Жоғары руханият – зайырлы және діни құндылықтар негізі

Жоғары руханият – зайырлы және діни құндылықтар негізі

Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Сондықтан, зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделеді.

 

Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановпен әңгіме

– Марат Алмасұлы, исі мұсылман жұртының мүбәрак мерекесі – Ораза айы құтты болсын! Әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ. Біздің зайырлы мемлекетіміз үшін мұндай діни ғұрыптар мен мерекелердің маңызы қаншалық?

– Әлбетте, маңызы ерекше. Себебі, зайырлы мемлекет «дін­сіз мемлекет» деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін теріске шығарылмайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі. Әркімнің өз қалауына сәйкес діни сенімді ұстануға немесе ұстанбауға еркі бар.

Біздің Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын, ол халықтың дінге деген ықыласынан да көрінеді. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқының ата діні ислам екені баршаға белгілі. Мемлекет азаматтары болып табы­латын еліміздегі өзге ұлт өкіл­дерінің де басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Сондықтан халық үшін маңызды болған мереке мемлекет үшін де маңызды.

Ораза айын исі мұсылман баласы асыға күтеді. Бес парыздың бірі – отыз күн оразасын ұстап, сенімін қуаттандырады, рухани нәр алады. Күн сайын ауыз­ашарда бас қосып, бата жасаған, тарауих намазын оқып, тілеуін бірге тілескен жамағаттың бірлігі бекиді, ынтымағы артады. Ислам – бірлік пен бейбітшіліктің діні, ал бірліктің бастауы – осындай мерекелер.

– Осы тұста көптің көңілінде жүрген бір сұрақты қоюдың орайы келіп тұрғандай. Дін саласындағы мамандардың дінге жақындығы қаншалық? Агенттік қызметкерлері де ораза тұта ма?

– Сұрағыңыздың астарын түсіндім. 2011 жылы діни қыз­мет саласындағы жаңа заң қабыл­данғанда 7-тармақтағы «мем­лекеттік мекемелерде діни рәсімдер мен жоралар атқарылмайды» деген ережені бірқатар азаматтар жаңсақ түсінгендіктен, «мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне дін ұстануға рұқсат етілмейді екен» деген мазмұнда түрліше қате пікірлер туындаған болатын. Бұл мәселені әлі де дұрыс түсінбей жүр­гендер үшін айқындай кете­йік, мемлекеттік қызметкер, ең алды­мен, мемлекеттің азаматы, қоғам­ның өкілі. Оның да адам ретінде, азамат ретінде діни сенім бос­тандығына құқығы бар. Сон­дықтан Дін істері агенттігі мамандарының арасында да өз қалауы мен сеніміне сәйкес ораза ұстап, намаз оқып жүргендері баршылық.

Жалпы, дін саласында ру­ханиятқа бір табан жақын жандар­дың жүруі де жазылмаған заңдылық деуге болады. Бұл белгілі бір дәрежеде тиімді де, өйткені, дін мәселесін дінді сезіне отырып шешу анағұрлым дұрыс болмақ. Тек ең бастысы – сенім ерекшелігін қызмет барысына араластырмау, себебі, Агенттік мамандары – мемлекеттік дін саясатын жүзеге асырушылар, олар бірінші кезекте діни бірлестіктер мен дінге сенушілердің дінге көзқарасына қарамастан заң алдында теңдігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әрине, діни құлшылықтарын, яғни намазды заңмен белгіленген орындарда қызмет барысына кедергі келтірмейтін жағдайда орындай алады.

– «Қазақстан қоғамы руха­нилыққа ерекше жақын», деп атап өттіңіз. Осы орайда зайырлы мемлекеттегі руханилықтың орнын қалай бағалар едіңіз?

– Баршамызға белгілі, Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында ел бола­ша­ғының іргетасын қалаған бас­ты құндылықтар қатарында зайырлы қоғам және жоғары руханиятты атап көрсеткен болатын. Бұл аталған құндылықтардың ажырағысыз байланыста екенін қалтқысыз пайымдаудан туындаған тұжырым болып табылады.

Ерекше назар аударатын жайт – жоғарыда айтылғандай, зайырлылық дегеніміз дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемле­кеттің діни емес, құқықтық қағидат­тармен басқарылуы, мемлекеттің дінге деген ұстаны­мының демократиялық, құқықтық сипатта болуы және діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі.

