Әріптестердің дидарлы сұхбаты

Бүгін қыркүйектің 19 күні ҚР Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығында Қарағанды қаласының Е.А.Бүкетов атындағы мемлекеттік университеті мен Орталықтың ұйымдастыруымен «Дін және жастар» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Қарағанды университетінің дінтану мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер мен магистранттар қатысты.

Кездесуде Орталық директоры А. Әбуов пен директор орынбасары Қ. Қалилаханова, болашақ дінтанушы-магистр А. Немов еліміздегі діни ахуалға арналған баяндама оқыды.

Өз сөзінде Орталық директоры елде қалыптасқан дінаралық келісімді сақтау мен бүгінгі таңда көрініс тауып отырған лаңкестік оқиғаларының алдын алу, халықтың діни сауаттылық деңгейін көтеру жұмыстарында жан-жақты білім алған білікті дінтанушылар қажеттігін баса айтып, сутдент-жастарды сапалы білім жинақтауға, елдегі және шет елдердегі діни ахуалға жіті назар аударып, ой елегінен өткізіп отыруға шақырды.

Дөңгелек үстелге қатысушы студенттер де елдегі діни ахуал бойынша, әсіресе лаңкестік әрекеттерге алаңдаулы екендіктерімен бөлісіп, Орталық қызметкерлеріне өз сауалдарын жолдап, мазмұнды жауаптар алды.

Сондай-ақ, өткен жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң, еліміздегі дәстүрлі ислам мен православиенің псевдодіни ағымдарға қарсы күрестегі рөлі, қоғамдық орындарда, білім беру мекемелерінде діни киім киюге қатысты да екі жақты пікір алмасулар жүзеге асты.

Болашақ мамандар үшін маңызды кездесу Орталықтың бөлімдері мен Бейбішілік және келісім сарайын аралаумен аяқталды.

.
Яндекс.Метрика