Америкалық имам Яхья Хендидің іс-сапары

2012 жылдың 20-сыншы маусымында Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры А.П. Әбуов АҚШ Джорджтаун университетінің мұсылман дін қызметкері – Имам Яхья Хендимен кездесті. Яхья Хенди американдық университетте жұмыс істеуге шақырылған алғашқы ресми түрдегі дін қызметкер болып табылады.

Имам Джорджтаун университетімен қатар, Мэриленд университеті Құқық мектебіне қарасты Қайшылықтарды шешу орталығының ғылыми қызметкері және өзі негізін қалаған «Шекарасыз дін қызметкерлері» қоғамдық бірлестігінің Президенті болып табылады. Яхья Хенди дін мәселелеріне, исламға, соның ішінде исламдағы және гендерлік теңдіктегі әйелдердің рөліне қатысты көптеген мақалалардың авторы.

Имаммен кездесу барысында Айдар Парқұлұлы Орталықтың осыдан төрт жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен құрылғандығын ерекше атап өтіп, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының мақсат-міндеттері, бағыт-бағдары жайлы баяндап берді. Орталық қызметімен таныстыру барысында, директор дін мәселесіне байланысты ұйымдастырылған конференциялар, семиналар, дөңгелек үстелдер турасында, халықаралық ынтымақтастық саласындағы әрекеттестік және Орталық қызметкерлері жайлы қысқаша мағлұмат берді.

Сонымен қатар, А.П. Әбуов Қазақстанның конфессияаралық келісім тәжірибесіне жеке тоқталып, үстіміздегі жылдың 30-31 мамыр аралығында болып өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі турасында ой бөлісті. IV Съезге АҚШ тарапынан Халықаралық бейбітшлік институтының Президенті – Терие Род-Ларсен; «Intersections International» дінаралық диалог мәселелері жөніндегі діни, үкметтік емес ұйымның атқарушы директоры – Роберт Чейз; Нью-Йорктегі Аль-Фара мешітінің имамы, Мұсылман дамуы американдық қоғамы мен «Кордова Инициативасы» ұйымының лидері – Фейсал Абдул Рауф; «Мұсылман дамуы американдық қоғамы» орталығының атқарушы директоры – Дейзи Фархат Хан; Американың христиандық шіркеулер одағының президенті – Отец Леонид Кишковский; «Діндер бейбітшілікті қолдайды» Бүкіләлемдік конференциясының Бас хатшысы – Уильям Вендли; ЕҚЫҰ-ның қазіргі Төрағасының антисемитизммен күрес бойынша жеке өкілі – Раввин Эндрю Бейкер сынды тұлғалардың қатысқанын айта келе, директор АҚШ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың инициативасына қолдау білдіргендігін ризашылықпен атап өтті.

Имам Хенди өз кезегінде Қазақстан тарапынан этносаралық және конфесссияаралық келісім бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығы жайлы ой түйді.

Имам Америкадағы діни жағдайды сипаттай отырып, елдегі мұсылмандардың жағдайына жеке тоқталды. Америкадағы мұсылмандар афроамерикандықтар мен иммигранттардан тұратындығын, Америкада 5000 жуық мешіттер және ғибадат ету орындары бар екенін пайымдай отырып, имам өз еліндегі ислам дінінің дамуына оң баға берді.

Яхья Хенди 2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте болған лаңкестік оқиғасын еске ала отырып, қазіргі экстремизм және терроризм мәселелері, террористік ұйымдар, олармен ақпараттық күрес жүргізу қажеттігі жайлы пікір білдірді.

Одан өзге, Имам Яхья Хенди өзі басқарып отырған «Шекарасыз дін қызметкерлері» қоғамдық бірлестігінің қызметі мен жоспарлары жайлы ой бөлісті.

Шығыс пен Батыстың ойшылдары мен діни қайраткерлері, қазіргі уақытта өткізіліп жатқан халықаралық форумдар жайлы пікір алмасқан руханият саласының діни және зайырлы қызметкері бейбітшілік пен келісім адамзатқа ортақ құндылық екеніне тағы бір көз жеткізіп қол алысып, қоштасты.

 

Кездесуге Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігі тарапынан Мәдениет жөніндегі атташенің көмекшісі Мэрэн Пейн-Холмс ханым да қатысты.

.
Яндекс.Метрика