«Үнқатысу – құранның бір ережесі деп айтуға болады...»

«Үнқатысу – құранның бір ережесі деп айтуға болады...»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының найб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Қайрат Жолдыбайұлының Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының «Келісім әлемі» журналына берген сұхбаты.

Құрметті Қайрат Жолдыбайұлы!
Ең алдымен Сізді және мұсылман қауымын келіп жеткен Рамазан айымен құттықтаймыз! Осы айда тілеген барлық дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! 
Осыған орай, ораза және оның сауабы мен пайдасы туралы, жалпы қазақ халқының оразаны қалай ұстағаны туралы айтып берсеңіз?

– Оразаның қасиеті, пайдасы мен сауабы жайлы көптеген жерде айтылып та жүр. Жалпы ораза – Алла тағаланың құлдарына берген шарапаты мол, киелі айы. Оны айлардың сұлтаны, уақыттың төресі, падишасы деп жатамыз. Себебі, бұл Құран түскен ай. Осы айда сексен үш жылға тең қасиетті Қадір түні бар екенін ескерсек, бұл айдың қаншалықты қасиетті екендігін бағамдауға болар?!

Жалпы біз пендешілікпен он бір ай бойы біліп-білмей қателікке бой алдырып жатамыз, кейде артық сөйлеп қоямыз, кейде кем кетеміз, кейде тіпті сөйлемейтін жерде сөйлеп, сөйлейтін жерде үнсіз қалып қоюымыз да мүмкін. Ал енді бірде ашуға ырық беріп, сабырсыздық танытамыз. Міне, осылай күнә мен ағаттыққа жол берген, қателігі мол пендеге Алла Тағала рухани тазарсын, серпілсін деп, өзіне мейлінше жақындасын деп осындай бір қасиетті тазару айын жаратқан.

Осы айда адам баласы ішіп-жемнен мейлінше тыйылып, барынша періштеге ұқсап бағуға тырысады. Себебі, адамның қарны тоқ жүрген кезде нәпсісі де бой көтере бастайды. Нәпсі күшейіп, пендеге ырық беруі қиындай түседі. Сондықтан осы айда адам аш жүрген кезде өзінің әлсіздігін, он бір ай бойы жеп келген ырыздық-несібесінің шынайы қадірін түсінеді. Себебі адам тамақты күнделікті жей бергеннен кейін алдындағы асының дәмі кете бастайды. Ішкен суының өзін сіңіре бермейді. Менімше, осы, оразаның хикметтерінің бірі Алла тағаланың «ішпеңдер, жемеңдер» деген бұйрығын орындау үшін ішіп-жемнен тыйылған адам нығметтің шынайы иесін түсіне білгендігінде жатыр. Ол Алланың осы бұйрығына бас ие тұра ендігі жерде ол басқа біреудің дүниесіне, харам нәрсеге бөтен көзбен, қызғанышпен қарап, оған қол созуы мүмкін де емес. Міне, оразаның хикметтері дегенде осыларды тілге тиек ете аламыз.

Өзі тоқ жүрген адам аш адамның қал-жағдайына сүлесоқ қараса, бұл айда ораза ұстаған жанның жүрегінде мейірім оянып, басқалардың аштығын түсініп, жоқтықтың не екенін біледі, мұқтаж жандардың да халін мейлінше түсіне түседі. Міне, оразада осыны сезінуге бір қадам болса да мүмкіншілік бар.

Және де бұл ай жарылқау айы, айналадағы жандарға қол ұшын беру, көмектесу айы. Ауызашар ұйымдастырып, жоқшылықта, жетіспеушілікте жүрген жандарға дастархан жайып, ас беру де үлкен сауап. Бізде көбіне ауызашарды тума-туыс, ағайын-жолдас, қызметтестермен ғана бөлісіп жатады. Бұл, әрине, достықты, таныстықты арттыратын дүниелер. Десек те, біз мұқтаж жандардың да жағдайын ойлап, балалар үйі мен қарттар үйінің тұрғындарына, студенттерге арнап ауызашар берсек, өте сауапты іс болар еді.