Зайырлылық түсінігінің ауқы­мы кең. Конституциялық негіз­дегі «зайырлы» ұғымы мемле­кеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азамат­тардың ар-ұждан бостан­дығын қам­тамасыз ететінін, дін мен мем­­­лекеттік саясатты араластыр­­май­тынын білдіреді. Қазіргі заман­ғы зайырлылық, ең алдымен, гу­ма­нистік құндылықтарды, соның ішінде, адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруын қамтиды.

Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар, атеистік, секуляристік идеологияның немесе басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдение­тіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Зай­ыр­лы мемлекет, сонымен қатар, азаматтық қоғам­ның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады.

Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Сондықтан, зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделеді. Ал зайырлы мемлекет заңдылық пен құқықты негізге алады. Соның нәтижесінде біздің зайыр­лылы­ғымыз – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғырына айналып отыр.

– Ал руханилықты, соның ішінде жоғары руханият ұғымын дінмен қаншалықты байланыстыруға болар еді?

– Жоғары руханият ұғымының да дін саласына тікелей қатысы бар. Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз – исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды.

Аталған рухани құндылықтарды тарихи дәуірлерде халқымыздың бойындағы шығар­машылық қабі­лет, өнерпаздық, ізден­­гіштік қа­сиеттер толықтырды. Өнердің сан саласы – сөз өнері, саз өнері, қол өнері, сәулет өнері туған топырағымызда өркендей дамыды. Далалық дүниетанымның сан-ғасырлық сүзгісінен өтіп, мәңгілік құндылықтарға негізделген дана дәстүрлер қалыптасты. Ұлты­мыздың ұлы тұлғалары дүние­жүзілік ғылымға өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, соңғы жүзжыл­дықтар қазақ ғылымы мен мәде­ниетін қарыштап дамытты. Ал тәуел­сіздіктен кейінгі кезең өрке­­ниетті дамуға даңғыл жол ашты. Бұл жетіс­тіктер ұлт дүниета­нымында орныққан рухани құн­дылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің жоғары руханиятымызды құрады.

– Осы орайда, бір ритори­­­ка­лық сауал тіл ұшына оралып тұр. Қоғам тұрақтылы­ғын сақтау үшін зайырлы­лық­­­ты күшейту қажет пе, әлде дінді ме? Дін саласындағы ақпараттық-ағартушылық жұ­мыстар соның қайсысына жатады?

– Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды. Оның екі үдеріске бірдей сұранысы бар. Зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекет сипаты болып табылады. Оның насихатталуы мен нығаюы қоғам тұрақтылығына сөзсіз игі әсер етеді.

Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес. Зай­ырлылық қанша күшейтілсе де, діни қызмет өз арнасымен жалғаса береді. Діни қызметпен санаспауға болмайды, жай ғана санасу емес, оның сапасы мен нәтижесін жіті назарға алып отырған жөн. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту – дінді күшейту емес, діни қызметті назарда ұстауды күшейту деп ұғынылғаны абзал.

Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн…

– Сөзіңіз аузыңызда, діннің жасампаз құндылықтары мен рухани әлеуеті туралы ойыңызды тарата айтсаңыз, оның оқырманға да ой салатыны анық.

– Көзі ашық, көкірегі ояу оқыр­манның бәріне белгілі жайт – шынайы дін жасампаз құн­ды­лықтарымен танылады, тамыр жаяды. Исламдағы адамгершілік, өзара құрмет, татулық пен бірлік, адал еңбек, әділеттілік, теңдік, ақыл-парасат, ғылым-білім секілді қастерлі құнды­лықтар әлемдік діндердің барлығына ортақ. Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген де осы құндылықтардың салтанат құруы болатын.

Құндылықтар кешені бір-бірі­мен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға жүгінейік. Дін құн­дылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұрат­тарға жетелейді. Себебі, тыныш­тық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да, исламда: «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады.

