«Дінтану негіздері» оқулығына қоғамдық көзқарас

Қазіргі тандағы Қазақстанның саясаты конфесcияаралық бейбітшілік пен келісімді орнатуға, қазіргі заманғы қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтардың жаңа жүйесін құруға бағытталған. Бұл әсіресе көп конфесcиялы және көпұлтты қазақстандық қоғам үшін өзекті болып табылады. Қазақстанның ұлттық-мәденитін нығайту, жастарды патриотизмге тәрбиелей отырып, сан ғасырлық рухани құндылықтар мен әлемдік және дәстүрлі діндердің жасампаз тәжірибесіне тартуды қажет етеді. Діни ілімнің даму тарихы, яғни бүгінде кеңінен қанат жаюы Қазақстан мәдениетінің қалыптасуы мен ертеңгі болашақ күннің бағдарын айқындауда елеулі әсер етуде.

Еліміздегі көпұлттылық пен көпконфессиялық жағдайы өз кезегінде жастардың, соның ішінде жасөспірімдерге заман талабына сай мектеп қабырғасында әлемдік діндер тарихын, олардың діни сенімдері мен ұстанымдарын, сонымен қатар ел аумағында әрекет етуші дәстүрлі және дәстүрлі емес діндер және олардың ағымдары жайлы қажетті мәлімет беру, бір сөзбен айтқанда зайырлы тұрғыда діни сананы қалыптастыруға бағытталған «Дінтану негіздері» пәнін енгізуге деген қажеттілікті тудырды.

«Дінтану негіздері» оқулығына деген сұраныс қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым және дінтанушы сарапшылар арасында түрлі көзқарастар мен пікір-таластарды тудырды.

Жалпы «дінтану» ұғымына тоқталар болсақ ол – діннің мәнін, оның тарихы мен қазіргі таңдағы жай-күйін зерттейтін ғылым.

Дінтанудың дін оқуынан немесе теологиядан (theos – құдай, logos – ілім), яғни Құдай туралы ілімнен принципті түрде ерекшеленетінін айрықша атап өту маңызды. Дін оқуы мұсылман елдерінде арнаулы медіресе мен мешіттерде сабақ ретінде, ал батыс еуропаның елдерінде шіркеулерде немесе арнайы діни оқу орындарында жүзеге асырылады. Ал мұнда дінді немесе діндерді насихаттамайды, оларды объективтілік мазмұнда түсіндіруді мақсат етеді. Бұл пән – зайырлы қоғамның дін және діндер туралы сараптамасы.

«Дінтану негіздері» пәнінің мақсаты – әлемдік және еліміздегі дәстүрлі діндер ілімін, түрлі ағымдар мен олардың тарихын зайырлы ұстаным негізінде объективті түрде білім бере отырып, жасөспірім мен жастардың бойында гуманистік дүниетаным негіздерін, рухани-адамгершілік құндылықтарын, жалпы алғанда діни сана мен сауаттылықты қалыптастыруға ықпал ету. Сонымен қатар жастар санасына теріс пиғылды деструктивті және радикалды ағымдар мен олардан сақтану жайлы мәлімет беру аталмыш пән міндеттерінің бірі.

Алғаш рет дінді таза ғылыми тұрғыда зерттеу қажеттілігі туралы ой ойшылдардың ойына орта ғасырлар кезеңінде-ақ ұялағанымен, бұл идея тек XVIII ғасырда ғалымдар арасында қолдау тауып қана қоймай, жеке ғылым ретінде қалыптаса бастады. ХІХ ғасырда дінтану біржолата пісіп-жетіліп, әлеуметтік-гуманитарлық ғылым жүйесінде өз орнын тапты.

Дінтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі М.Мюллер «Дін туралы ғылымға кіріспе» атты дәрістерінде: «Барлық діндерді немесе, қалай болғанда да, адамзаттың ең маңызды діндерін алаламай және нақты ғылыми түрде салыстыруға негізделген дін жайындағы ғылым»,- деп жазды.

Бүгінгі таңда дінтану мәселелерімен тұтастай ғылыми ұжымдар: ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындарының мамандандырылған кафедралары айналысуда.

Жалпылай айтқанда, дін тақырыбы дегеніміз: діннің пайда болу уақыты, себептері мен жағдайлары туралы деректерге талдау жасау, діннің даму және қызмет ету заңдылықтарын, оның сан алуан ерекше құбылыстарын, өркениетті үдерістердегі, адамзаттың рухани мәдениеті жүйесіндегі рөлін, сонымен қатар діннің осы мәдениеттің басқа құрамдас бөліктерімен өзара байланыстыратындағы түрлерін оқып-үйрену, діннің адамның жеке өміріндегі рөлін анықтау болып табылады.