Ал енді ертеректегі ораза тұту жайына тоқталатын болсақ, қазақ халқы үшін оразаның орны ерекше болған. Ораза айын керемет қасиеттерге толы ай деп түсініп, мейрам ретінде қарсы алған. Ақсақалдар үйді-үйге немесе ауылдың мешітіне жиналып тарауық оқып, одан кейін бірге шайларын ішіп, уағыз, хикаяларын айтып, әңгіме-дүкен құрған. Сағат болмаған кезеңде сәресіне ояту амалының бірі жарапазан болған. Жарапазан деген сөздің өзі араб тілінен «иә, рамазан» дегенді білдіреді, уақыт өте «иа» «ж-ға» айналып жарапазан болып кеткен. Ауыл адамдары бірін-бірін ауызашарға шақыратындықтан ауызашардың өзара қарым-қатынасты күшейтуге де ықпалы зор. Ал оразадан кейінгі Ораза айттың жөні тіпті бөлек. Қазақтың дастарханы айтқа екі-үш күн бұрын дайындалып, айт бойы жиылмай тұрған. Адамдар үй-үйді аралап, бір-біріне жақсы тілек тілеп, жыл бойы жіберілген ағаттықтары болса, сол кезде кешірілетін үлкен мейрам болған.

– Еліміздің діни өміріндегі елеулі оқиғаның бірі «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылуы болды. Жалпы халықты мешіттің «Әзірет Сұлтан» аталу себебі, ашылу салтанаты, сәулеті туралы ақпараттар қызықтыратындығы рас, осы жайында баяндап берсеңіз.

– Аллаға шүкір, Астана күнінде «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылуы елімізді қуанышқа кенелтті. 6 шілдеде жұма күні «Әзірет Сұлтан» мешіті халыққа есігін айқара ашып, содан бері қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетіп жатыр. «Әзірет Сұлтан» мешіті біздің 20 жылда жеткен үлкен жетістігіміз, мақтанышымыз, мұсылмандардың көкіректерін қарыс айырып қуантқан, ақ түйенің қарны жарылған ерекше оқиға деуге болады.

Мешіттің «Әзірет Сұлтан» аталуы Елбасымыздың тікелей ұсынысы болатын. Өздеріңізгі мәлім, Хожа Ахмет Яссауи бабамыздың лақап аты Әзірет Сұлтан болған. Көне дерек көздерінде бабамызды Әзірет Сұлтан деп атаған. Бұлай деудің себебі, яғни, бұл сөз тіркесінің мағынасы әзіреттердің сұлтаны деген мағынаны білдіреді. Ежелгі түркі даласында Хожа Ахмет Яссауи бабамыздың атқарылған еңбектерінің аз еместігін ескеріп, жаңа мешітке ұлы тұлғаның есімі берілді.

Мешіттің сәулеттік келбетіне келер болсақ, бұл ерекше, шығыстық та, батыстық та емес, бұл жаңа Қазақстанның жаңа үлгісі деуге болады. Көне классикалық стильдің қалыптары сақтала отырып, өзінше бір қазақылықтың да иісі көрініп тұрады. Мысалға, күмбездің ақ болуы, оның үсті ою-өрнекпен көмкерілуі бұл көп жерде кездесе бермейді. Мұнда қолданылған оюлар ерекше ойластырылып, қиюластырылған үйлесімді дүние.

Мешіт күмбезінің биіктігі 51 метр, әрбір мұнарасының биіктігі 77 метр, орталық күмбездің диаметрі 28 метр. Күмбез қазақтың қошқар мүйіз секілді керемет ою-өрнектерімен безендірілген.

Мұнда халыққа қажетті жағдайлар жасалған, 400-дей адам бір уақытта дәреттерін ала алады, 3-қабатта қызметкерлерге арналған бөлмелер де жан-жақты ойластырылған. Сауат ашу курсына арналған 5 сыныбымыз бар. Сыныптар қазіргі заман талабына сай интерактивті тақта, басқа да қажетті дүниелермен жабдықталған.

Мешітіміздің төменгі қабатында 400 адамдық мейрамхана орналасқан. Бұл барлық жабдықтары қарастырылған жоғары деңгейдегі мейрамхана.

