Қазақ тілінің жаңа әліпбиінде қоғамдық пікір ескерілген

  Айдар ӘБУОВ, Халықаралық мәдениет және дін орталығының директоры

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, көптен күткен тарихи маңызға ие оқиға – Елбасы қазақ тілінің жаңа әліпбиі туралы Жарлығына қол қойды.

Бүкіл қоғам болып атса­лыс­қан, ел болып белсенділік та­ныт­қан жаңа әліпби нұсқасын халық жақсы қабылдады деп ой­лаймын. Олай дейтінім, бұл мәселе түрлі деңгейде талай талқыдан өтіп, мамандар мен қоғамның пікірі ес­керіліп, жетілдірілген, көңілге қонымды, қолданысқа өте ың­ғайлы нұсқа болып бекітілді. Еліміздің әрбір азаматы латын қарпіне көшу – бұл әлемдік өркениетке қол жеткізудің басты жолы екенін біліп, оған бүгіннен бастап бейімделе беруі тиіс. Латын графикасына көшу – ұлтымыз үшін жасалған маңыз­ды қадамдардың бірі. Ел тарихына көз жүгіртсек, бірінші байлық қашанда – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі ай­қын­далады. Кезінде Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін кеңінен қол­дан­­ған. Алаш ардақтысы Ахмет Бай­­тұр­­сынұлы айтып кеткендей, «Ұлт­тың сақталуына да, жо­ға­луы­­на да себеп болатын нәр­сенің ең қуат­­тысы – тілі». Сон­дық­тан ла­­­тын қарпі бізге жат дү­ние емес. Өркениетті әлем латын жазуын ертеден пайдаланғанын біле­міз. Бүгінде латын қарпі дүние жүзінің жүзден аса елдерінде қолданысқа енсе керек. Мәселен Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан елдері бұл әліпбиге әлдеқашан көшіп үлгерген. Латын қарпіне өту – орыс тілді немесе өзге тілді азамат­тары­мыздың мүддесіне қайшы емес. Керісінше, қолданыстағы орыс тілі өз қызметін жалғастыра бер­мек.

Ал мамандар латын қар­піне көшу арқылы қазақ тілін жас буынға, шетелдіктерге үйрену әлдеқайда жеңілдейтінін алға тартуда. Шартарапқа зор сілкініс ту­ғыз­ған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақа­ла­сында «Қоғамдық сана жаңғы­ру­дың негізгі қағидаларын қа­лып­­тас­тыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сына­ғына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек...», – делінген. Елбасы атап өткендей қазақ тілін латын қарпіне көшіру мә­селесінің мәні тереңде жатыр. Се­­бебі бұл жерде графика мәсе­лесі ғана емес, қоғамдық сана мен мәдениетті қайта жаңғырту мәселесі тұр.

Халқымыздың ба­сым көпшілігі қос тілді, ал соң­­ғы кездегі ағылшын тіліне де­ген сұраныстың артқанын ес­керер болсақ латын тіліне кө­шу қоғамда айтарлықтай проблема туындатпауы тиіс. Латын қарпіне көшу ар­қы­лы көш ілгері жүретіні анық. Мәселен: тілдің табиғи таза­лығы сақталып, қазақ тілін оқыту барысында артық таңба мен емлеге қатысты ережелер қысқарып, қазақ қауымы дүние­­жүзілік ғаламтор желісіне еркін ене алады. Ең бастысы, ла­тын қарпіне көшу арқылы қазақ тілі­нің мәртебесі артып, халық­­аралық деңгейге шығуына мүм­­кін­дік тумақ. Сонымен қатар ла­тын қарпін қолдана­тын түр­кі әлемімен рухани, мәдени, эко­номикалық жан-жақ­ты байла­ныс­тың артуына да мүм­кіндік зор болады деп күтілуде. Бұл ірі бастама – тәуелсіз мемлекет пен қазақ қоғамының дара таңдауы.

Еліміз бұған дайын десем артық айтпаған болармын. Жаңа қаріпке көшу үл­кен нартәуекелден туған ше­шім. Қорыта келгенде, қазақ хал­қы­ның ілгеріректе қолданған әліп­биіне қайта оралуы, ұлттық сана­мыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін.

 

https://egemen.kz/article/165301-qoghamdyq-pikir-eskerilgen

.
Яндекс.Метрика