Қазақстан делегациясының Түркия Республикасына сапары

2009 жылдың 15-21 желтоқсан күндері аралығында құрамына дін өкілдері, ҚР Діни істер комитеті, Әділет министрлігі және Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының өкілдері енген Қазақстан делегациясы Түркия Республикасында сапарда болды.

Қазақстанның үлкен делегациясы Түркияға «Еуразия үнқатысуы» тұғырнамасы халықаралық қоғамдық қордың шақыруымен барды. Іс шараны ұйымдастыру мақсаты дінаралық келісімнің Қазақстанда қалыптасқан тиімді үлгісін зерттеу және Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара достық қатынастарды терең нығайту.

Сапар бағдарламасының маңызды тұсы делегация мүшелерінің Түркия еліндегі діни ұйымдар қызметімен танысуы және екі елдің дін қайраткерлерінің пікір алмасуларының жүзеге асқандығында еді.

Қазақстан делегациясының құрамына Орталық директоры А.П. Әбуов пен бас ғылыми қызметкер А.М. Мұқашов, республиканың дәстүрлі конфессия өкілдері – «Нұр Астана» мештінің бас имамы – Қалижан Заңқоев, республиканың бас раввинінің орынбасары – Лифшиз Бецалел, Қарағанды қаласындағы Орыс православие шіркеуінің дін қызметшісі – Александр Угольков әкей, Рим-католиктік архиепархиясының бас викарийі – Роланд Жакенуд әкей, сонымен қатар БАҚ өкілдері енді.

Стамбулда қаланың Бас мүфтиі Мустафа Чарыджымен кездесу өтті. Қазақстан делегациясынан алғашқы сөз А.М. Мұқашов мырзаға берілді, ол Қазақстан мен Түркия елдерінің өзара әрекеттестігі, рухани-мәдени саладағы әріптестігіне тоқталды. Жекелей алғанда, А.М. Мұқашов: «Бүгінгі күні Қазақстан мен Түркия арасындағы келісімдер жоғары деңгейге жетті. Екі елдің дін жетекшілерінің ынтымақтастығы нығаюда. Жылдан жылға екі жақтың рухани қатынастары жан-жақты дамып, нығаюда. Екі елдің дін жетекшілерінің келісімдері өз нәтижелерін беруде» деп атап өтті.

«Нұр Астана» мештінің бас имамы Қалижан қажы Заңқоев Қазақстанның конфессияаралық келісімді нығайту мен біріктіру саласында өткізіп жатқан іс шаралары туралы айтып берді.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры А.П. Әбуов мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың дін саласы мен мемлекеттік-конфессиялық қатынастарда жүзеге асырып отырған саясаты туралы сөз сөйледі. Ол Қазақстан халқы рухының – бейбітсүйгіштік, қонақжайлылық, толеранттылық секілді ерекше қасиеттерін айрықша атап өтті.

Директордың Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының қызметі мен миссиясы туралы баяндамасы тыңдаушылардың қызығушылықтарын тудырды.

Содан соң, сапар бағдарламасына сәйкес, қазақстандық делегация Стамбулдағы иудейлік синагога мен католиктік шіркеуде болды. Осы кездесулерде діни орталық жетекшілері – бас раввин Исак Алева мен Патрик Юсуф Саг екі ел арасындағы достық қатынастарды сақтау мен нығайтудағы өзге дәстүрлі діндердің үлесі туралы ойларымен бөлісті.

Мардин қаласында қазақстандық делегация мен қала басшысы Хасан Дүрүлмен кездесу өтті. Содан кейін делегация өкілдері Мардин қаласының муфтиі Мехмет Кызылкаямен кездесіп, қаланың рухани болмысымен танысты.

Константинополь Православие шіркеуінің Патриархы I Варфоломеймен кездесу де маңызды оқиға болды.

Сапар бағдарламасының соңында Стамбулда түрлі дін өкілдері мен жазушыларды, ғалымдар мен журналисттерді үлкен дөңгелек үстел басында біріктірген кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесуге «Халықаралық мәдениетаралық қауымдастық» тұғырнамасының бас хатшысы Джемаль Ушак, Армян шіркеуінің өкілі Завен Бычакчы, Сакария университетінің дінтану факультетінің деканы, профессор Эли Энбаш, Мимар Синан университетінің профессоры, шоқайтанушы-ғалым Абдулвахап Кара, «Еуразия үнқатысуы» тұғырнамасының Қазақстан Республикасындағы өкілі Салих Акчай және т.б. қатысты.

Кездесу барысында «Еуразия үнқатысуы» тұғырнамасының Қазақстан Республикасындағы өкілі Салих Акчай діни төзімділікті мемлекетаралық деңгейде үнқатысудың шешуші қағидасы ретінде қарастыру мәселесін көтерді. Өз кезегінде Аманбек Мұқашұлы үстел басындағыларға Қазақстанның дінаралық келісім тәжірибесі туралы баяндады. Астана қаласының Рим-католиктік архиепархиясының өкілі Роланд Жакенуд бұл сөзді қостады. Орыс православие шіркеуінің өкілі Александр Угольков әкей әлемді сақтау мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғасырлар бойы қалыптасқан дінаралық келісім тәжірибесін дамытуға шақырды.

Шоқайтанушы-ғалым Абдулвахап Кара «Дінаралық және мәдениетаралық келісімді дамыту – қазіргі жаһандық қысымды жұмсарту жолы» атты баяндама оқыды.

Сапар бойы іс шара шеңберіндегі түрлі сұхбат алаңдарында қазіргі кездегі адамзат болмысы оның руханилығы мен өнегелілігі, сондай-ақ, қоғамның рухани гүлденуіндегі діннің рөлі мен орны туралы қызу әрі пайымды пікір алмасулар болды.

Кездесулерде түрік әріптестер Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүзеге асырып отырған конфессияаралық келісім саясатын жоғары бағалады. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездері секілді жоғары деңгейдегі форумдар бірінші рет қазақ жерінде өткізіліп отырғандығы айрықша атап өтілді.

 

Жалпы алғанда, толеранттылық пен дінаралық келісім қағидаттарына негізделген қазақстандық делегацияның Түркияға сапары мәдениеттер мен діндердің үнқатысуы адамзаттың болашаққа қадамын сақтаудың сенімді құралы екендігінің жарқын дәлелі болып табылады.

.
Яндекс.Метрика