Мешіт ашылған күннен бастап «Муслим. кз» сайты жұмыс істеп келеді. Мұнда білгір мамандарды, жақсы журналистерді шақырып отырмыз. Алғашқы күннен бастап халықты діни ағарту бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Сайтта жұма күні айтылған барлық уағыздар қойылып отыр. Оқырмандардың көкейтесті сауалдарына жауап беріп отырамыз. Танымдық мақалалар жарық көруде, әлемдік жаңалықтар мен қазақстандық жаңалықтар үнемі жаңартылып беріліп отырады. Меніңше, бұл үлкен сайт емес, портал болды. Біз оның жұмысын әлі де жоғары деңгейге көтереміз деп ойлаймыз, сондай бір мақсатымыз бар.

– Өзге діндегі адамдардың мешітке келуі, туристердің немесе Астана қонақтарының мешітке тек тамашалау үшін келуіне бола ма?

– Жалпы біздің мешітіміз сәулетімен ерекшеленетіндіктен Астана қаласына келген қонақтар турист ретінде көріп тамашалағысы келеді. Біз әрқайсысының көкірегінен итеріп, қатаң тыйым салған емеспіз. Мешіт болғаннан кейін көруге тиіс, бірақ әрине, оны көрудің өзінің ережелері бар. Мешіт Алланың үйі болғаннан кейін оның өзіне тән қадір-қасиеті болады. Ал шетелден келген қонақтардың, тіпті мешіт тәртібін білмейтін кейбір қала тұрғындарының жөнсіз киініп келіп жатқанын байқаймыз. Мен енді осы мақаланы пайдалана отырып, Алла үйіне келе жатқаннан кейін қыз-келіншектеріміз ұзын жеңді, ұзын етекті, ұзын көйлек киіп, орамал тағып келулерін сұраймын. Мешітке осылай келу өте сауапты іс болар еді. Ал енді олай келе алмай қалған жағдайда біз арнайы көк түстен халат тіктіріп қойғанбыз, соны киіп аралайды, құран оқытатындар құран оқытып қайтып жатады. Осы ережелерді сақтағандарға біздің есігіміз айқара ашық. Әрине, мешіт ашылғаннан кейінгі алғашқы екі-үш күн біз үшін қиын болды, яғни, мешітке бас сұққан жамағатта есеп болмады. Дегенмен, мұндай қиыншылықтар ұтымды ұйымдастыру жұмыстары арқылы өз шешімін тапты.

– Осы ретте «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлеріне тоқталып өтсеңіз, қанша имам қызмет етеді, олар қандай білім орындарын тамамдаған?

– Бұл жерге қызметке тартылып жатқан азаматтардың бәрі дін саласында қызмет етіп жүрген белгілі мамандар, барлығы жоғары оқу орындарын бітірген, сонымен қатар, Түркия, Арабия елдерінде оқыған мамандарды да жұмысқа тартып отырмыз. 10-нан астам дін мамандары қызмет етуде. Біздің мақсатымыз, Құдай қаласа, халыққа қалтқысыз қызмет ету, әлі кемелденіп, жетіле береміз деп ойлаймын.

– Мешітте айтылатын уағыз қандай тақырыпта өткізіледі? Арнайы бағдарлама бар ма, әлде халықтың сұрауы бойынша ма?

– Жұма уағыздарына қатысты өзім бағдарлама түзіп, қазіргі қоғамға қажет-ау деген дүниелерді беріп жатырмын. Ал мешітке түрлі жамағат келетіндіктен, әр жамағаттың пікіріне, сұранысына қарай уағыз айту мүмкін емес. Мен өзім діннің маманы болғаннан кейін халыққа, көпшілікке қандай уағыз қаншалықты қажет екеніне талдау жасап, уағыз тақырыбын бекітіп отырамын. Халыққа ұнап жатыр, жоғарыда айтылған «Муслим.кз» порталына айтылған уағыздарды видео-материал ретінде қойғанбыз, кейін мыңдаған адамдар осы уағыз видеосын көргенін байқадық. Сайтымызда ең көп көрілетін дүние де - сол жұма уағызы.

– Ораза кезінде мешіт тарапынан қандай қайырымдылық шараларын өткізу жоспарлануда немесе өткізілуде?

– Рамазан айында біз күніне 415-420 адамға тегін ауызашар ұйымдастырып отырмыз. Мешітке түскен садақа мен кәсіпкерлер көмегімен студенттерге, өзге де келген деген адамдарға тегін ауызашар беріліп келеді.

