Нұрлан Ермекбаев сарапшылармен жастар құндылықтарының жүйесін талқылады

Нұрлан Ермекбаев сарапшылармен жастар құндылықтарының жүйесін талқылады

Бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сарапшылар қауымдастығымен кездесті.

Іс-шараға «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, «Қоғамдық пікір» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ботагөз Ракишева, «Аспандау» ғылыми-білім беру қоры баспа үйінің директоры Радик Темірғалиев, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев, сондай-ақ, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері қатысты.  

Кездесу барысында жиналғандар қазіргі замандағы қазақстандық жастардың құндылықтар жүйесіне қатысты мәселелерді талқылады.

Министрдің айтуынша, құндылықтарды қалыптастыру  статистикалық негіз емес, ол әрдайым өзгеріп отыратын шынайы өмірге үнемі бейімделуді қажет ететін күрделі механизм болып табылады.  

«Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің негізгі басымдықтарын атап көрсетті. Олар: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы. Аталған қағидаттар жаңа қазақстандық қоғамның негізін құруы тиіс», - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.

Осыған байланысты, министр күнделікті өмірде және әр адамның өмірлік стратегиясын қалыптастыру барысында аталған құндылықтарды түсінікті және әр адамға жақынырақ жеткізу міндеті тұрғандығына  назар аударды.   

Сарапшылар жас буын өкілдерінің дәстүрлі құндылықтар жүйесіне  ақпараттық қысымның ықпал ету жағдайына байланысты жастардың  құндылықтар жүйесінде айтарлықтай өзгерістер орын алғанын атап өтті.

Кездесу соңында қатысушылар аталған тақырып бойынша зерттеулер жүргізуді және сарапшылар қауымдастығымен және жастар ұйымдарының өкілдерімен тұрақты консультациялар өткізудің  маңыздылығын атап өтті.


.
Яндекс.Метрика