ДІНИ САУАТСЫЗДЫҚ МӘСЕЛЕСІ

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін әрбір азаматтың діни наным-сенім бостандығына зор мүмкіндік туды. Осы кезде Қазақстан территориясында дәстүрлі діни бірлестіктердің күшеюімен қатар, Қазақстан үшін беймәлім жаңа «дәстүрлі емес» ұйымдар мен ағымдар да белең ала бастады. Соның ішінде айрандай ұйып отырған елдің ертеңін бұзатын қауіпті радикалды Ислам ұйымдары мен ағымдары болды. Атап айтар болсақ «Хизб ут-Тахрир», «Таблиғ Жамағат» ұйымдары, «Уахабия» және «Сәләфизм» ағымдары. 

Қазақстан территориясында аталған ағымдардың таралуының бірнеше себептері бар. Ең әуелгісі 70 жылдық Кеңес үкіметінің Қазақ халқына қатысты жүргізген солақай саясаты. Кеңес үкіметінің төңірегінде дінді білер молдалар, ағартушылар және оқыған сауаттыларды жаппай қуғын сүргінге ұшыратып, көбісін халық атандырып, өлім жазасына кесті. Кеңес үкіметі қазақ зиялыларын жаппай қыру арқылы қазақ халқының рухани өмірінің құлдырауына едәуір нұқсан келтірді.

Келесі екінші себеп, Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін көптеген қазақ жастары алыс жақын Египет, Сауд Арабия, Пәкістан, Түркия секілді ислам елдеріне барып, діни сауаттарын ашты. Сол жастардың арасында дәстүрлі исламды оқып келгендермен қатар, Қазақстан үшін беймәлім, мыңжылдық тарихы бар діни дәстүріміз бен мәдениетімізге кереғар ислам ағымдарын насихаттады. Сол ағымның өкілдері ниеті таза халқымыздың санасын улады. Бейбітшілікке шақыратын Ислам дінінің атына қара күйе жақты. Ислам құндылықтары мен мәдениетін әрі қойып, жастарды тек қатыгездік пен мәдениетсіздікке үгіттеді.

Үшінші себеп, мемлекеттік деңгейдегі діни мәселелер. Яғни, Қазақстан қиын-қыстау уақытта тығырықтан шығу көздерін іздеп, нарықтық экономикаға негізделген саясатты ұстанды. Осы аралықта ислам ағымдарымен қатар, көптеген дәстүрлі емес христиан ағымдары күннен-күнге көбейіп, белсенді түрде таралды. Өкінішке орай, сол уақытта бүлік туғызатын ағымдарды уақытылы алдын алатын өзіміздің діни мәдениетіміз бен дәстүрімізді бойына сіңірген, діни сауаты мол ақсақалдарымыз бен ағаларымыз болмады. 

Аталған мәселелерді ескере отырып, мемлекет тарапынан діни сауаттылықты арттыру бойынша шаралар қолданыла бастады. Атап айтар болсақ Ұлттық жоғарғы оқу орындарында «Дінтану» мамандығы енгізілді. Жас балаларымызды дәстүрлі ислам дініне сай оқытатын республика бойынша 9 медресе қызмет ете бастады. Алматы қаласында «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды. Бір сөзбен айтқанда жастарымыздың діни сауатын ашу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, еңсесін көтерген еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі шақырылды. ҚР Дін істері агенттігі мен Мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен көптеген дінге қатысты халықаралық конференциялар өткізілуде. Осындай іс-шаралар арқылы Қазақстанда орын алған дінаралық және ұлтаралық келісімді халықаралық аренада паш етіп, елімізді жақсы қырынан көрсете білдік.

Өкінішке орай, діни сауатының, мәдениетінің таяздығы салдарынан  жат ағымдардың арбауына кеткен қара көздеріміз саны азаймай отыр. Жан түршігерлік неше түрлі қылықтар шығарып, елімізді қаралауда. Мысалы: Ақтөбе, Тараз қалаларында болған жарылыстар мен Сирия еліне аттанған қандастарымыз.

Бұл оқиғалардан кейін, Қазақстандағы діни сананың әлі де толыққанды қалыптаспағандығын байқауға болады. Яғни, діни саясатты жүргізетін білікті дінтанушы (исламтанушы) мамандарымыздың жетіспейтіндігі, сондай-ақ, саны көп сапасы жоқ дінтанушылар санының артуы айдан анық болды. Оның негізгі белгісі ретінде дінтану кафедрасы оқытушыларының басым бөлігі діннің кейбір аспектілерін жете меңгермеген пәлсапашылар мен мәдениеттанушылардан тұратындығын атап айтсақ болады. 

Аталған мәселелерді ескере отырып, дін саласындағы білім беруді белгілі бір жүйеге келтіру керек. Халықаралық деңгейдегі дәстүрлі ислам дінін үгіттеп жүрген білікті мамандарды елімізге тартып, оларға жағдай жасау қажет.  Бұндай шаралар халықтың діни санасының қалыптасуына  белгілі бір дәрежеде өз үлесін қосатыны анық.

Еліміздің дін саласында атқарылып жатқан жұмыстар көп, дегенмен,  әлі де өз кезегін күтіп, кенжелеп тұрған тұстары аз емес. Еліміздің келешегі жарқын, мәдениеті жоғары ел болатынына сенемін.

Әбдіманапов Зейнолла Сайфидинұлы, «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» РММ, Талдау жұмысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы 

E-islam.kz

.
Яндекс.Метрика