Сонымен қатар, біз қазір қарттар үйіне, балалар үйіне көмектесіп, қолымыздан келгенше қажет нәрселерін алып беріп жатырмыз. Осы ораза кезінде түскен садақадан «Әзірет Сұлтан» мешітінің атынан 100 шақты көмекке мұқтаж балаларды мектепке дайындаудамыз, оларға қажетті киім-кешек, оқу құралдарымен қамтамасыз етудеміз.

Бізге көптеп мұқтаж адамдар келіп жатады, біреуі ота жасататын едім, біреуі жолда қалып қалдым, ақшамды жоғалтып алдым деген сияқты себептермен келіп жатады. Біз оның анық-қанығына жеткеннен кейін, жағдайымыз болып жатса, міндетті түрде көмектесіп жатырмыз. Қазірдің өзінде көмек сұраған біраз хаттар жатыр, оның басым бөлігіне біз қанағаттанарлық жауап бердік.

– Исламға бет бұрып, ораза тұтып мешітке келушілердің басым бөлігі жастар деген пікір бар, осы рас па? Мұндай жағдай немен шарттандырылған?

– Қазіргі жиырма бірінші ғасыр, жаһандану дәуірі ғаламтордың мейлінше ықпал еткен дәуірі адамдардың материализм қыспағына қысылып, тығырыққа тіреліп, руханиятқа жүгірген, басқаша бір альтернативті жүйе іздеген заман деп ойлаймын, оны қазіргі ахуалдан жақсы түсінуге болады.

Сондықтан жастарымыз көптеп дінге келіп жатыр, бұл тек Қазақстанда ғана емес, бұл бүкіл әлемде солай. Бірақ Қазақстанда көбірек. Бұл енді дінге берілген еліміздегі еркіндіктің, Елбасының жүргізіп отырған саясатының нәтижесі деп ойлаймын. Жастардың еш жүрексінбей, ертен жұмыстан айырылып қаламын немесе басқа да қиыншылықтарға жолығамын деген секілді уайымға берілмей, ерікті түрде құлшылықпен айналысуына жағдай жасалып отыр.

Жастарымыз көп, ал енді орта жастағы 45-тен әрі қарайғы жастағылар саны жастарға қарағанда аздау. Оның да өзіндік себебі бар: кешегі Кеңес кезеңінің салып кеткен күдіктерінен әлі айыға алмағандығы, санасының әлі де тазармағандығының белгісі деп ойлаймын. Біразы бұрынғы үйренген әдетінен, қалыптастқан өмір жүйесінен ауытқып шыға алмай жатыр. Алайда, оларды да жоқ деп айтпаймыз, олар да келіп жатыр, олар да күннен күнге қосылып жатыр. Дегенмен жастар таза болғаннан кейін, саналары көп нәрсемен уланбағаннан кейін, ойлары озық болғаннан кейін, ғаламторды жақсы пайдаланғаннан кейін бір-біріне еріп, тіпті еліктеп, мешітке көптеп келіп жатыр.

Әрине, бұл жерде дін қызметкерлеріне көп жұмыс жүктеледі, шындығын айту керек, үлгермей де жатырмыз, мамандарымыз әлі де жетіспей жатыр. Бірақ соған қарамастан біздің жұмысымыз өте көп, себебі, бүгін көптеген ағымдар бар, интернеттің бәрі бірдей таза деп айтуға болмайды. Мұнда әртүрлі ағымдардың жұмысы қарқынды жүріп жатыр, міне, содан жастарымызды аман сақтап қалу қажет. Ол үшін біз балама түрде жұмыс істеуіміз қажет. Бұл жауапкершілікті біз сезініп отырмыз.

– Сондай-ақ, қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі исламофобия мәселесі болып отыр, қалай ойлайсыз елімізде ол бар ма? Болса қалай көрініс табады, маман ретінде, жалпы еліміздің азаматы ретінде пікіріңіз? Онымен тиімді күресу жолдары қандай?

