Ислам және қазіргі заман

Адамзат өркениетінің даму тарихында дін өзінің өміршеңдігін танытумен қатар, маңызды функцияға ие екендігін көрсетіп келеді. Ұстанған діні мен дүниетанымына қарай тұтас халықтың руханияты, салт-дәстүрі мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі жалпы болмысы қалыптасып, соның негізінде ертеңгі күннің бағыт-бағдары айқындалады.

VII ғасырда Араб түбегінде дүниеге келген ислам діні ғасырлар бойы әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпірінде қанатын кеңге жайып, түрлі халықтарды бір мәдениет аясына біріктірді. Ислам діні орныққан аймақтарда араб тілі, дін, мәдениет және ғылым тілі ретінде айқындалды. Қалалар мен елді мекендерде, мешіттер мен медіреселер салынып, араб жазба әдебиеті орнығып, поэзия мен ғылым, музыка, қолөнер, қолданбалы өнер, ислам ғылымы қанат жайды. Шығыс пен батыс арасындағы мәдени – сауда экономикалық қарым – қатынастың дамуына Жібек жолы елеулі рөл атқарды.

Ер мен әйелге тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеуді бірдей парыз қылған ислам дінінде VII-X ғасырларда философиямен қатар астрономия, алгебра, химия, медицина, география сынды ғылымның т.б. бірқатар салалары үздіксіз даму үстінде болды. Әл-Фараби, Әл-Кинди, Ибн Сина, Ибн Араби, Ибн Рушд т.б. ұлы ойшылдар мен ғалымдар еңбектері тек мұсылман әлемінің ғана емес, христиан халықтарының дүниетанымы мен Батыс Еуропалық мәдениетінің қайта жанданып гүлденуіне тікелей әсер етуші фактор болды.

Соңғы статистикалық дерек көздеріне сүйенсек, жер бетіндегі адамзат саны 5,7 млрд. сандық көрсеткішке ие болса, соның бестен бір бөлігін,яғни 1,3 млрд. саны мұсылмандарға тиесілі. Әр түрлі ұлттан құралған мұсылман халқы әлемнің 120 елінде өмір сүрсе, 44 мемлекеттің негізгі жан санын құрайды екен. Араб түбегін есепке алмағанның өзінде, Иран, Пәкістан, Үндістан, Орталық Азия мен Шығыс Азия, бүгінгі таңда Батыс Еуропада да ислам дінін қабылдаушылар саны күннен-күнге үлкен қарқынмен өсу үстінде. «Islam-today» ақпараттық порталының мәліметіне жүгінсек, тек АҚШ-та бір жыл ішінде ислам дінін қабылдағандар саны 100 мыңға жететіндігін санақ мәліметтері көрсетіп отыр.

Дегенмен әлем саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени, сонымен қатар, ақпарат саласы бойынша үздіксіз даму үдерісі мен түйінін шешуді қажет ететін жаһандық деңгейдегі күрделі мәселелерге де толы. Басты мәселелердің бірі – нәсілі мен ұлтына қарамастан кез келген адам жүрегіне қорқыныш пен қауіп ұялатқан экстремизм және терроризм феномені.

2001 жылдың 11-қыркүйегінде АҚШ-та алып сауда үйінде орын алған террорлық оқиға,бүгінгі таңда алыс-жақын елдерде көрініс берген діни экстремистік әрекеттер бейбітшілік пен ынтымаққа, діні мен тіліне қарамастан әр түрлі халықтарды өзара татулыққа үндеген ислам дінінің «теріс» келбетін, яғни «исламафобия» ұғымын ары қарай қалыптастыруда. Солтүстік Африка континенті мен Араб түбегі және Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан бірнеше мемлекетте соңғы жылдары үздіксіз орын алған билік пен оппозиция арасындағы түсініспеушіліктер, діни топтар негізінде пайда болған қақтығыстар ислам дінінің шынайы ұстанымы мен келбетін керісінше түсінуге итермелеуде.

Өкінішке орай радикалдық діни ұйымдар мен топтардың ұстанымы салдарынан кейбір адамдар үшін ислам дінін ұстанған кез келген мұсылманның ең алдымен өз нәпсісін үздіксіз тәрбиелеуге, рухани кемелденуге жол бастаған қасиетті «жиһад» ұғымы бүгінгі бейбіт күнде қолға қару алып, соғысқа шығу сынды бір жақты әрі теріс түсінікке ие болуда.

Сырт көзге, яғни басқа дін өкілдері мен ислам дініне қатысы жоқ адамдар тарапынан террорлық және экстремистік әрекеттердің себебін ислам дінінен іздеу феномені кең етек алуда. Бұған дәлел ретінде Амине Сафи есімді американдық қыздың ислам діні мен мұсылмандар жайында қалыптасқан жаңсақ әрі жағымсыз түсініктердең пайда болуына бұқаралық ақпарат құралдарының ықпал еткенін, американдық тілшілердің ислам дінін лаңкестікпен байланыстыруды әдетке айналдырып алғанын анықтағандығы жайлы зерттеу жұмысының нәтижесін мысал ретінде алға тартсақ та болады.

