген болатын.

Өзіндік дүниетаным негізінде қалыптасқан философиялық түсінік пен діни дүниетаным әлем халықтарының барлығына тән ортақ құбылыс.

Ата-баба салт-дәстүріне құрмет пен үлкенге қызмет, кішіге ізет көрсету қай-қай ұлт пен ұлыстың болмасын мәдениетінде үлкен орын алады. Мысалы ежелгі өркениетке тән діндер мен ілімдердің бірі болған конфуци және лаоцизмде ата-баба жолын қастерлеп, оларға құрмет көрсету, дәстүрді берік ұстану аталмыш ілімнің негізгі өзегіне айналып, ХХІ ғасырда да өз құндылығын жойған жоқ.

Кемел ұстаз атанған Конфуций: «Адамгершілік қасиетке деген құлшыныс барлық жамандық атаулыдан азат етеді, десе келесі бір сөзінде әр бір адам өзіне тән жеке құмарлығының себебінен қателеседі. Сол жіберілген қателікке қарап оның адамгершілік деңгейін анықтауға болады»,-дейді. Адамгершілік жайлы, яғни жалпы адамзаттық құндылықтарды қамтитын бұндай ойлар мен ұстанымдар буддизм, иудаизм, христиан және ислам діндерін де кездеседі.

Көне Үндістанда б.з.д. IV ғасырда пайда болған буддизм дінінің басты бағдары адамның жаман мінез бен әдеттерден бойын аулақ салып, рухани кемелдікке жол тарту. Бұл принциптер, яғни адамгершілік мінез-құлық, ақыл парасат түзулігі мен дұрыс өмір салты буддизм дінінің «сегіздік жолынан» көрініс тапқан. Бұдданың «Денсаулық – ұлы жеңіс, қанағат – ұлы байлық, сенім – ең жақсы туыс» деген сөздері буддизм ілімінің философиялық мәнін көрсетіп қана қоймай, жалпы адамзаттық құндылықтарды паш етеді.

Қатаң монотеизмге (бір құдайлық) негізделген құқықтық, моралдық-этикалық ережелерден тұратын ежелгі иудаизм дініндегі қасиетті Талмұтта – яһудейліктің негізгі идеологиялық, культтік және діни-құқықтық түсініктерін бекіткен трактаттар жинағында мынандай астарлы әңгіме бар: бір адам дін басына келіп иудаизм діні жайлы сұрағанда дін басы оған: «Өзіңе біреудің істегенін қаламайтын істі көршіңе істеме. Бұның бәрі қасиетті діни кітаптардың бірі болған Тауратта жазылған», деп жауап береді. Адам баласының өзіне қаламайтын жамандық атаулыны басқа адамдарға тілемеуі қоршаған ортаның, әлемнің, адамзат мәдениеті мен өркениетінің, жалпы алғанда адамзаттық құндылықтардың өзара үйлесімділікте дамуының бірден бір себебі болмақ.

Ислам және христиан діндерінің негізгі мақсаты мен мәні адамның осы өткінші дүниеде ізгі амалдар жасай отырып, өзін-өзі рухани кемелдендіру болып табылады. Әр бір амалы үшін Құдай алдында жауап беру түсінігін қамтыған екі діннің негізгі ұстанымы – ол адам тәрбиесі.

Иса пайғамбар Тау уағызында: «Сенен сұрағанға бер, сенен білгісі келгеннен теріс айналма», «...Барлық істеріңде өзіңе өзгенің не істегенін қаласаң, сен де басқаларға соны істе» және т.б. өсиеттері екі мың жыл өткеннен кейін де өз мәні жойған жоқ.

Мұқтаж жандарға қолдан келгенше көмек қолын созу, адамгершілік қасиеттерге тән ізгілік, қайырымдылық, әдептілік деген ұғымдар мен қатар жамандық атаулыдан бойды аулақ сала отырып, тек жақсылықтарға ұмтылу сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды сөз еткен ислам дінінің қасиетті Құран аяттарында көптеген мысалдар кездеседі. Сондай мысалдардың бірі әлемнің барлық халықтарына тән ата-ананы құрмет тұту, қадірлеу және оларды қартайғанда қамқорлығына алу туралы Исра сүресінің 23-24 аяттарында былай делінген: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарында кәрілікке жетсе: «Тұх» деме. (Кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жайда: Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей сенде оларды мәрхаметіңе бөлей көр!»,- делінген. Жарық дүниеге әкелген ата-ананы өз деңгейінде бағалай білу сол ұлттың тәрбиесінің кемел болуымен қатар, үлкенді кіші сыйлаған ертеңгі ел болашағының келбетін сомдайды.

Философ Т.Қ.Ғабитов «құндылықтар – қасиеттер» дей отырып, бұл қасиеттердің бала кезден, ана сүтімен бірге өзінің ана тілі арқылы мораль негіздері ретінде, өз тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін игеру нәтижесінде орнығатындығын ерекше бағалайды. Яғни, құндылықтарға адамның жеке тұлғасын жан жақты әрі шынайы жетілдіруге ықпал ететін қасиеттердің барлығы жатады.

Бүгінгі экономиканың, технологиялық және жаңа инновациялық даму үдерісі үздіксіз жүріп жатқан ХХІ ғасырда Қазақстан Республикасы адамзат құндылықтарын арқау еткен Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім мəселесінің өзектілігін назардан тыс қалдырмауда. Елімізде төрт дүркін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің өтуі жас мемлекетіміздің әлем сахнасында ұстанған негізгі бағыт-бағдарын білдіріп қана қоймай, дінаралық сұхбаттастық пен келісім аренасына айналдырды.

Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің бас қосуларында конфессияаралық келісімнің негізгі ұстанымдары болған толеранттылық, өзара құрметтеу мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік ұғымдары айқындалды.

Қазақстан конфессияаралық келісім мен өзара үнқатысу алаңында жоғарыда келтірілген принциптерді берік ұстануда. Дінаралық сұхбаттастықтың өзегі діндерден жалпы адамзатқа тән ортақ құндылықтар мен белгілерді, ортақ түсініктер мен мақсаттарды іздестіру болмақ.

Тарихқа көз жіберсек тәңіршілдік, зароостризм, буддизм, христиан және ислам діндерін ұстанған қазақ жерінде дінге, яғни діни дүниетанымға қатысты келіспеушілік пен араздық ешқашан орын алмаған. Басқа ұлт өкілдері мен діндерге деген төзімділік қазақ халқының бойынан табыла білген. Қазақ халқы Құранның «Дінде зорлық жоқ» деп «Бақара сүресінің» аятында айтылғандай көзқарасты ұстана отырып, қай кезеңде болмасын басқа ұлт өкілдерін өз бауырына басып қонақжайлылық пен қамқорлықтың керемет үлгісін көрсете білген.

Алмурзаева Бибигул,Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігіМәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының сарапшысы

 Ult.kz

.
Яндекс.Метрика