– Исламофобия бұл – ғаламдық құбылыс. Мұны, әсіресе, батыс қолданып отыр. Себебі батыстың өзі қазір рухани дағдарысқа түсіп, өздерінің діні жамағатын қанағаттандыра алмай отыр. Құдай үйлері жексенбі күндері бос тұрады, біздегі жұмаға жиналғандай, жастардың ағылып өз дінін қос қолдап ұстануы секілді нәрсе батыста жоқ. Көптеген шіркеулер өздерінің коммуналдық қызмет ақысын төлей алмай жатса, кейбір жерлерде оның мешітке айналып жатқандары кездеседі. Сондықтан, олар халқы тығырыққа тірелгеннен кейін, материализмнің қыспағына ұшырағаннан кейін басқа бір, альтернативті нұсқа, руханияттың баламасын іздеп жүрген шақта, әрине, алдарынан ислам кездеседі. Ал осы кезде халқы жаппай исламға кіріп кетсе ол батыс үшін ұят нәрсе болып саналуы мүмкін, сондықтан дінді әртүрлі жолдармен қаралау жүріп жатыр. Оның ар жағында саяси нәрселер бар: терроризммен байланыстыру, мұсылмандардың құқықтарының тапталуы секілді әртүрлі жағдайлармен кездесіп отырмыз. Бұлардың барлығы үрейден, қорқыныштан туындаған нәрсе, халқын исламнан аман алып қалу, исламға кіріп кетпесін деген қорқыныш жатыр.

Ал бізде мұндай құбылыс жоқ, құдайға шүкір, еліміздің ұстанып отырған саясаты дұрыс. Егер бізде исламофобия болса, мұндай «Әзірет Сұлтан» мешіті секілді мешіт салынар ма еді? Оған Елбасы қолдау білдіріп, құттықтар ма еді? Зекет қоры секілді қорлар жұмыс істейтін бе еді? Имамдарымыз еркін уағыз айта алатын ба еді? Халқымыз мешітке емін-еркін келіп, мінәжатын, құлшылығын жасай алар ма еді?! Демек бізде исламофобия жоқ. Кешегі Кеңес түсінігінен әлі айыға алмай жүрген кейбір жандардың дінге қарсы бірді-екілі мақаласы жарқ ете қалуы мүмкін, бірақ бұл исламофобияны білдірмейді.

– Елдегі өзге де исламдық емес діни бірлестіктермен өзара байланыс орнатылған ба? Мысалға, мешіттің ашылуына орай өзге діни бірлестіктердің жетекшілері құттықтаулар жолдады ма?

– Мешіт ашылғанда тікелей осы мешіттің атына басқа дін өкілдерінің құттықтаулары келген жоқ, бірақ мұсылман елдерінің елшілері құттықтау жазылған арнайы хаттарын жолдады. Бірақ біз православие секілді дәстүрлі дін өкілдерінің басшыларымен тығыз қарым-қатынастамыз, арамызда ешқандай салқындық жоқ, олар да миссионерлердің жұмысына риза емес, тіпті олар христиандық бағыттағы миссионерлер болса да, олардың іс-әрекеттеріне наразы.

– Елімізде әлем елдері мойындаған дінаралық келісім мен үнқатысу үлгісі қалыптасқан. Жалпы әлемдік діндер, соның ішінде ислам дінаралық келісімге, үнқатысуға қалай шақырады, осыған орай Құранда не жазылған, хадис не дейді, мұсылман ғұламалары қалай ой толғаған?

– Үнқатысу, диалог – Құранның бір ережесі деп айтуға болады. Себебі, біз үнқатысу арқылы мұсылмандардың бейбітшілікті ұстанатындығын насихаттай аламыз. Егер үнқатысу болмаса, біз өз дініміздің жақсылығын қалай көрсете аламыз? Олар бөлек бір жазықта жүрсе, біз басқа жазықта жүрсек, арада ешқандай байланыс болмаса, олар біздің жақсы тұстарымызды қалай көре алады? Сондықтан, біздің дініміздің өзі үнқатысуға негізделген деуге болады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) істеген іс әрекеттерінен біз осыны байқаймыз: Наджиран деген христиан дінінің тайпаларын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа жерде емес мешітте қабылдайды. Оларды мешітте қонақ етеді, қондырады, олар мешіттің бір бұрышында құлшылықтарын өтейді. Сондағы мақсат мешітте болып жатқан дүниелермен таныссын, құлшылығымызды көрсін, біздің қандай үммет екенімізді білсін деген ниеттен туындаған нәрсе болатын. Міне, исламның өзі осындай бір кеңшілік берген.