Осы жерде бір жайтқа ерекше тоқталған жөн. Исламдағы «ғибадат» ұғымы бес парызды орындаумен шектелмейді. Әрбір ізгі іс, жақсы сөз, дұрыс ниет, абзал дұға, көркем мінезді болу, ғылым-білім үйрену және үйрету, адал еңбек ету, елге пайдаңды тигізу, отанға қызмет ету, жамандықтан тыйылу, жақсылыққа жан салу – бәрі-бәрі ғибадаттың түрлерінен саналады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өркениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады. Осыны дұрыс ескермей, діннің тек формалық жағына мән беріп, мазмұнын назардан тыс қалдыру – дін туралы ұғымды шектеу, дін институтының аясын тарылту, оның өміршеңдігін, икемділігін қолдан құлдырату болып шығады. Сондықтан діннің рухани құндылықтары мен әлеуетін дұрыс бағалап, жете насихаттасақ, қоғамның рухани деңгейі де көтеріледі, зайырлылығымыз да өміршең бола түседі.

– Әңгімені соңғы кездері жиі көтеріле бастаған дін мен дәстүр бірлігі тақырыбына ойыстырсақ. Зайырлы мемлекет үшін бұл тақырып несі­мен маңызды?

– Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.

Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі фактор­лардың бірі. Бұл факторға Қазақ­стан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзіміз­бен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ел тұтасты­ғын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде.

Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалып­тасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға ұмтылады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.

– Демек, дәстүрлі құнды­лықтарды жаңғырту радикалды идеологияның алдын алуға септеседі деуге негіз бар ғой?

– Әрине. Баршаға белгілі, елімізде діни радикализмнің алдын алудың дәстүрлі әдістері тиісті деңгейде қолданылуда. Ал осы күрестегі маңызды тетіктердің бірі – дін мен дәстүр үнқатысуы және оның жемісі болып табылатын рухани құндылықтар әлеуеті әзірге толық игерілген жоқ.

Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреп, рухани жұтаңданудың күшеюі, діни сауаттың төмендігі радикалды идеологияның таралуына түрткі болатын басты факторға айналуда. Басқа халықтарға тән дүниетанымды қазаққа таңу арқылы ұлттық дәстүрлерге деген көзқарасты өзгерту, оның даналық ғибраты мен даралық сипатын жоққа шығару, жат дүниетанымның көшірмесі етіп көрсету радикалды идеология өкілдерінің негізгі құралы болып отыр. Осындай әрекеттер арқылы ұлттың рухани-мәдени қорғаныс қабілетін әлсіретіп, қолдан жасалған құндылықтарды орнықтыруға талпыныс жасалуда.

Радикалды ағымдардың бас­ты шабуылы дін мен дәстүр бірлігіне, сол бірліктен туындаған дәстүрлі рухани құндылықтарға бағытталып отыр. Сондықтан, радикалды идеологияның алдын алу жұмыстарының ең бел­сендісі әрі ықпалдысы дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ. Бұл орайда ұлт бойын­дағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білу­дің маңызы зор. Жан тазалығына, ар таза­лығы­на негізделген, сыртқы көрініс­тегі емес, жүректегі иманды қа­сиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қоюға болады.

– Соңғы кездері қоғамда «дәстүрлі ислам» ұғымы жиі қолданыла бастады. Базбіреулер бұл ұғымның дұрыстығына күмәнмен қарайды. Сіз қалай ойлайсыз?

– Әрине, таза ұғымдық тұр­ғыдан алғанда, «дәстүрлі ислам» деген қолданыс тосындау естілуі мүмкін. «Ислам – бір ғана ислам, оның «дәстүрлі», «дәстүрлі емесі» бола ма?» деген сауалдар қойылып жатады.

Бірақ бір нәрсені ескергеніміз жөн: ұғымды жасайтын, қолд­а­натын, оның мағынасын кеңейтетін немесе тарылтатын өзіміз. Әрбір қоғамның сұранысына орай жаңа ұғымдар туындап, бұрыннан бар ұғымдардың қолданыс аясы кеңеюі немесе тарылуы мүмкін. Мысалы, күні кешеге дейін «миссионер» деген ұғымды біздер тек батыстан келген христиан дінін таратушыларға ғана қолданып келдік. Ал қазір бұл ұғымның аясы кеңіді. Өйткені, дінді насихаттаушы, таратушы тұлғалардың қызмет ерекшелігінің ұқсастығына орай оларды бір атаумен біріктіру және соның аясында барлық құқықтары мен міндеткерліктерін белгілеу қажеттілігі туындады. Сондықтан қазір «миссионер» сөзі әмбебап әрі заңдық ұғымға айналып, оған қатысты заңнамалық құжаттар қалыптасты.