Елімізде алғашқы «Дінтану негіздері» оқулығы 2003 жылы Ғ. Есім бастаған бірнеше оқымыстылар тарапынан Алматы қаласы «Білім» баспасында жарық көрді. Бұл оқулыққа дінтану білімінің тарихы мен негізгі ұғымдары туралы ықшамдалған мағлұматтар енді.

Оқулықтың жарық көруіне деген сұраныс еліміздің өз алдына дербес мемлекет болғаннан кейін көпконфессиялы және көпұлтты құраған діни ахуалының әуел бастағыәр алуандығы негізінде пайда болды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары етек-жеңімізді енді жинай бастаған уақытта сырт елдерден келген теріс пиғылды ағымдарға тап болдық. Талай азаматтарымыз дәстүрлі дініміз бен ұстанымымызға жат бөгде ағымдардың жетегінде кете барды. Бұл мысалдар жетпіс жыл Кеңес Үкіметінің құрамында бодаулықтың қамытын киген халқымыздың рухани дүниесінде, соның ішінде діни сенім мен ата-баба салт-дәстүрінде біраз тоқыраулардың орын алуы себебі екендігін көрсетті.

2011 жылғы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданғаннан кейін еліміздің бүгінгі таңдағы діни ахуалында бірқатар өзгерістердің орын алуына айтарлықтай ықпал етті.

2012 жылғы қайта тіркеу барысында алдыңғы жылдағы көрсеткіш 32 пайызға қысқарып, 17 конфессияны қамтыған 3088 діни бірлестік пен оның филиалдары тіркелсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 18 конфессияны құраған 3434 діни бірлестіктер мен оның филиалдарын көрсетіп отыр.

Соның ішінде еліміздің барлық аумағында 2367 діни бірлестік ислам дініне тиесілі болса, православтық христиан дініне 293, христиандық католик дініне 84, иудаизм 7, буддизм 2, бахаи конфессиясына тиесілі 6 діни бірлестік әрекет етсе, қалған діни бірлестіктер мен олардың филиалдарын христиан дінінің протестанттық бағыты құрап отыр.

Еліміздің негізгі діни қауымы сүнниттік ислам және христиандық православиелік бағыттары. Кейінгі уақытта католик, протестанттық және дәстүрлі емес діни құрылымдар өз қызметтерін белсенді түрде жүргізуде.

Сонымен қатар елімізде протестантизм бағытының елуіншілер (пятидесятничество), методизм, меннонизм, пресветерианство сынды ағымдары таралуда.

Республикада діндарлар қатарының уақыт өткен сайын артып келе жатқандығы әлеуметтік зерттеулер нәтижесінен көрінеді. Қазіргі қазақстандық қоғам өмірінде діннің маңыздылығы өскен. Осы және өзге де аспектілер мемлекеттің де, сондай-ақ бүкіл қоғамның да тарапынан жіті назар аударуды талап етеді.

Діни ахуалдың уақыт өте келе бір орында тұрмай өзгеріске түсетіндігі себепті «Дінтану негіздері» оқулығына, оның ішкі мазмұнына деген сұраныс та арта түспек. Оқулықтағы мәліметтердің діни ахуалдың қоғамда орын алу жай-күйіне орай өзгеріп отыруы қалыпты нәрсе. Сол себепті оқулықты жазу барысында әрдайым заман талабы мен білім алушылар, жалпы айтқанда қоғам сұранысын ескеріп отыру қажет.

Мысалы алғаш жарық көрген оқулық пен кейінгі жылдары жарық көрген оқулық мазмұнын салыстыра отырып ондағы айырмашылықтарды айтсақ та жеткілікті.

2011 жылы «Дінтану негіздері» оқулығының екінші басылымы жарыққа шықты. Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен бекітілген бұл оқулықта дінтану негіздерінің пәні, ұғымдары, құрылымы, тарихы, әлемдік – будда, христиан, ислам діндері, оның бағыттары, тәуелсіздік жылдары елімізге таралған жаңа діни қозғалыстарға оқушылар түсінігіне сай, сараптама жасалған. Қазақстандағы діни жағдайдың тарихы, исламның қазақ халқының тұрмысы мен рухани өмірінде алатын орны және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің материалдарына талдау жасалып, халықаралық қауымдастық деңгейінде бейбітшілік пен дінаралық келісім орнату саясаты баяндалған.

Діни ахуалдың тұрақты болуына әсер етуші факторлардың бірі болған дінаралық диалог ұстанымдары мен дінаралық қатынастардағы толеранттылық мәселесі оқулықта кеңінен талқыланылады. Толеранттылық қазіргі таңда дінаралық диалог контексінде ерекше маңызға ие болғандықтан, мектеп оқушыларына осының мәні мен мақсатын түсіндіру маңызды. Ал, бүгінгі таңда діндер диалогында қай жағдайда болмасын өзге сенімге толеранттылық танытып, сыйластықпен қарау басты мәселе.