Ал енді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде, Бұхариден жеткен: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларымен тұрған кезінде бір жаназа өтіп бара жатқан еді, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) аяққа тұрды, сахабалар да тұрды. Жаназа өтіп кеткеннен кейін, сахабалар айтады: Иа, Расулалла, ол мұсылман емес еврей ғой, еврейдің жаназасы ғой дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мейлі, ол адам емес пе дейді».

Міне, көрдіңіз бе, біз өзгелерді адам болғаны үшін құрметтей білуіміз керек. Өйткені, адамды Алла тағала құрметтеп жаратқан. Ал Құран Кәрімде «О, адамдар, сендерді бір жаннан жараттық, бір әйел, бір еркектен жараттық, сөйтіп сендерді бір-бірлеріңмен танысып білулерің үшін ұлт-ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік» демей ме?! Осы жерде Құрандағы «танысып білулерің» үшін деген сөз - осы үнқатысу. Хұджрат сүресі мұны анық айтып отыр. Танысып білу деген бұл үнқатысу, әртүрлі тайпаға, ру-руға бөлдім деп отыр, оның дініне қарап отырған жоқ.

Исламда үнқатысу әуелден бар, мысалға, мен өзім білім алған Мысырды алып көрсек: Мысырда әлі күнге шейін қыптилар өздерінің діндерін ұстанады, шіркеулер мешіттермен терезесі тең тұр. Олардың ешқайсысы қиратылмаған, еркін құлшылықтарын жасап жатыр. Ал енді исламның барынша үстемдік еткен дәуірінде мемлекет тарапынан негізгі ресми діні ислам болған кезеңдер болды, бірақ соның ешқайсысында христиандарға күш жұмсалып, олардың шіркеулерін қиратуға бағытталған іс әрекеттер кездеспеді. Осының өзі ислам дінінде зорлық-зомбылықтың жоқ екендігінің айқын көрінісі.

Көп адамдар сұрап жатады: «осы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің қандай пайдасы бар? Қазақстанда 4 рет өтті, ал енді қандай бір өзгеріс болды?» дейді. Мен оларға бұдан бір саяси үлкен өзгеріс, шұғыл қабылданатын шараларды күтуіміз дұрыс еместігін айтып отырамын. 
Бұрын бір-бірін жау санап, ешқашан бір үстел басында кездеспеген дін өкілдерінің, ымыраға келіп бір дастархан басында бейбітшілік, татулық, үнқатысу туралы әңгіме қозғауының өзі үлкен жетістік, бұл еш жерде кездеспеген нәрсе.

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары деп аты айтып тұрғандай, Съезге әрбір қатысушы белгілі бір діннің беделді өкілі. Әр діннің беделді өкілінің ар жағында оны тыңдайтын үлкен жамағаты тұр. Ол осы жерге келіп бейбітшілік туралы айтып жатса, бір-бірімізді сыйлайық деп жатса, еліне де барып та осыны айтады, бұдан жамағатының көзқарасы өзгереді, басқа дін адамдары бізге дұшпан емес екен, дін арқылы біздің соғысуымызға болмайды екен, ең болмаса ортақ құндылықтар, бейбітшілік тақырыбында бір-бірімізге көмектесуіміз керек екен деген пікір қалыптасады.

Міне, осы осы орайда, Елбасының бастамасымен үш жылда бір рет өтіп жатқан Съездің мән-мағынасы зор, ғаламдық құбылыс, бұл тарихта бір-ақ рет қайталанатын жағдай деп айтуға болады.

– «Келісім әлемі» журналының оқырмандарына айтар тілегіңіз.

– «Келісім әлемі» журналының оқырмандарына ораза баршаңызға мүбәрак болсын, елге, халыққа аянбай қызмет ете беріңіздер дегім келеді.

Ал басылым ұжымына қазақылығымыздың рухын көтеретін, дүниелер жариялай беріңіздер, бейбітшілікке, ынтымаққа, татулыққа шақыру бағытындағы жасап жатқан жұмыстарыңыздың орны ерекше, Сіздерге тек қана шығармашылық табыс тілеймін.

Әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан Тоқтарова Г.М., Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының ғылыми қызметкері.

 

Астана қ., 9 тамыз 2012 ж.


.
Яндекс.Метрика