Дін тақырыбының БАҚ-та жариялануы

Университет қабырғасында жүргенде ұстазымыз «баспасөздің шындығы екі қатар жазудың арасында» дегені бар еді. Екі қатар жазудың арасы аппақ, таза екенін ескерсек, баспасөзде шындық жоқ дегенді ұстаздың айтпақ болғанын түсінеміз. Егер, бұл қағиданың өзі шындыққа жақын болса, бұқаралық ақпарат құралдарының биліктің төртінші сатысынан орын тепкені қалай? Бүгінгі ақпарат көздерінің қызметі қай деңгейде, бұқаралық ақпарат құралдары өкілі өз қызметіне қаншалықты адал? Дегенмен, біздің бүгінгі айтпағымыз бұл емес. Айтқымыз келгені – бүгінгі таңда өмірдегі өзекті мәселелер қатарынан ойып орын алып тұрған дін тақырыбының ақпарат айнасында жариялануы.

Рас, егемен елдегі татулық пен бірлікті, ынтымақ пен тұрақтылықты жан-жақты насихаттау ең алдымен БАҚ өкілдерінің еншісінде. Журналистердің еңбегі арқылы қоғамдық пікір, талғам, көзқарас қалыптасатындығын және жоққа шығара алмаймыз. Осы орайда, түрлі дін өкілдері мекен еткен тәуелсіз елдегі тату тіршілік, діни ахуалдың ақпарат құралындағы көрінісі қандай деген сауалға тоқталайық?

Күнделікті жұмыс барысында республикалық беделді ақпарат құралдарына жасалатын мониторингке сүйенсек, 2014 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларында мыңға жуық материал жарияланған. Осы материалдарды тілдік тұрғыда қарастырсақ, қазақ тілді ақпараттардан гөрі, орыс тілді ақпараттардың басымдылығы байқалады. Ал ақпараттың таратылу көзі (баспа басылым, телевизиялық, интернет ресурстар) тұрғысынан қарасақ, интернет ресурстардың дін тақырыбындағы ақпараттарды таратудағы белсенділігін байқаймыз. Мыңға жуық сандық көрсеткіштөмен нәтиже емес шығар, әрине. Дегенмен, осы материалдардың басым көпшілігі тек ақпараттық сипатта екендігін байқауға болады. БАҚ-тың ақпараттық қызметінен бөлек ағартушылық қызметі барын ескерсек, осы тұрғыда халық санасында дәстүрлі діндердің қадір-қасиетін дәріптеп,  ұрпақ санасына сіңдірудің қамын ойлаған да дұрыс секілді. Рас, жоғарыда көрсетілген сандық көрсеткіште ағартушылық мазмұнға ие мақалалар, ақпараттар жоқ емес. Олардың авторы көбіне дін өкілдері немесе дін мамандары болып келеді.

Сонда ақпарат құралдары өкілдерінің бұл тақырыпты айнала өтіп, жалаң ақпаратты беруімен шектелуінде нендей себеп жатыр? ҚР Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жанында Бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыптарды жариялау бойынша Әдістемелік кеңес қызмет атқарып келеді. Әдістемелік кеңес бұқаралық ақпарат құралдарында дін тақырыбының сапалы және кәсіби тұрғыда жариялануына, түрлі дін өкілдері мен журналистер арасында ынтымақтастық орнатуға ықпал етуші орган саналады. Осы Кеңес қабырғасында өткізілген отырыстар барысында журналистердің жалаңдыққа бой ұру себептері өзінше талқыланып, аса сақтықты талап ететін нәзік тақырыпты жазуда ойға ұстануға қажет жайттар сараланады. Екі тараптың ойы кейде бір арнаға тоғысып, ортақ қызмет жасауға ұмтылыс білдірілгенімен, кейде бірі ақпарат таратуда ізденістің жеткіліксіздігін, асығыс ақпарат жеткізуге ұмтылыстың барын айтса, екінші тарап БАҚ-та жарияланатын ақпарат тақырыбы көбіне басшылық жақтан бекітілетіндігін көлденең тартады. Ортаға салынған ойдың оң шешім табуы үшін сонда не жасау қажет? Нені басшылыққа алған дұрыс?

Жоғарыда аты аталған Әдістемелік кеңестің кезекті отырысында Бас редакторлар клубының жетекшісі Жолдыбай Кенжеболат мырза «ҚР Үкіметінің жанынан Бас редакторлар кеңесі құрылса, екіншіден, дін тақырыбын түбегейлі зерттеп, сол бағытта ғана жұмыс жасайтын журналистерді дайындауға мемлекет тарапынан қаражат бөлінсе» деген ойын ортаға тастады. Ия, бұл пікірмен келісуге де болады. Әйтсе де, ақпараттар ағыны көз ілеспес жылдамдыққа ие жаңа заманда қашан қаражат бөлінеді екен деп қол қусырып, жоғары жаққа жәутеңдеп отыруға тағы болмас. Сонда не істемек керек?..

БАҚ-та жарияланатын ақпараттарда жай көзге қарапайым көрінетін қателіктер халық арасындағы діни сауаттылық деңгейін көтеруден бұрын, діни білімі төмен оқырманның ойын шатастыруы әбден мүмкін. Осы тұрғыда,

- журналистер қауымы ең алдымен ақпарат жариялауда ұрандатушылықты емес, ақпараттың дәлдігіне көңіл қойса;

-   берілетін ақпараттың көпшілік қауымға түсінікті әрі жеңіл болуын, үрей туындатпауын қадағаласа;

-    ақпараттарды қолданған діни ұғымдардың дұрыстығына жете мән беріп отырса;

-  жоғарыда айтып өтілген ақпараттардың тілдік көрсеткіші тұрғысынан айтар болсақ, қазақ тілді басылымдардың оқырмандары ауыл тұрғындары екендігін ескеріп, сол аудиторияға жеткізілетін ақпараттар санын арттырса, яғни, қазақ тілді басылымдар тұщымды әрі наұты ақпараттар беруде белсендігін күшейтсе;

-   әрбір белді басылымда, әсіресе, жергілікті ақпарат құралдарында (мейлі ол газет не портал болсын) дін тақырыбын қаузайтын тұрақты айдар ашылса;

-      БАҚ пен діни бірлестіктер және осы саладағы мүдделі мемлекеттік органдар арасында тығыз байланыс орнатылса деген ұсыныс журналистер қауымының көкейінде жүрсе екен.

Әрине, «айшылық алыс жерлерден, көзді ашып жұмғанша жылдам хабар алғызған» заман ақпарат құралдары өкілдеріне қойылар талаптың жоғарылығын байқатады. Біреуге жол сілтеп, ақыл айтудан аулақпыз. Біздікі бар болғаны татулығы мен ынтымағы жарасқан іргелі елдің керегесінің кеюіне сіз бен біз болып атсалыссақ екен деген тілек қана.

Аманбай Шынар, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының  бас сарапшысы

 http://today.kz/kz/news/2014-07-08/din-ta%d2%9byrybyny%d2%a3-ba%d2%9b-ta-zhariyalanuy/

.
Яндекс.Метрика