«Еуразиядағы жаңа діни ағымдар»

2010 жылғы 8-9 сәуірде Қарағанды қаласында «Еуразиядағы жаңа діни ағымдар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конферениця болып өтті.

Конференцияны ұйымдастырушылар – Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, ҚР Мәдениет министрлігі және Е.А. Бүкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің философия және мәдениет теориясы кафедрасы.

Атаудың таңдалуы, конференция проблематикасы және тақырыбы, мұның бәрі соңғы онжылдықтарда посткеңестік кеңістікте, оның ішінде Қазақстанда белсенді таралып жатқан жаңа діни ағымдар құбылыстарына ғылыми талдау беру қажеттілігінен туындаған. Аталмыш феноменге қоғам қатынасы әрқилы.

Конференция жұмысына мемлекеттік органдар, діни және қоғамдық ұйымдар өкілдері, ғалымдар, ЖОО оқытушылары қатысты.

Ғылыми форумның негізгі түйіні посткеңестік кеңістіктегі жаңа діни ағымдардың пайда болуына түрткі болған факторларды талқылау болды. Шараның бағдарламасына Қазақстан, Ресей, Украина мен Белоруссия атынан барлығы 60-тан аса баяндама тіркелді. Конференцияға, жалпы оқылған баяндамаларға деген қызығушылық жаңа діни ағымдар мәселесінің посткеңестік ғылыми қауымдастықтың үлкен бөлігі үшін аса өзекті екенін көрсетті.

Конференция қатысушылары «жаңа діни ағымдар» құбылысына ғылыми талдау беріп, оның алғышарттарын ашып, таралу кеңістігін анықтау, сондай-ақ, олардың пайда болу белгілеріне болжам жасау қажет деген тұжырым жасады.

Бұдан бөлек, олар қоғамдағы шындыққа айналған осынау құбылысқа байланысты ТМД елдерінде нақты заңнамалар жүзеге асуы керек дегенді алға тартты.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры А.П. Әбуов жиналғандарға МДХО қызметкерлері мен академик Ғарифолла Есім жетекшілік еткен авторлық ұжым дайындаған орта мектепке арналған «Дінтану негіздері» жаңа оқулығын ұсынды. Сонымен қатар, А.П. Әбуов ҚарМУ Философия мен мәдениет теориясы кафедрасында діни ахуалды зерттеу зертханасын ашу туралы бастама көтерді.

Шара қатысушылары мен қонақтары конференцияның жоғары дәрежеде өткенін және де бұл үшін МДХО мен Е.А. Бүкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне заманауи әлемдегі конфессияаралық кеңістік мәселелерін Еуразия құрлығындағы жаңа діни ағымдар контекстінде талқылауға мүмкіндік бергендері үшін алғыс білдірді.

 

.
Яндекс.Метрика