Қауіп қайдан демеңіз...

Қазақстан сотының такфиризмге қарсы батыл шешім қабылдауына,алыс-жақын шет елдерде орын алып жатқан қан­дауыр оқиғалардыңәсер еткені белгіліӘйтсе де, биліктің тәкпіршілдікке қарсы бір байламға келуі, мемлекетіміз үшін дұрыс шешім болды.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымын экстремистік топ деп танып, еліміздің аумағында оның қызметіне тыйым салу жөнінде шешімі шыққаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары тәкпіршілдік идеологиясының қауіптілігі хақында оқтын-оқтын дабыл қаға бастады.

Қазақстан сотының такфиризмге қарсы батыл шешім қабылдауына, алыс-жақын шет елдерде орын алып жатқан қандауыр оқиғалардың әсер еткені белгілі. Әйтсе де, биліктің тәкпіршілдікке қарсы бір байламға келуі, мемлекетіміз үшін дұрыс шешім болды. 

Сонымен, тәкпіршілдік идеологиясы бізге несімен қауіпті?

Біріншіден, «Ат-такфир уаль-хиджра» экстремистік ұйымының әлемдегі саяси жүйелерді тек дарул-ислам (ислам нормаларына не­гізделген мемлекет) және дарул-һарб (ислам құндылықтарын өз территориясында насихатталуына немесе ғұрыптарының орындалуына тыйым салатын мемлекет) деп бөліп, оның ішінде секуляритивті елдерді кәпірстан санауы, зайырлы Қазақстан мемлекеті үшін аса қауіпті құбылыс. «Ат-такфир уаль-хиджра» экстремистік тобы: «Алланың заңына ғана мойынсұнуымыз керек. Зайырлы қоғамдағы адам шығарған заңдарға мойынсұну күпірлік» деп біледі. Олардың бұл ұстанымы дәстүрлі Ханафи мәзһабының негіздеріне қайшы. Сонымен бірге, «Ат-такфир уаль-хиджра» экстремистік тобы бұл ұстанымымен Қазақстанның лигитимді билігіне қарсы радикалды өз жақтастарын төңкеріс жасауға үгіттейді деген сөз. 

Екіншіден, ислам дініне ең қолайлы саяси жүйе дарул-ислам болғанымен, зайырлы мемлекеттерде мұсылмандардың ақыреттік бақыты қамтамасыз етілмейді деген сөз емес. Рас, дарул-ислам саяси жүйесі мұсылмандардың екі дүниедегі бақытын қамтамасыз етуді қолға алады. Дарул-ислам жүйесінде азаматтар жұмақтағы мәңгі бақытпен қауышуы үшін қоғамдық қатынасты реттеуші жалпы құқықтық нормалар діни нормалармен бекітіледі. 

Ал зайырлы мемлекеттер өз азаматтарын тек бұл дүниедегі бақытпен қамтамасыз етуді көздейді. Бірақ, бұл зайырлылық жүйе діни еркіндікке қол сұқты дегенді білдірмейді. Зайырлы мемлекетте тылсым әлемдегі бақытқа (жұмаққа) қол жеткізу мәселесі азаматтардың ар-ұждан бостандығына қалдырады. 

Бұл туралы ҚР Конституциясының 19-бабының 1-тармағында «Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» және ҚР Конституциясының 20-бабының 1-2 тармақтарында «Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар», «Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет ал­дындағы мiндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиiс» деген нормалар қарастырылған. Яғни, «Ат-такфир уаль-хиджра» экстремистік тобының бір кеңістікте өмір сүріп жатқан адамдардың өзара мәмiлесінің негізінде құрылған дүниеуи (светский) мемлекеттің заңдарын «ақыреттегі жұмақты мақсат етпейді» деп мансұқтауы мүлде жөнсіз. 

Сондай-ақ зайырлы мемлекетті жоққа шығарып отырып, ол жерден хиджра (көшіп кету) жасауға үгіттеуі де қисынсыз. Себебі, дәстүрлі ислам канондық негіздері мұсылмандық ритуалдардың орындалуына мүлде рұқсат бермейтін мемлекеттен ғана көшіп кетуге шақырады. 

Ал Қазақстан Республикасының заңдарында діни ғұрыптардың орындалуына тыйым салатын бірде-бір құқықтық норма жоқ. Демек, «Ат-такфир уаль-хиджра» экстремистік тобының мұсылмандарды хиджра жасауға шақыруы – Қазақстан мемлекетіне ашықтан-ашық жасалып отырған қаскөйлік деп білеміз.  

Үшіншіден, ислам дінінде негізсіз ешкімді кәпірге шығаруға болмайды. Хз. Әли бір соғыста қылыш мойнына тақалған шақта тілін кәлимаға келтірген дұшпанын өлтіріп жібергенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Оның жүрегінде не бар екенін сен қайдан білесің?» деп Хз. Әлиге қатты кейіген болатын. Сондай-ақ, Хақ елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім біреуге «кәпір» деп жала жапса, жала жапқаны үшін өзі кәпір болады» деп мұсылмандарды күпірлік мәселесіне аса ыждағатты болуға шақырған. 

Жалпы, қазақ халқының дәстүрлі Матуруди ақидасы бойынша иман мен амал бөлек-бөлек ұғым саналады. Яғни, кімде-кім аузымен кәлиманы айтып, Алла тағаланың бір, Мұхаммедтің – Хақ елшісі (с.а.у) екенін жүрегімен мойындаса, ол адам момын мұсылман болып есептеледі. Одан кейін ары қарай ислам ғұрыптарын орындамаса, тек күнәһар саналады. «Ат-такфир уаль-хиджра» экстремистік тобы иман мен амалды біртұтас деп біледі. 

Осы себептен де олардың доктринасында ислами амалды (намаз, ораза, қажылық т.б ритуалдар) орындамаған кез келген адам кәпір болып есептеледі. Яғни, «Ат-такфир уаль-хиджра» экстремистік тобының бұл идеологиясын Қазақ қоғамының діни тұтастығына сына қағу деп білеміз. 

«Ат-такфир уаль-хиджра» жамағаты саяси тұрғыдан алғанда зайырлы мемлекеттің құндылықтарын жоққа шығарады. Заманауи Қазақстан мемлекетінде діни рәсімдерді орындауға рұқсат бермейді деп арандатып, ел азаматтарын өзге мемлекеттерге көшуге (хиджра) үгіттейді. 

Өздеріне қосылмаған дербес пікірі бар азаматтарды кәпірге шығарып, дәстүрлі Матуруди доктринасына жат идеологияны насихаттайды. Осы себептен де бұл діни ағымның қызметіне қазақ соты қатаң тыйым салып отыр.

Мұхан ИСАХАН

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығыТалдау бөлімініңбастығы

.
Яндекс.Метрика