«Дінтану негіздері» оқулығы тек мектеп қабырғасымен ғана шектеліп қоймай, өз кезегінде отбасы тәрбиесіне де үлкен септігін тигізері сөзсіз. Оқулықтың ата-аналарға да берер мәліметі мен танымы мол. Бұның бәрі өз кезегінде жасөспірімнің сырттан келген дәстүрлі емес дін ағымдарына еріп кетуінің алдын алады.

Бүгінге дейін жарық көрген дінтану оқулықтары бірінде аз қамтылған мәліметтер келесі оқулықта ауқымды түрде берілсе, енді алда жарық көретін аталмыш оқулықта қазіргі заман мен қоғам талабынан туып отырған сұранысқа сай діни эктремизм мен терроризм мәселесіне тиісті деңгейде ақпаратберілуі тиіс.

Қазақстан Республикасында «Дінтану негіздері» пәнінің оқытыла бастауы – ұстаздар қауымынан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі бүгінгі таңда мектеп оқушылары мен жастарға руханияттылықтың тек дінмен өлшенбейтіндігін, дінаралық төзімділікті бойға сіңіру қажеттілігін ұғындыру аса өзекті. Пәнді кез-келген саланың ұстазы емес тек арнаулы дипломы бар дінтанушы мамандардың беруі керек. Оған себеп барлық діндер ілімі мен негізгі ұстанымдарында көзге көрінер-көрінбес аса нәзік тұстардың орын алуы. Бұл өз кезегінде ұстаздан аталмыш пәнді өтуі барысында үлкен ұқыптылықты қажет етеді. Сонымен қатар мектеп ұстаздары сабақ беру барысында дәстүрлі діндердің тарихымыз бен мәдениетіміздегі рөліне, рухани құндылықтарына мән беруі қажет. Ел аумағында әрекет етуші дәстүрлі емес діндер мен оның ағымдарын дәстүрлі діндермен салыстыра отыра ара-жігін ашып көрсету заман талабына сай қоғамдық сұраныстан туындап отырған қажеттіліктердің бірі.

Келесі мәселе пәнді оқыту барысында пәнаралық байланыстарды ескеру қажет. Материалдық дүниенің бірлігі, рухани және діни үдерістердің күрделілігі мен қарама-қайшылығын мектеп оқушылары мектеп пәндерімен, оның бағдарламаларын бірізділікпен, бірте-бірте игеру барысында жақсы ұғына түспек. Жалпы тиімді әдістердің ішінен пәнаралық байланыстарды орната білуді айтар едік.

«Дінтану негіздері» пәнін мектеп қабырғасында факультативтік сабақ ретінде емес, күнделікті өтілетін міндетті пәндер қатарынан орын алуы мен жоғарғы оқу орындарында да студенттердің осы пәннен сабақ алуын ескеру қажет. Қазіргі уақытта «дінтану» пәні өтілетін жоғары оқу орындары санаулы ғана. Бұл үдерісті жалпыландыру күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе.

Соңғы ескеретін жайт «Дінтану негіздері» оқулығын теориялық білімі мол,дін саласында үлкен тәжірибе жинаған арнайы оқымысты мамандардың жазуы тиіс.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының мерейтойлық 20-сессиясында Елбасы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» деп атауымыздың астарында үлкен мән бар. Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті Қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанымен, теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ, біртұтас халыққа айналды. Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді. Осылай елдігіміздің ертеңі ошақтың үштағаны сияқты бір халық, бір ел, бір тағдыр деген үш сөзге сиып отыр», - деп сөйлеген сөзінде ел бірлігі мен ынтымағына баса назар аударады.

Елбасының ынтымақ пен бейбітшілікке негізделген «Бір – халық, бір – ел, бір – тағдыр» мақсатына қол жеткізу үшін біздер қоғам болып жан-жақтан атсалысуымыз қажет. Діни ахуалдың тұрақтығы өз кезегінде еліміздің ішкі және сыртқы саясатының тұрақтылығының бірден бір себебі болса, онда біз ертеңгі ел болашағы болған жастардың діни сауатын көтеру қажет. Ұлттық және дәстүрлі құндылықтарды құрметтеумен қатар, діни төзімділікке тәрбиелеу ертеңгі ұрпақ алдындағы біздердің міндетіміз.

А.Әбуов,Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры филос.ғ.д., профессор

http://ult.kz/political/2692-«дінтану-негіздері»-оқулығына-қоғамдық-көзқарас.html

.
Яндекс.Метрика