Каир қаласында вице-министр Берика Арынның Мысырдың діни лидерлерімен бірқатар кездесулері өтті

2018 жылғы 14-15 қаңтар аралығында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Б.Арын Каир қаласында жұмыс сапарымен болып, онда Жоғарғы имам, Әл-Азһар шейхы Ахмад Ат-Тайеб, Копт православ шіркеуінің басшысы Папа Тавадрос II, Мысыр Араб Республикасының Уақыфтар министрі Мұхтар Жұма, Сыртқы істер министрінің мәдениет, дін және туризм мәселелері жөніндегі орынбасары Хеба Әл-Мараси, сондай-ақ Азия және Океания жөніндегі орынбасары Халид Саруатпен кездесті.

Кездесулер барысында діни қызметті реттеу саласында өзара тәжірибе алмасу, діни кадрлар дайындау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жолдары, соның ішінде «Нұр-Мүбарак» университетінің қызметін жетілдіру бойынша пікір алмасылып, талқыланды, сондай-ақ Мысыр тарапының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті алтыншы Съезіне қатысу мәселесі көтерілді.

 

Сонымен бірге Б.Арын Мысыр өкілдерін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жыл сайынғы Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды. Онда Мемлекет басшысы «еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім» деп атап көрсеткеніне назар аударды.

Бұған қоса Съездің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі Уәкіл ретінде Б.Арын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съез Хатшылығының басшысы Қ.К. Тоқаевтың биылғы жылдың қазан айында Астанада «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезіне қатысуға шақыру хаттарын Министр М.Жұмаға мен Папа Тавадрос II тапсырды.

Вице-министр Мысырдың дін көшбасшыларының әлемдік беделін ескере отырып, осы маңызды дінаралық форумға олардың тікелей қатысуына үміт білдірді.

Мысырдың діни қайраткерлері Қазақстан мен оның көшбасшысының дүние жүзіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде дін көшбасшыларының күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған бастамаларын жоғары бағалады, алдағы Съездің тақырыбына үлкен қызығушылық танытып, форум жұмысына қатысатындықтарын айтты.

 


.
Яндекс.Метрика