Сол секілді «дәстүрлі ислам» ұғымы да бүгінгі қоғамның қажеттілігіне орай туын­даған қолданыс болып табылады. Ислам негіздеріне қатысты діни сенім барлық жерде бірдей болғанымен, діни таным исламды қабылдаған әрбір ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен ұштаса отырып, түрліше қалыптасады. Дін мен дәстүрдің кірігуі нәтижесінде исламның жергілікті өмір сүру формасы пайда болады. Ғалымдар оны «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы», «қазақ мұсылмандық мәдениеті» секілді түрліше ұғымдармен атауда. Осы ерекшелікті нақты бір атаумен белгілеу үшін соңғы жылдары «дәс­түрлі ислам» деген жинақы әрі біртекті ұғым қолданысқа ене бас­тады. Яғни, бұл «дәстүрмен астаса отырып қалыптасқан, дәстүрлі арнада дамыған, шетін көзқарастарды қабылдамайтын шынайы ислам» деген ұғымды білдіреді.

– Жауабыңыз өте ұғынықты шықты. Соңғы сауал: барша діндерге ортақ рухани аңсар-мұрат ретінде нені айтар едіңіз? Жалпы, ел болып еңсерер қандай қажетті қадамдар бар?

– Адамзат қоғамы өзінің бүкіл даму бары­сында рухани кемелденуді мақсат тұтты. Сондықтан, «кемел адам» идеалы барлық қоғам­ға, барлық дінге тән. Өйткені, руха­ни тұр­ғыдан кемелденген адам дін тұрғысы­нан алсақ, күнәдан, заң тұрғысынан алсақ, қыл­мыстан аулақ болады, ол ең ізгі адамгер­ші­лік мұ­рат­тарды көздейді, адамзат қоғамы­ның ортақ игі­лігіне, жоғары руханиятқа қызмет етеді.

Осы орайда мен діни бірлес­тіктерді барлық діндерге, ұлттарға, жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды жан-жақты насихаттауға шақырар едім. Сонымен қатар, «Заманына қарай – амалы» демекші, әрбір уағыз-насихатты, ақыл-кеңесті бүгінгі қоғамның ерекшеліктерін, даму деңгейін ескере отырып жеткізу қажеттігін айрықша назарға алған жөн. «Дінде осылай, соны істе­месең болмайды» деген үзілді-кесілді тыйымдар бір жағынан пікір қайшылығына, көзқарастар қақтығысына итермелесе, екінші жағынан, діннен алыстатады. Бүгінгі қоғамның деңгейін, талабын, сұранысын еске­ріп, діннің формалық жағымен қатар, маз­­­мұндық жағына да баса мән беретін кез жетті.

Отбасы институты тұрғысынан алғанда, өскелең буынның рухани тәрбиесі әйел-аналарға тәуел­ді. Дәстүрлі рухани құнды­лық­тарды қашанда ұрпақтан ұрпаққа әйел-аналар жеткізіп отырған. Сондықтан да, атамыз қазақ: «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле», деген ұлағатты сөз қалдырған. Бүгін де әйел-аналар тәрбие ісінің алдыңғы сапында. Әркім өз отбасының тәрбиесін түзеп, ғасырлар сынынан өткен ата дәстүрді, қастерлі құндылықтарды ұрпағына сіңіре білсе, бүкіл қоғамның тәрбиесі түзелмек.

Ал бүгінгі жастар алдында айтары бар аға буын, берері мол қазыналы қарттары бар бақытты ұрпақ екенін сезініп, кешегі «елім» деп еңіреп өткен ұлт зиялылары қалдырған мол мұрадан тәлім ала білсе, рухани ізденістерінде ұлттық бағдардан жаңылмас еді.

– Тобықтай түйініңіз.

– Біз сеніммен айта алатын бір нәрсе бар – елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен мемлекеттің дін саласындағы салиқалы саясатының жемісі. Осы жетістікті тұғырландырып, мызғымастай берік етуді ұлы мақсатқа айналдыра білсек, өткеннің алдындағы қарызымыз бен келешек алдындағы парызымыз сол мақсатты жүзеге асыру арқылы орындалмақ.

– Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Самат МҰСА

 

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы

.
Яндекс.Метрика