Үш ай бойы ерінбей-жалықпай Америка прессасын зерделеген ол жергілікті «Pioneer Press» және «Minneapolis Star Tribune» баспа басылымдарында 2009 жылдан бері ислам дінін лаңкестікпен байланыстырған 115 мақала жарық көргенін анықтап білген. Зерттеу мен зерделеу барысында елде лаңкестік оқиға орын алған жағдайда, соның 54% бұқаралық ақпарат құралдарында ислам діні мен мұсылмандарға бір сүйкеніп өтетінін, яғни, «ислам», «мұсылман» сөздері еске түсірілетінін анықтаған. Ең сорақысы, «ислам», «мұсылман» сөздерін лаңкестікпен байланыстыра қолдану 70 пайызды көрсеткен.

Жоғарыда келтірілген себептер мен салдарлар нәтижесінде соңғы жиырма жыл ішінде ислам діні мен мұсылмандарға шүйліге қарау «исламафобия» ұғымының пайда болып, таралудың үлкен қарқынына ие болды.

«Исламафобия» терминін ең алғаш 1997 жылы британдық «Runnymede Trust» зерттеу орталығы тарапынан жарияланған «Исламафобия – вызов для всех» атты мақала негізінде пайда болды.

Гордон Коннуэй есімді профессор өз кезегінде «исламафобия» ұғымына «БАҚ пен қоғамда ислам діні мен мұсылмандарға жеккөрушілік және қорқынышпен қараудың орын алуы» деп анықтама береді.

Аталмыш себептерден пайда болған «исламафобия» ұғымына қарсы мұсылман қауымы да әлемнің түкпір-түкпірінде халықаралық конференциялар ұйымдастырып, өз кезегінде ислам дінінің шынайы бейнесі мен ұстанымын насихаттауда.

Араб елдеріндегі қақтығыстар мен көтерілістер, діни экстремистік және террорлық актілер кейбір мұсылмандардың босқынға айналып, басқа мемлекеттерге, соның ішінде Батыс елдеріне қоныс аударуы сол жердің әлеуметтік, саяси-экономикалық және демографиялық болашағына да тікелей әсер етуде.

Ислам діні жаһандану дәуірінде қайта жаңғыру үдерісінің паралельді түрде бірнеше сатысын бастан өткеруде. Бүгінгі таңда дін атын жамылған діни топтар мен ұйымдар және шариғат үкіміне негізделген, рухани құндылықтарды паш еткен дәстүрлі ислам діні арасында үздіксіз күрес жүруде.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан бері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен еліміздің дін саласында келелі іс-шаралар атқарылды.

2003 жылдан бастап «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің» төрт рет өтуі мемлекетіміздің әлем сахнасында тек саяси-экономикалық дамуды көздеген ел ретінде ғана емес, ХХІ ғасырдың өзекті мәселелерінің бірі болған рухани-мәдени құндылықтарды арттыруға шақырған ұстанымымен өзіндік орын мен рөлге ие болып, дінаралық сұхбаттастықтың келісім алаңына айналды.

Ел ішінде діни ахуалдың тұрақтылығын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 18 мамырдағы № 84 Жарлығымен құрылған Дін істері агенттігі (Агенттік) және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маңызды жұмыс атқарып үлкен еңбек сіңіруде.

Агенттік дін саласындағы ҚР ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етумен, яғни ел аумағында құрылған діни бірлестіктердің, миссионерлердің, қызметін зерделеу мен талдау және дінтану сараптамасын жүргізуді қамтамасыз етіп, Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған жеке және заңды тұлғалардың, соның ішінде діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салу жөнінде құқық қорғау органдарына ұсыныстар енгізу бойынша функцияларды жүзеге асыруда.

Діни ахуал тұрақтылығының кепілі болған халықтың діни сауатын арттыру және ата-баба салт дәстүрін ұстана отырып, дәстүрлі ислам дінінің рухани құндылықтарына шақыруда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еңбек сіңіруде.

Сондай-ақ, ҚМДБ мен Агенттік өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғандығы алдағы уақытта діни ахуалдың тұрақтылығына септігін тигізер маңызды құжаттардың бірі айналды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 23 қазандағы № 1141 қаулысы бойынша діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік органдардың экстремизм, терроризм және сепаратизм идеяларының таралуына қарсы жұмыстарыжүзеге асуда.

Алмурзаева Бибигул, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының сарапшысы

Ult.kz

.
Яндекс.Метрика